Оқу жылы аяқталған соң балалар жаз мезгілін қуанышпен қарсы алатыны рас. Десек те, үш ай демалыстарын пайдалы өткізген жөн. Өңірімізде шығармашылықтарын дамытып, уақытын қызықты өткізетін орындардың бірі – «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығындағы жазғы лагерь.
Жазғы лагерь – балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін ортаның бірі. Онда балалар табиғат аясында демалып қана қоймай, спорттық сайыстардың түр-түріне қатысып, денелерін шынықтырады. Оған қоса, күн тәртібі нақты белгіленіп, уақытылы таңғы жаттығу, дәмді әрі пайдалы ауқат жас ағзаның дұрыс дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, балалардың тәртіпке үйреніп, уақытын дұрыс жоспарлауына да септігін тигізеді. «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы басшысының орынбасары Айгүл Құнанбаеваның айтуынша, жылда осында демалысын өткізуге қайтып келетін балалар саны артып келеді.
– «Балдәурен» лагері тек жазғы уақытта емес, жыл бойы қызмет етеді. Оқу жылында оқушылар 15 күндей болса, жазғы уақытта демалысының 10 күнін осында өткізеді. Күн тәртібі жаттығудан басталып, таңғы астарын ішеді. Кейін өз қызығушылықтарына орай, қалаған үйірмелеріне барады. Бесіндіктен кейін күнде өз өнерлерін көрсетіп, шара өткізеді. Кешкі уақытта «Шам» атты жиында балалар өткен күннен алған әсерлерімен, жағымды да жағымсыз эмоцияларымен бөлісіп, сыр ақтарады. Сондай-ақ, өңіріміздің өнерпаздары шақырылып, лагерь тәрбиеленушілеріне арнайы қойылымдарын қояды. Бүгін ашық аспан астында кино кешін өткізу жоспарда бар, – дейді Айгүл Құнанбаева.
Аталмыш лагерь 8 кезеңнен тұрып, жаздың соңына дейін 1202 бала қабылданады. Бір баланың демалу ақысы — 36 000 теңге. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға демалу тегін, оқу озаттарына 50 пайыз жеңілдік беріледі. Сондай-ақ, биыл өңіріміздің беделі биік өнеркәсіп орындары орталыққа тегін 100 билет табыс еткен. Оны қиын жағдайға тап болған балалар қолдана алады. 10-15 жас аралығындағы балалар төрт отрядқа бөлініп, әр топтың капитаны мен президенті тағайындалады. Демалушы балалардың көңілдері көтеріңкі, ойындары қызу және өзара тату екені байқалады.
– Лагерьге үш күн бұрын келдім. Таңның атысынан кештің батысына дейін ұйымдастырылған бағдарлама көңілімнен шығуда. Әсіресе футбол ойынын асыға күтемін. Тіпті 1-орынды иеленіп үлгердім. Осында достарыммен уақытымды керемет өткізудемін, – дейді Мойылды ауылының №18 мектептің оқушысы Мирас Кеңесбек.
«Балдәурен» жазғы лагерінде балалардың ой өрісін дамытатын, шығар-машылыққа жол ашатын үйірмелер көп. Оның ішінде бейнелеу, іс тігу, мүсін жасау, ас дайындау, тоғыз құмалақ пен кітапқұмар өнерлеріне негізделген сабақтар жүргізіледі. Кейбір балалар лагерьге жыл сайын келіп, әлеуеттерін ашуға асық.
– Өткен жылы алғаш келіп, соншалықты қызықты болған соң, биыл қайта келіп отырмын. Әсіресе, кешкі уақытта ән айтып, би билеп өнер көрсеткен ұнайды. Қазір гитарамен ән салып, ойнауды үйреніп жүрмін. Болашақта сахна төріне шығып, танымал болуды армандаймын. Менен кейін бауыр-сіңлілерім де осында келсе деймін, – деді Жасмин Қанатова.
Лагерьде сондай-ақ, медициналық пост қызмет етеді. Балалар лагерьге алғаш келген және үйге аттанар күні тексеруден өтіп, салмақтарын өлшейді. Оған қоса, күнде ағзаға пайдалы оттегі коктейлін ішіп отырады. Медициналық пост бөлімінде ем-шара қабылдайтын, психолог, тұзды үңгір, демалыс бөлмелері бар. Яғни қауіпсіздік деңгейі де жоғары.
Салтанат ҒАББАС.
Павлодар ауданы.