Павлодар облысы Кенжекөл ауылындағы «Отбасылық балалар ауылы» ұйымы «Бала спорты – өмірге жолдама» атты жобасын бастады. Тәрбиеленушілер бокс, дзюдо және тоғызқұмалақ жаңа спорт залдарында шынығып, болашақта спорт шеберлері атана алады.

Аталмыш жоба жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың болашақта бетке ұстар азаматтардың бірі атануына бағытталған. Оған қоса, балалар спорт арқылы физикалық және эмоционалдық тұрғыда дамитыны рас.

Іс-шараға жоба бастамашысы — облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен білім беру басқармасы қатысты. «Отбасылық балалар ауылы» ұйымы басшысы Айжан Шамғалиева мен Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қойды.

«Бала спорты – өмірге жолдама» жобасы аталмыш ұйымнан бастау алып, оның аясында болашақта өзге балалар үйлері де заманауи, сапалы спорттық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, ұлттық және олимпиадалық ойындарға арналған спорттық залдармен толықпақ. Сондай-ақ, бес негізгі міндетті жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде балаларға тұрақты түрде оқу-жаттығу сабақтарын өткізу, кәсіби деңгейде спорттық білім беру, спорттық киім және қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз ету және дарынды балаларды «Олимпиадалық резервтің маман-дандырылған мектеп-интернат-колледжіне» дайындау.

– Бүгінде балалар ауылында 6 және 18 жас аралығында 70-ке жуық бала тәрбиеленуде. Басқарманың қолдауымен үлкен істі бастап отырмыз. Тәрбиеленушілердің арасында спортпен белсенді айналысатындар айтарлықтай көп. Олардың ішінде сайыстарға қатысып, жүлделі орын иегерлері атанғандар да бар. Алдағы уақытта спорт мектебіне жолдама алып, мансап жолында жетістіктерге жетеді деп үміттенемін, – дейді ұйым басшысы Айжан Шамғалиева. Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев келешекте елімізде және әлемге әйгілі спортшылармен таныстыруын уәде етті. Ол балалар бұл жоба арқылы көкжиегін кеңейтіп және тәртібін шыңдай алса, болашақта өз армандарына оңай қол жеткізе алатынан айтты.

Іс-шара соңында қатысушылар жаңадан ашылған залдарды аралап, балалардың жаттығуларын тамашалап, спортқа қажет құрал-жабдықтарды табыс етті. Бұдан былай, ұйым тәрбиеленушілері тәжірибелі, қоғам арасында зор құрметке ие жаттықтырушылардан тәлім алады.

Салтанат ҒАББАС.