Биыл «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына 5 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында ұстаздардың еңбекақысы екі еселеніп, әлеуметтік жағдайы да едәуір түзелді. Қысқасы, педагогтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл жөнінде сала өкілдері не дейді? «Әттеген-айлар» бар ма? Жалпы, не өзгерді?
Еңбекақы екі еселенді
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде отандық білім беру саласында 600 мыңға жуық педагог еңбек етуде. Елімізде Президенттің қолдауының арқасында мұғалім мамандығының беделін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асуда.
— Соның бірі – «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылданғанына да биыл 5 жыл. Осы уақыт аралығында мұғалімдердің айлығы екі есеге көтерілді, олар қағазбастылықтан, артық жүктемеден, өз міндетіне жатпайтын жұмыстан босатылды. Жаңа ынталандырулар белгіленіп, мүмкіндіктерге жол ашылды. Балабақша тәрбиешілері мен колледждерге өндірістен тартылған оқытушылардың жалақысы артуда. Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымының, материалдық-техникалық базасының жоғарғы талаптарға сәйкес жақсаруы мен жабдықталуына бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мемлекет тарапынан білім саласына соңғы жылдарда көрсетілген қамқорлықтың айқын мысалы бола алады. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де күшейтіліп, жалғасуда, — деп атап өтті еліміздің бас ұстазы. Оның айтуынша, бүгінде еліміздің өскелең ұрпағының зияткерлік әлеуетіне күллі әлем жоғары баға беруде. Тек биыл қазақстандық оқушылар 58 алтын медаль жеңіп алып, робототехникадан әлемнің үш дүркін, химиядан екі дүркін чемпионы атанған. Бұл – мұғалімдер еңбегінің жемісі.
Маман тапшы ма?
Қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде 400 мыңға жуық педагог сабақ береді. Ал осыдан 5 жыл бұрын мұғалім саны 300 мыңға әзер жеткен. Мұғалімдердің мәртебесі артып, еңбекақысы көтерілгелі кадр саясаты да біртіндеп оң шешімін табуда. Яғни, жылдан-жылға маман тапшылығы азайып келді. Мәселен, былтыр 5 мың педагог жетіспесе, биыл олардың қатары екі есеге қысқартылған. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша қала мектептеріне – 1 312, ауыл мектептеріне – 1 505 мұғалім керек. Толығырақ айтар болсақ, 640 математика мұғалімі, 340 орыс тілі мен әдебиеті, 236 физика, 204 химия, 199 информатика, 227 бастауыш сынып және 169 ағылшын тілі маманы жетіспейді екен. Десе де, сарапшылар бұл мәселе болашақта түбірімен шешілетінін алға тартуда. Себебі, кейінгі жылдары педагогика саласын таңдаған түлектер қатары күрт өскен. Бұл салаға оқуға түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті балы көтеріліп, талаптар күшейгенімен, мұғалім-
дікті таңдаған талапкерлер саны жыл сайын көбеюде, дейді мамандар.
— Жаңа заңның білім беру саласына жәрдемі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бастысы, табыссыз мамандық деп танылған мұғалімдікті төрге шығарды. Сол аралықта мектепті үздікке бітірген түлектер жалақысы мен мәртебесі үшін педагогикаға бет бұрды. Қазір мұғалімдердің кәсіби біліміне қатысты айтылып жүрген сынның бәрі бірнеше жылда тыйылатынына сенемін. Өйткені, реформадан кейін ЖОО-ға түскен үздік түлектердің алды оқуды енді бітіріп, салаға енді. Олар мектепте 5 жыл жұмыс істесе, бәрі өз орнына келеді, — дейді «Qazbilim» орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжан.
Грант саны артуда
Кейінгі кезде педагогика саласына бөлінетін мемлекеттік білім грантының көлемі де артқан. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында – 9 497 грант, 2023-2024 оқу жылында – 15 923 грант, 2024-2025 оқу жылында 15 973 грант бөлінген екен. Демек, грант саны өскен сайын бәсеке де жоғары болатыны сөзсіз. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі күні елімізде педагогикалық мамандықта білім алып жатқандардың жалпы саны 180 000 адамға жеткен. Оның 30 пайызы мемлекет есебінен оқуда. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда 142 мың жас мұғалім жоғары оқу орнын тәмамдап, соның 103 мыңға жуығы жұмысқа орналасқан. Бұған жыл сайын ұстаздар жалақысының 25 пайызға көтеріліп, басы артық жүктеменің азаюы себеп дейді, сала өкілдері. Сондай-ақ, сарапшылар мұғалімдердің еңбек демалысы уақытының көбейіп, қосымша ақы мен мемлекеттік байқаулардың жиі жариялануы және дарынды ұстаздарға деген қомақты қолдау да оң әсерін тигізіп жатқанын айтады. Мысалы, жыл сайын «Үздік педагог» республикалық байқауында республикадағы үздік ұстаздар марапатталып, қомақты жүлдеге ие болады. Былтыр
64 үздік мұғалімге 220 млн 800 мың теңге көлемінде сыйақы төленген екен.
Қандай қиындық бар?
Мұғалімдерге үлкен қолдау көрсетіліп жатқанымен, қиындықтар да жоқ емес. Айталық, қазіргі күні қағазбастылық, аттестация кезіндегі заңсыздық мәселелері тіркелуде. Қазақстанның құрметті ұстазы атанған Өмір Шыныбекұлы мұғалімдерді қағазбастылықтан цифрландыру да құтқара алмай отырғанын айтады.
— Реформа қолға алынғанда қуанған едік. Цифрландыру, әсіресе kundelik.kz жүйесіне үміт арттық. Олай дейтініміз, мектептегі құжаттың көбі электронды форматқа көшсе, жүздеген парақ құжат алып жүрудің керегі болмауы керек деп ойладық. Бастапқыда бәрі көңілден шыққанымен, кейін кей басшының мектептегі жұмысты тиімді жүргізбейтінін байқадық. Нақтырақ айтсақ, мұғалімдерге электронды порталдағы құжаттарды қағазға қайта шығартып, барлық бағалау құжатын дәстүрлі қалыпта қабылдайтын жағдай кездескен. Сондықтан реформа соңына дейін жетуі үшін білім беру нысандарына жүйелі тексерісті тоқтатпау қажет, – дейді ол. Сонымен қатар, көпті көрген маман педагогтерді аттес-таттау кезінде де көп кемшілік кездесетінін айтуда. Оның сөзіне қарағанда, мұғалімдер біліктілік арттыру курсы мен аттестаттау кезінде түрлі заңсыздыққа баратын көрінеді.
* * *
Отандық білім беру саласында мұғалім мәртебесін арттырып, қолдау көрсетуге бағытталған көп жұмыс қолға алынуда. Бірақ кемшіліктер де кездесіп, заңсыздыққа жиі жол беріліп жатқаны алаңдатады. Ал сіз қандай ой қосасыз, құрметті педагог?
Нұржайна ШОДЫР.