дейді көптеген педагог
Ертең (25 сәуір) елімізде педагогтардың білімін бағалау үшін өткізіліп жатқан тестілеу шарасы аяқталатын болады. Өкініштісі, бүгінгі күнге дейін тест тапсырған мұғалімдердің көбі сынақтан сүрінген. Бұған не себеп? Ұстаздар біліксіз бе? Әлде, бұл сынақ соншалықты күрделі ме? Қалай десек те, балаларға білім береді деп сенім артқан педагогтар үмітті ақтай алмай жатса, олардан оқыған оқушының болашағы қандай болмақ деген сауал көпшілікті толғандыратыны сөзсіз. Алайда аталған жағдайға қатысты мұғалімдердің де айтар уәжі бар.
Сонымен, сапалы маман, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін не істемек керек? Осы сала өкілдерінің пікірі қандай?
Мұғалімдер мұңы
Аталған мәселе бойынша редакциямызға хабарласып, мұңын шағып жатқан жандар аз емес. Жалпы, мұғалімдердің басым бөлігі педагогтардың білімін бағалауға арналған тест тапсырмаларының өте күрделі екенін айтып, өкпе-реніштерін білдіруде. Солардың бірі – павлодарлық Мәдина есімді мұғалім (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні толық жазылған жоқ):
— Биыл біліктілік тестілеуіне қатысып, өте алмадым. Мұғалімдерге екі мүмкіндік беріледі ғой, сол екеуінен де айырылдым. Көңіл-күйім түсіп кетті. «Өлімнен ұят күшті» демекші, ел бетіне қарай алмай қалдым десем де болады. Өйткені, менің сынақтан сүрінгенімді мектептегі мұғалімдер де, ауылдастарым да естіді. Бұған дейін сағым сынып көрмеген еді. Қатарымнан қалған жоқпын. Мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітірдім. Осы жолы тестілеуге ұзақ уақыт бойы дайындалдым. Еңбегім еш кетті. Себебі, тест тапсырмаларында ақылға қонымсыз сұрақтар, ұқсас жауаптар көп болды. Шынымды айтсам, бұл біліктілік тестілеуі мұғалімдердің жүйке жүйесін жұқартып, әбден әбіржітіп жіберді, — деп налиды. Ал ұстаздардың кейбірі біліктілік тестін тапсырғандардың білімі өзгелерден асып-тасып, дамып кеткенін көрмедік десе, енді бірі бұл — қазына қаржысын үнемдеу үшін, яғни айлықтарын арттырмау мақсатында жасалған айла сияқты деген ой айтады. Тағы біреулер тест тапсыра алмағандар амалсыздан ақша арқылы мәселесін шешіп жатқанын жеткізіп, мұның соңы жемқорлыққа жол ашуда, дейді.
Осылайша, педагогтардың көбі мұндай сынақ арқылы мұғалімнің білімін таразылап, жалақысын да соның нәтижесіне қарап өсіру дұрыс еместігін алға тартуда. Тіпті, әлеуметтік желілерде де біліктілік тестілеуіне қатысты жарияланған кез келген ақпараттың астында ұстаздар тарапынан жазылған жағымсыз пікірлер мен арыз-шағымдардың қарша борап жатқанын көріп жүрміз. Тіпті, пікірлерін білмек оймен хабарласқан он шақты педагогтың барлығы бірдей біліктілік тестілеуін құптамайтынын айтып, ұстаздардың талапкер сияқты сынақ тапсыруы дұрыс емес деген ойларын ортаға салды.
— Мен мектепте 24 жыл бойы мұғалім болып жұмыс істеп келемін. Осыншама тәжірибем болғанына қарамастан білімімді дәлелдеу үшін сынақ тапсырып жүргенім жаныма батты. Тестке қатыспайын десем, жаңа келген жас маманның деңгейіне түскім келмеді. Бір жапырақ қағаз, яғни сертификат үшін екі-үш ай үздіксіз дайындалдым. Соның кесірінен үйдегі бала-шағаға да, мектептегі оқушыларға да көңіл бөле алмадым. Сабақ өткізу жайына қалды. Бір сөзбен айтқанда, жұмысқа бөгет болды. Біз сияқты тәжірибесі мол мамандарға тест тапсырудың не керегі бар? Мұндай эксперименттен ештеңе де өзгерген жоқ, керісінше педагогтардың жұмыс істеуіне және оқушылардың білім алуына кедергі келтіруде, — дейді Динара Ахметова есімді ұстаз.
