«Ertis Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесіп облыс орталығындағы №1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетті. «Баланы мектепке даярлайық» қайырымдылық акциясы шеңберінде мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер мен көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға мектеп сөмкесі мен кеңсе тауарлары сыйға берілді.
Аталған оқу орнында құлағы нашар еститін, сөйлеу мәнері бұзылған оқушылар білім алады. Қайырымдылық шарасына облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко, облыстық мәслихат депутаттар Болат Аманжолв және Динара Айтжанова қатысты. Құрметті меймандар ата-аналар мен даярлық сыныптың оқушыларын жаңа оқу жылымен құттықтап, кеңсе тауарлармен толтырылған сөмкені сыйлады.
Мектеп басшысы Нұрсәуле Төлемісованың айтуынша, білім ордасына балалар даярлық сыныптан бастап қабылданып, 10-сыныпқа дейін білім алады. Оқу бағдарламасы балалардың денсаулық жағдайына байланысты құрастырылған. Сөйлеу мәнері бұзылған оқушылар 1-2-сыныпты осы мектепте оқиды. Ал 3-сыныптан бастап жалпы білім беру мектептеріне ауысады. Яғни, мұғалімдер олардың сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Ал құлағы нашар еститін немесе мүлде естімейтін балалар оқуларын 10-сыныпқа дейін осы мектепте жалғастырады. Мектеп бітірген кезде оларға барлық мектептегідей орта білімді меңгергені жөнінде аттестат беріледі.
— Биылғы оқу жылында 100-ге жуық бала білім алады. Өткен жылы 117 оқушы оқыды. Білім ордасында балалар үшін барлық жағдай жасалған. Биыл біздің түлегіміз колледжден кейін жоғары оқу орнына грантқа түсті. Өткен жылы тағы екі түлегіміз жоғары оқу орнына грант ұтып алды. Бұл — біз үшін үлкен жетістік, мақтаныш, — дейді Нұрсәуле Қайыркенқызы.
Қайырымдылық шарасында оқушылар қонақтарға өз өнерлерін ұсынды. Ән мен биден шашу шашқан балалардың қатарында 8-сынып оқушысы Ламина Шигебаева да бар. Талантты жеткіншек ыммен ән айту байқауларында талай жүлдеге ие болған. Өткен жылы Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында өткен жарыста 1-орынға ие болған. Биыл қыркүйек айында аталмыш елде тағы бақ сынайтын болады.
— Маған би билеп, ыммен ән айтқан ұнайды. Музыканы естімесем де, жүрегіммен сеземін. Әуенге ыммен ілесіп, билеймін. Осы орайда, мектеп директоры мен жетекшім Айсана Амангелдіқызына алғыс айтамын. Алдағы жарыста жеңіс тұғырынан көріну үшін барымды саламын, — дейді оқушы.
Мейірімге толы шара аясында қонақтар мектеп ішіндегі шағын шеберханалармен танысты. 4-сыныптан бастап балалар кәсіп иегруге машықтанатынын атап өткен жөн. Бұл ретте олар тігін шеберханасы, ағаш шеберханасы, шаштараз, IT және шығармашылық кабинеттерде қабілеттерін дамытады. Сонымен қатар, оқушылар жаз айында мектеп ауласында бау-бақша өсіреді.
Кездесу барысында мектеп ұжымы депутаттарға мәселелерін де айтты. Бұл ретте мектеп ауласына көлік тұрағы қажет. Сонымен қатар, спорт және балалар ойын алаңын жаңарту керек.
Облыстық мәслихат депутаттары ұстаздардың өтініштеріне құлақ асып, орындауға көмек-тесетіндерін жеткізді. Сонымен қатар, өнерлі қыз Ламинаның Бішкек қаласында өтетін жарысқа қатысуына қаржылай қолдау көрсететіндерін де айтты.
— Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс орталығындағы №1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интер-натының жағдайымен таныстық. Балалардың білім алуына жағдай жасауда қолға алатын мәселелер бар. Бұл ретте мектеп ауласына қосымша көлік тұрағы керек. Мұның бәрі балалардың қауіпсіздігі үшін керек. Сонымен қатар, спорт және балалар ойын алаңдарын жаңарту үшін жобалық-сметалық құжат әзір. Жұмыс қолға алынатын болады, — деді Динара Айтжанова.
Өз кезегінде ата-аналар қауымы депутаттарға өз ризашылықтарын жеткізіп, алғыс айтты.
— Менің ұлым биыл даярлық топқа барады. Депутатар сый-сыяпат көрсетіп, кеңсе тауары толтырылған сөмкені сыйға тартты. Қамқорлық үшін ризамыз. Сонымен қатар, бірнеше мәсе-лені де шешетіндерін айтты. Балаларымызға мектепте сапалы білім алу үшін жағдай жасалатынына ризамыз, — деді Маржан Алдиярова.
Шара соңында оқушылар қауымы меймандарға қолдарынан жасаған туындыларды сыйға тартты.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.