Дәл осындай тақырыпта Естай атындағы мәдениет сарайында облыс мұғалімдеріне арналған дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Шара барысында өңірдің білім беру саласындағы жеткен жетістіктер баяндалып, алға қойған мақсат-міндеттер айқындалды. Сондай-ақ, үздік педагогтар марапатталды. Мұғалімдер назарына цифрлық көрме ұсынылды.
Нұржайна ШОДЫР
Ұстаздар бас қосқан алқалы жиынға аймақ басшысы Асайын Байханов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров және өзге де мекеме өкілдері арнайы қатысты.
Облыс әкімі алдымен барша мұғалімді келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, тамыз кеңесінің мән-маңызына тоқталды.
— Бұл жиын — тек пікір алмасу алаңы ғана емес, білім беру саласының болашағына бағдар беретін, ел келешегін қалыптастыратын үлкен рухани кеңістік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз», — деп тегін айтқан жоқ. Бұл — әр ұстаздың қадамына бағыт-бағдар болар айқын ұстаным, биік мұрат. Шын мәнінде, бала бақыты — ел бақыты. Ал сол бақытқа жол ашатын – сіздер, — деп атап өтті Асайын Байханов. Сондай-ақ, аймақ басшысы соңғы жылдары Ертіс-Баян өңірінде білім беру инфрақұрылымы жаңарып, мектептер заман талабына сай жабдықталып, сапалық деңгейге қол жеткізгенін алға тартты. Десе де, арқаны кеңге салуға болмайтынын тілге тиек еткен облыс әкімі:
— Бүгін жауапкершілікті терең сезінетін кезең. Өйткені, уақыт алға озған сайын ұстаз алдындағы талап та, үміт те арта түсуде. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы биыл республикалық конференцияда алдымызға бірқатар маңызды мақсат-міндеттерді айқындап берді, — деді.
Тамыз кеңесінде білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, қол жеткен жетістіктер де сөз болды. Бұл жөнінде өз баяндамасында кеңінен тоқталған аймақ басшысы:
— Қазіргі таңда облысымызда 23 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың қатарындағы 15 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттырғаны үшін үстеме ақы алады. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысқан 21 ұстаздың 17-сі бүгінде білім беру ұйымдарын басқаруда. Осы салаға зор үлес қосқан әрі жетістікке жеткен Сәбит Ибадуллин, Фарзия Клепица, Лилия Стадникова, Оксана Колдашева сынды төрт мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды. Сондай-ақ, соңғы үш жылдың ішінде өңірдің білім беру саласының бюджеті екі есеге артып, 250 миллиард теңгеден асты. Бұл барлық облыстық бюджеттің жартысынан астамын құрайды. Облыста жаңа мектептер мен балабақшалар да салынып, 182 білім беру мекемесі жаңғыртылды, — деді. Оның айтуынша, балаларға деген қолдау мұнымен ғана шектелмейді. Көп кешікпей облысқа қарасты қалалар мен ауылдарда бірнеше жаңа балабақша пайдалануға берілмек.
Жалпы, бүгінде өңірегі 387 мектепке дейінгі ұйымда 36 мың бала тәлім алуда. Яғни, 3-6 жас аралығындағы балғындарды мектепалды мекемелермен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Бастысы, білім мекемелерінде балалардың қауіпсіздік шаралары да толығымен қамтамасыз етілген.
Биыл облыс мектептерінің партасына 117 мыңнан астам оқушы отырады деп күтілуде. Олардың 10 мыңнан астамы алғаш мектеп табалдырығын аттаған балғындар. Өңірде білім беру сапасын жақсарту үшін 130 заманауи кабинет ашылып, 85 пайыздан астамы мультимедиялық құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, осы оқу жылының басында 4 жаңа мектептің тұсауы кесілмек. Келесі жылы Ертіс ауданының Қызылқақ ауылы мен Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында тағы да мектептер салу жоспарланған. Оқушыларға жасалып жатқан осынау мол мүмкіндіктердің нәтижесінде өткен оқу жылында павлодарлық өрендер халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарынан 329 медаль еншілеп, елдегі ең үздік команда атанғанын айта кеткен жөн.