Бір байқағанымыз, тестілеу, аттестация тақырыбына қатысты сөз еткенде мұғалімдердің көбі қиналып кететінін жасырмай айтып, реніштерін жарыса жеткізуде.
Ардагер ұстаздың айтары
Білім беру саласының жілігін шағып, майын ішкен ардагер ұстаздардың да көбі бүгінгі біліктілік тестілеуіне қарсы екендіктерін жеткізді.
— Біздің кезімізде қоғамда «мұғалімнен асқан білімді, сыйлы адам жоқ» деген түсінік қалыптасқан еді. Бұрынғы ұстаздар ешкімге де емтихан тапсырып, есеп бермейтін. Бар күш-жігерін білімді ұрпақ тәрбиелеуге жұмсап, алаңсыз жұмысын істейтін. Соның нәтижесі болар, сол кездегі балалар да шеттерінен білімді, патриот, тәрбиелі болып өсті. Ал бүгінгі оқушылардың көбінің білімі таяз деп ойлаймын. Өйткені, қазір мәтіннің мазмұнын дұрыс айта алмайтын, диктантты қатемен жазатын, есеп-қисапқа да шорқақ ұл-қыздың көбейіп бара жатқанын көріп жүрміз. Көпшілік бұған мұғалімдерді кінәлап жатады. Мен бұл жағдайға жетуімізге саладағы шикі реформалар себеп деп айтар едім. Соның бірі – осы біліктілік тестілеуі мұғалімдерді шаршатып тұр. Менің ізімді басып жүрген педагог шәкірттерім тестілеу жүйесі жайлы әңгіме қозғалғанда жыларман болады. Ондағы тапсырмалардың күрделі әрі түсініксіз екенін айтады. Демек, оны мектепте істеп көрмеген адамдардың құрастырғаны белгілі. Сонымен қатар, педагогтарға қатысты заң шығарғанда да сол жерде тәжірибелі мұғалімдер болуы қажет деп санаймын. Ал көп жыл еңбек еткен ұстаздан сынақ алу – оған сенбеу деп түсінемін. Айтпағым, педагогтарға тыныштық қажет. Оларды мазаламай, балаға сапалы білім беруіне мүмкіндік жасаған жөн, — дейді ардагер ұстаз Әмина Мұратова.
Жалпы, білім беру саласында ұзақ жыл бойы еңбек еткен жандар қазіргі мұғалімдерден тест алып қинағанша, керісінше, кәсіби біліктілігін шыңдайтын курстарды көбірек ұйымдастырып, соған қатысуларына жағдай жасаған дұрыс деген пікірлерін білдіруде.
«Алаяққа алдандым…»
Бір қызығы, соңғы кезде педагогтардың әлсіз тұсын пайдаланып, мұндай мүмкіндікті қалт жібергісі келмеген пысықайлар тест тапсырушыларға көмектесетін ақылы курстар ашуда. Сөйтіп, қалталарын қампитуда. Амалы құрыған ұстаздар шарасыздан осындай курстарға үлкен үмітпен барып, маңдай термен тапқан ақшасын шашып, тағы да тауы шағылуда. Ал бір-екі рет сыннан сүрініп, беті қайтқан кейбір педагогтардың «тесттен өткізгіш» алаяқтардың арбауына түсіп қалған жайы бар. Тек облыстық полиция департаментіне былтыр алданып қалған 100-ден астам мұғалім арызданған. Аталған жағдайдың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, нәтиже көңіл көншітпейді, дейді мамандар. Олай дейтініміз, бүгінде әлеуметтік желілерде «біліктілік тест сертификатын береміз», «мұғалімдерге портфолио жасаймыз» деген сияқты жарнамалық ақпараттар ашық түрде жариялануда. Бұған тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Өкініштісі, жыл сайын «алаяққа алдандым», — деп сан соғып қалған ұстаздар қатары көбеюде. Олар білімін тестілеумен таразылаған қазіргі қатаң жүйенің кесі-рінен осындай күйге түскендерін айтып, қапалануда. Бұл жағдайдан кейін ҚР Оқуағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді аттес-таттау, портфолио жинау мәселесі қайта қаралатынын айтқан еді.
