Облысымызда талантты да дарынды жастар баршылық. Әсіресе, бүгінде білім додаларында топ жарып жүрген оқушылар саны артып келеді. Жуырда «Достық үйінде» халықаралық және республикалық олимпиаданың 60 жүлдегері марапатталды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Асайын Байханов қатысты.
Осы жылдың республикалық олимпиадаларының қорытындысы бойынша облыс оқушыларының құрама командасы екі бағыт бойынша жалпы командалық 1-орынға ие болып, 10 алтын, 15 күміс, 25 қола медаль жеңіп алып, «Үздік олимпиадалық команда – 2024» атағына ие болды.
Облыс әкімі салтанатты шарада бүгінгі жастар кемелді келешектің кепілі екенін алға тартты.
— Жыл сайын дәстүрге айналған кездесуде сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білімді әрі талапты азаматтарға зор үміт артатынын атап өтті. Қазір маңызды шешім мен қадамдардың уақыты. Осы ретте, Қазақстан жастарының тәжірибесі әлемдік тәжірибеге айналуы керек. Сондықтан сіздер жарқын болашақтың іргетасын қалауға барынша атсалысады деген сенімдемін, — деді аймақ басшысы.
Шара аясында республикалық, халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен 60 оқушы 100 мың теңгелік сыйақымен, оларды дайындаған 45 педагог Алғыс хатпен және 150 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды. Солардың бірі — Ақтоғай ауданы Қараоба орта мектебінің 10-сынып оқушысы Назерке Жұмажан. Ол бүгінге дейін республикалық олимпиадалар мен көркемсөз оқу байқауларында топ жарған.
— Әр жыл сайын Мұқағали, Абай көркемсөз оқу және «Ақберен» танымдық байқауларына қатысамын. Ұстазыммен бірге әр сайысқа тыңғылықты дайындаламыз. Ел Президенті мен облыс әкімі біз секілді жастарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің болашағы – жалынды жастардың қолында дегім келеді, — дейді ол.
Айдана Боранбаева.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.