Жиында ағымдағы жылы колледж-дерге бөлінген орындар саны рекордтық көрсеткішке жеткені де сөз болды. Яғни, биыл облыс колледжеріне 6 250 грант бөлінген және түлектердің оқудан кейін 100 пайыз жұмыспен қамтылуына мүмкіндіктер жасалған.
Кеңесте облыс әкімі бала тәрбиесі мәселесіне де баса мән беріп, «Адал азамат – кәсіби маман» қағидаты аймағымызда өз деңгейінде іске асып жатқанын жеткізді. Осы бағытта облыста жаңа ашылған орталықтарда 102 мыңға жуық оқушы шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуда екен.
Алдағы жаңа оқу жылында ел мектептерінде жасанды интеллектіні білім беру үрдісіне енгізуге басымдық берілмек. Осыған орай мұғалімдер цифрлық ресурстарды қолдану бойынша арнайы курстардан өтеді деп күтілуде. Білім беру саласына деген қолдау да арта түспек. Бұл жөнінде баяндаған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров:
— Мемлекет басшысы білім беру жүйесінің тұрақты дамуына, педагогтардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Жақында Елордада өткен республикалық тамыз кеңесінде Президент білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осы жүйеге жасанды интеллектіні енгізу, ұстаз мерейін өсіру туралы нақты бес міндет қойды. Оны орындау – ортақ борышымыз. – деді. Сондай-ақ, ол осы жылдың соңына дейін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және құқықтық қорғау, қауіпсіз орта құру, бос уақыт пен спортты ұйымдастыру сынды жеті стратегиялық бағытты қамтитын «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама қабылданатынын мәлім етті. Бұдан кейін Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, география оқулықтарының авторы Руслан Әділханұлы сөз алып, саладағы сапаны басқару мәселесі жайлы ой қозғады. Ал Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі қауымдастық төрағасының орынбасары Анар Әбетайқызы жаһандық үрдістерге бейімделіп, мектептегі білім беру бағдарламасына жасанды интеллектіні сауатты енгізу жолдары туралы ойымен бөлісті.
Алқалы басқосуда бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше мән берілді. Бұл жөнінде ой-пікірін ортаға салған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы:
— Бала — отбасының айнасы. Ол қандай ортада өссе, соған бейімделеді, соны бойына сіңіреді. Сондықтан тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы республикалық тамыз конференциясында: «Отбасы-мектеп-мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады», — деп атап өтті. Бұл сөздер қазіргі қоғамда тәрбиенің жүйелі, үйлесімді жүргізілуі қажеттігін айқын көрсетеді, — деді. Ол сондай-ақ, отбасы тәрбиесінде бірлік пен өзара қолдау, жауапкершілікті бөлісу, тәрбиелік құндылықтарды сақтау сынды бағыттарға жеке тоқталып, ұрпақ тәрбиесінде осы мәселелер назарға алынса, ел үмітін ақтайтын саналы азаматтар өсіп шығатынын атап өтті.
Салтанатты шара білім беру саласының үздіктерін марапаттау рәсімімен жалғасын тапты. Атап айтқанда, №8 дарынды балаларға арналған мектептің директоры Гауһар Бабыкова облыс әкімінің төсбелгісімен наградталды. Ал Павлодар қаласының №93 балабақшасының музыкалық жетекшісі Ақлай Құрымбаева, Павлодар қызмет көрсету колледжінің өндірістік оқыту шебері Маржан Тынысбек, Ақтоғай ауданы Мүткенов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі Зәуреш Қалиақпарова облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Білім беру саласының бір топ өкіліне облыс әкімінің Алғыс хаты жолданды. Сонымен қатар, облыстық «Үздік орта білім беру ұйымы – 2025» байқауынан жеңімпаз атанған 5 білім беру мекемесінің әрқайсысына 50 миллион теңгенің сертификаты берілді. Олардың қатарында Павлодар қаласындағы №29 жалпы орта білім беру мектебі, Екібастұз қаласындағы №25 қыздарға арналған қазақ гимназиясы, Ақсу қаласыдағы №24 сәбилер бақшасы, Балалар жасөспірімдер экология және туризм орталығы, Павлодар технологиялық колледжі бар.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.