Қандай өзгеріс бар?
Осылайша, тестілеуге қатысты ұстаздар тарапынан шағымдар көбейген соң жүйеге бірқатар өзгеріс енгізілген болатын. Бұл жөнінде түсіндірген министрліктің Орта білім комитетінің төра-ғасы Қаныбек Жұмашев:
— Педагогтарды аттестаттаудың жаңа қағидалары мен шарттары бекітілді. Оны әзірлеуге 50-ден аса педагог-зерттеуші, шеберлер, білім беру саласының сарапшылары қатысты. Еліміздің барлық өңірінде 200-ден астам кездесу өткізілді. Оның қорытындысы бойынша «Шебер педагог –
табысты оқушы» философиясы көпшілік тарапынан қолдау тапты. Аттестаттаудың жаңа қағидаларында мұғалімнің жетістіктері оның оқушыларының жетістіктерімен бағаланады және әр сабақ педагогикалық білімді бағалаудың негізгі құралы болады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін педагог қызметінің барлық нәтижесі 2025 жылдан бастап ел бойынша жұмыс істей бастайтын ұлттық платформада жинақталады. Тараптардың пікірін ескере отырып жаңа норма енгізілді, —
деді. Сонымен, жаңа норма бойынша 30 жылдан астам педагогикалық өтілі бар мұғалімдер білімін бағалаудан босатылуда.
Биыл енгізілген тағы бір жаңашылдық — «Ұстаз» ұлттық платформасының іске қосылуы. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша жаңа платформа 2025 жылдың қаңтарынан бері кезең-кезеңімен енгізілуде. Мамандар бұл жүйе педагогтардың біліктілігін арттыру мен аттестациялау үрдісін автоматтандыруға мүмкіндік беретінін алға тартуда. Қазіргі таңда платформада «педагог-модератор» және «педагог-эксперт» біліктілік санаттарына үміткер ұстаздар үшін аттестация кезеңі өтуде. Биыл шамамен 150 мың қазақстандық педагог осы платформа арқылы бақ сынайды деп жоспарланған. Жаңа жүйе педагогтардың біліктілігін әділ бағалап, аттестацияны ашық әрі тиімді өткізуге жағдай жасайды, дейді министрлік өкілдері. Мамандардың сөзінше, әрбір аттестатталатын педагог үшін жеке кабинет ашылады, онда сабақтарды бақылау нәтижелері, оқушылардың үлгерім деңгейі, педагогикалық қоғамдастықтағы кәсіби жетістіктері мен белсенділігі тіркеледі.
— Осы платформа іске қосылған сәттен бастап педагогтар тек өз пәні бойынша ғана бағаланады. Платформаны енгізгеннен кейін зерттеушілер мен шеберлерге арналған тестілеу тәжірибені таратумен алмастырылады. «Педагог-модератордың» біліктілік санатын беру және растау туралы шешімді білім беру ұйымдары, сарапшыны аудандық, қалалық білім бөлімі, зерттеушіні облыстық білім басқармасы, ал шеберлерді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аттестаттау комиссиялары қабылдайтын болады, — деп түсіндірді комитет төрағасы.
Алайда педагогтардың көбі бұл өзгерістерге де көңілдері толмайтындарын, әлі де жетілдіретін тұстар көп екенін айтуда.
* * *
Сонымен, биыл қанша мұғалімнің сыннан сүрініп, салы суға кететіні беймәлім. Себебі, тестілеу орталығы өкілдерінің айтуынша, мұндай мәліметтерге анализ жасалмайды екен. Болжам бойынша тест тапсырған 10 мұғалімнің 1-2-еуі ғана өтетін көрінеді. Осыған қарап-ақ бұл сынақтың педагогтар үшін қаншалықты күрделі екенін аңғаруға болады. Әрине, әр педагог білімін дәлелдеп, жоғары жалақы алғысы келеді. Соған лайықты екенін көрсету үшін тест тапсырып, портфолио жинап, аттестациядан өтуге міндетті. Десе де, бір кезде төрден орын беріліп, сый-құрметке бөленген мұғалім атаулының бүгінде оқушы деңгейіне түсіп емтихан тапсыруы, жылтыраған қағаздар жинап әуре-сарсаңға түсуі қаншалықты орынды? Сіз қандай ой қосасыз, құрметті оқырман?
Нұржайна ШОДЫР.