1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елімізде «Қазақстан балалары» атты бірыңғай тұжырымдама бастау алды. Бұл бастаманың басты мақсаты – балалық шақтың мемлекет үшін аса маңызды екенін халыққа жеткізу.
Осы тұжырымдама аясында Павлодар демалыс саябағында «Bala FEST» шығармашылық фестивалі форматында балалар мерекесі өтті. Шара қалалық білім беру бөлімі «Жігер» балалар-жасөспірімдер орталығы мен қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Фестиваль бағдарламасы балалардың жан-жақты дамуын көздейтін түрлі бағытты – өнер, спорт, мәдениет пен әдебиетті қамтыды. Бұл – балғындардың дарынын танытып, ұлттық құндылықтарға құрмет оятуды басты құндылық еткен. Шараға Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков және 500-ден астам бала мен ата-ана қатысты. Шығармашылық алаңда балалар асфальтқа сурет салып, білезік, ойыншық, ашықхат жасау бойынша шеберлік сағаттарына қатысты. Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы гипс бұйымдарын бояу ісіне де белсене атсалысты. Бұл – жас өнерпаздардың қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін ұштаған қызықты бағыттардың бірі болды.
Сонымен қатар, интерактивті кітап алаңында ұйымдастырылған әдеби көрмеде қазақ халық ертегілері, отандық классиктер мен заманауи авторлардың шығармалары, достық, табиғат және отбасы тақырыбындағы кітаптар ұсынылды. Кішкентай оқырмандар бұл алаңдағы кітап көрмесінің презентациялары мен шығармашылық аймақтарына кітаптарды оқуға зор қызығушылық танытты.
Ал «Ұлы дала ойындары» этноалаңында асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату сынды дәстүрлі ұлттық ойындар кеңінен таныстырылды. Киіз үйлермен, ұлттық ою-өрнектермен безен-дірілген бұл кеңістік нағыз этно-ауылдың көрінісін жеткізіп, жас ұрпаққа мәдени мұраның маңызын көрсетті.
Келесі спорттық бөлімде «Күш, ептілік, рух» ұранымен «Жігер CUP» ашық біріншілігі өтті. Қазақ күресі мен WKF каратэ түрлері бойынша өткен жарыс балалардың спорттық шеберлігін шыңдап, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Фестиваль көркін басты сахнада өткен «Балалық шақ – жарқын әлем» атты концерттік бағдарлама аша түсті. «Жігер» орталығының вокалдық және би ұжымдары өз өнерлерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шара барысында балалар мен ересектер назарына қуыр-шақтар шеруі – «Батырлар карнавалы» ұсынылды. Бұл көрініс мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, мереке қала тұрғындары үшін есте қаларлық шуақты шақ сыйлаған ерекше күнге айналды. «Bala FEST» форматындағы бұл мерекелік фестиваль жас буынға ұмытылмас әсер қалдырып қана қоймай, олардың бойында ұлттық рух пен өнерге деген ықыласты тереңдеткен игі бастама болды.
Әдемі КӘУКЕН, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.