Республика күніне орай Павлодар қаласының №24 мектебінде жаңа спорт алаңы ашылды. Енді мектеп оқушылары мен жақын маңдағы шағын аудандардың жас жеткіншектері жаңа футбол, баскетбол, волейбол және теннис алаңдарында спортпен шұғылдана алады.
Жаңартылған спорт алаңының салтанатты ашылуына қатысқан Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева шараға қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, №24 мектептің қашанда жақсы нәтижелермен ерекшеленетінін атап өтті.
— Биыл бірнеше мектептің спорт алаңы жаңартылды. Бұл алаңдар балаларға әртүрлі спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі өскелең ұрпақ үшін, бұқаралық спортты дамыту үшін жасалып отыр. Президент атап өткендей, елімізде балалар үшін барынша жағдай жасалуы тиіс. Спорт алаңдары жаңартылған мектептердің маңында орналасқан үйлердің тұрғындары да мұнда спортпен шұғылдана алады. Балаларымызды спортқа баулып, биік жеңістерге жетуге ынталандыру үшін осындай алаңдарды қайта құру маңызды, — деді Светлана Гладышева. Спорт алаңының ашылу салтанатына еркін күрестен облыстың тұңғыш КСРО спорт шебері, республикалық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы, ҚазССР-нің республикалық санаттағы төрешісі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа мүшесі, облыстың грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Павлодар қалалық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Аймағамбетов қатысты. Жаңа нысанның тұсауын кесу рәсімін жүргізу Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева, ардагер спортшы Амантай Аймағамбетов және №24 мектептің 9-сынып оқушысы, тоғызқұмалақ ұлттық ойынының шебері Сымбат Жүсіпбайға бұйырды. №24 мектептің спорт алаңын жаңарту мақсатында өткен жылы облыстық бюджеттен футбол алаңы, волейбол мен баскетбол ойнауға арналған алаңды, теннис кортын және шағын сәулет нысандарын орнатуға 260 миллион теңге қаражат бөлінген. Спорт алаңының құрылысын «Азамат құрылыс» ЖШС жүзеге асырған. Cпорт алаңының өлшемі — 30*60 метр, ауданы 1800 шаршы метр футбол алаңы, ауданы 510 шаршы метр баскетбол алаңы, ауданы 669 шаршы метр волейбол-теннис алаңы, 108 метр жүгіру жолы, секіру орны, тренажерлер мен турниктерге арналған алаңнан тұрады. Заманауи спорт алаңының айналасы асфальтталған. Биыл Павлодар қаласының 17, 29 және 39-ыншы мектептерінің спорт аймақтарына да осындай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл нысандарға шамамен бір миллиард теңге қаражат бөлінген. Мектеп аумақтарындағы спорт алаңдарын жаңарту жұмысы одан ары жалғасады. Ата-аналардың өтініштері негізінде келесі жылы №11 және №27 мектептердің спорт алаңдарын жөндеу жоспарланып отыр. Білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлиннің айтуынша, қазір №24 мектепте ескі ағаш терезелерді пластик терезелерге ауыстыру мәселесі қарастырылып, оған қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Айта кетейік, бұл күні Кенжекөл орта мектебінде инклюзия кабинеті, Павлодар қаласының №14 арнайы балабақшасында монтессори, логопед, сөйлеу терапиясы және тұзды шахта ашылды. Жалпы, биыл Павлодарда 15 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мәселен, №18 мектепте жылу жүйесі, №104 балабақшаның терезелері ауыстырылды. №41 балабақшаның аумағы асфальтталып, екі мектепте мәжіліс залдары күрделі жөндеуден өтті, №11 мектепте спорт залы жаңартылды. Биыл Павлодар қаласының №5, 14, 2 мектептері және №42 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілсе, №5, 82 балабақшаларда жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.
Т.ӘБІЛДА.