Балғындар тегін тамақтан неге қағылды?

Қар 6, 2025

Соңғы бірнеше жыл қатарынан бірқатар әлеуметтік топқа жататын отбасыларының балалары мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тегін тамақпен қамтылып келген еді. Олардың қатарында көпбалалы шаңырақтардан шыққан балғындар да бар. Алайда ағымдағы жылдың қазан айынан бастап бұл санаттағылар жеңілдіктен қағылды. Неге? Дәл осы сұрақ көпшілікті толғандыруда. «Қызуы басылмаған» мәселенің мән-жайын анықтап, ата-аналарға түсіндіргенді жөн көрдік.

Осы оқу жылының басында «Бұдан былай балабақшаларда көпбалалы отбасылардың балаларына тегін тамақ берілмейді» деген жайсыз жаңалықты естіген осы санаттағы ата-аналар абдырап қалған еді. Бірі әкімдікке, енді бірі білім беру бөлімдеріне хабарласып, мәселенің анық-қанығын білуге асықты. Сөйтіп, бұл ақпарат расталғаннан кейін қарсылық танытқан қазақстандық көпбалалы аналар аз болған жоқ. Олар бүгінгідей қымбатшылық заманда балабақша төлемақысы қалтаға салмақ түсіретінін алға тартып, мемлекеттен қолдау сұрады.

Бір анығы, аталған өзгеріс көпшіліктің көңілінен шыға қоймағаны — шындық. Тіпті, бұл мәселе үйдегі үлкендерді де толғандырды. Осындай жандардың бірі, Павлодар қаласының тұрғыны Зәуреш Хамзақызы:

– Менің екі отауым бар. Екеуі де көпбалалы отбасы атанып отыр. Олардың әрқайсысынан 2 бала бақшаға барып жүр. Келіндерім ай сайын балабақша шығындарына 40 мыңнан астам теңге төлейтінін айтады. Бұлардан басқа балаларын да киіндіріп, тамақтандыруы қажет. Ипотекалары мен несиелері тағы бар. Оның үстіне азық-түлік пен киім-кешектің бағасы да жыл өткен сайын аспандап барады. Бірақ жұмысшылардың жалақылары соншалықты өсіп жатқан жоқ. Осының бәрін ескеріп, көпбалалы отбасыларының балғындарын балабақшада тегін тамақтандыруға болушы еді ғой, – деп ренішін білдірді.

Ал 4-5 баласы бар кейбір тұрғындар аталған жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдарға да хабарласып, қолдау сұрағанымен, әзірге еш нәтиже шықпай отырғанын айтады. Себебі, осы жылдың шілде айында «Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды білім беру ұйымдарында тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген екен. Яғни, мемлекет деңгейінде қабылданған бұл шешімді жергілікті әкімдіктер өзгерте алмайтынын тұрғындар түсінгені жөн.

Сонымен, аталған мәселе бойынша облыстық білім беру басқармасы ұсынған ақпаратта:

– «Үкіметтің 9.07.2025 жылғы №523 қаулысымен мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақпен қамтамасыз етілген адамдар санатына қатысты 12.03.2012 жылғы №320 қаулысына өзгерістер енгізілді. Негізінен, бұл өзгеріс көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға қатысты болды. Сол бойынша енді мектепке дейінгі ұйымдарда атаулы әлеуметтік көмек алуға (АӘК) құқығы бар санатқа жататын көпбалалы отбасылардан, сондай-ақ, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, бірақ АӘК алмайтын отбасылардан шыққан балалар тегін тамақтана алады, – делінген.

Түсінікті болу үшін нақтылай кетер болсақ, жаңа талап бойынша тек атаулы әлеуметтік көмек алатын және атаулы әлеуметтік көмек алмаса да, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары ғана тегін тамақпен қамтылады. Егер көпбалалы шаңырақтар осы санаттарға жатса, онда олардың балабақшаға баратын ұл-қыздары тамаққа ақы төлемейтін болады. Ал төрт және одан көп баласы бар ел қатарлы еңбек етіп, күнін көріп отырған отбасыларға мұндай жеңілдік жоқ. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, даму мүмкіндігі шектеулі балғындарға бұрынғыдай көрсетіле береді екен. Яғни, бұл санаттағылар да толығымен тегін тамақтанады. Алайда олар әлеуметтік дәрежесін және санатын растау үшін тиісті құжаттарды мектепке дейінгі мекемелерге тапсыруы қажет, дейді мамандар.

Облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім беру бөлімінің бас маманы Ғалия Сағындыққызының айтуынша, бүгінгі таңда аймақ бойынша 4243 бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Олардың қатарында аз қамтылған отбасылардан шыққан 717 балғын, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар көпбалалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен шаңырақтардан 2772 бала бар. Сондай-ақ, даму мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі бар 720 балғын, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 34 бала тізімде тұр. Міне, осы балалардың барлығы 100 пайыз мемлекет қаражаты есе-бінен тамақтануда.

Атап өтерлігі, ата-аналар мен балалардың заңды өкілдерінің мектепалды мекемелерге ай сайын төлейтін төламақысы тәрбиеленушінің жасына қарамастан, тамақтану шығындарының 100 пайызын өтейтін көрінеді. Жалпы, бұл төлем Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысы бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда көзделген тамақтану нормаларын ескере отырып, азық-түлік өнімдерінің бөлшек саудадағы орташа бағаларына сәйкес өзгеріп, бекітіліп отыратынын да айта кеткен жөн.

– Қазіргі таңда аймағымызда ата-ана төлемінің сомасы орта есеппен қалалық жерде 20 мың теңгені, ауылдық жерлерде 16 мың теңгені құрайды. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар тәрбиеленушілер арнайы санаторийлік балабақшалар мен мектепке дейінгі ұйымдарға тегін барады. Яғни, олардың тамақтануына кететін шығындар толығымен мемлекет есебінен төленеді, – дейді Ғалия Сағындыққызы.

Осылайша, бүгінде көпбалалы отбасыларындағы біраз балғын тегін тамақтан шеттетілді. Ал олардың есебінен қанша қаражат үнемделді? Бюджеттің бүйірі қампайды ма? Жалпы, не өзгерді? Бұл сұрақтар көп баласы бар ата-аналардың ашуын келтіргені жасырын емес.

Десе де, қатып қалған қағида жоқ. Көпті толғандырған мәселе мүмкін бір күні оң шешімін тауып қалар. Жақсылықтан үміт үзбейік!

Нұржайна ШОДЫР.