Егемен ел ертеңі — білімді ұрпақтың қолында! Сондықтан да, қазақстандық ұл-қызға сапалы білім, саналы тәрбие берудің маңызы зор. Осы мақсатта отандық
білім-ғылым саласында жыл сайын жаңа рефомалар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Сонымен, есіктен енді ғана енген ұлу жылы бұл салаға қандай серпіліс әкеледі? Не өзгереді? Көз жүгіртіп көрейік…
Электронды формат енеді
Осы жылдан бастап орта мектеп пәндері 100 пайыз электронды форматқа көшіріледі деп жоспарлануда. Бұл – отандық білім беру саласы үшін үлкен жетістік, дейді мамандар. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, былтыр қазақстандық оқулықтардың 80 пайызы цифрлық форматқа көшірілген. Бүгінгі таңда елімізде цифрлық нұсқадағы оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілуде. Цифрлық оқулықтарды әзірлеуге 11 қазақстандық баспа тартылып, жүйелі жұмыс істеуде.
— 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100 пайыз қамту жоспарланған. Сонымен қатар, виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық контентке енгізілуде. Педагогтер үшін электронды оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Оның айтуынша, мектептерде электронды оқулықтармен қатар, қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылатын болады. Қазіргі таңда 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалған. Көпшілік саладағы бұл жаңашылдықтан оң өзгеріс күтуде.
Бағдарлама жаңартылады
Биыл Қазақстанда мектеп бағдарламалары жаңартылады деп күтілуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігі бастауыш, негізгі және жалпы орта білім деңгейлері бойынша оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар әзірледі. Сол бойынша бастауыш мектептің 4-сыныбына арналған ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі пәндерінің бағдарламалары қайтадан дайындалуда. Бұдан бөлек, 12 жылдық білім беруге арналған бағдарламалар да жасалуда. Онда 10-12-сыныптар үшін жалпы орта білім беру деңгейіндегі қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы оқу пәндері бойынша жаңа бағдарлама түзілуде. Жаңартылған бағдарлама қазақстандық оқушыларға 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, яғни алдағы жаңа оқу жылында енгізіледі деп жоспарлануда.
Мектеп саны көбейеді
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылдың соңына дейін елімізде 217 мектеп салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда үш сейсмикалық және екі климаттық аймақ бойынша 32 үлгілік ЖСҚ әзірленген. Ұлттық жоба аясында Павлодар облысында да жаңа мектептер бой көтермек. Мәселен, қазіргі таңда 1200 және 600 орындық 2 мектептің құрылысы басталған. Нәтижесінде, 2025 жылы өңірде орын тапшылығы толығымен жойылмақ. Жалпы, алдағы бірнеше жылдың ішінде аймағымызда 5400 орындық 5 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Атап өтерлігі, аталмыш мектептердегі құрылыс жұмыстары-
ның белгіленген уақытында тапсырылуы қатаң бақыланбақ. Яғни, құрылысты кешіктірген мердігерлер жауапкершілікке тартылып, келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылады, дейді мамандар. Ал мектептің құрылысы конкурста екінші орын алған компанияға беріледі. Барлық жайлы мектепті уақытылы салып, тапсыру үшін осындай қатаң шаралар қабылданған. Бұған қарап, осы жылға жоспарланған жобалардың ойдағыдай орындалуына сенім мол.
Аттестаттау талабы жеңілдейді
2024 жылы қазақстандық ұстаздар көптен бері көтеріп жүрген мәселе — аттестаттау жүйесі өзгереді. Сол бойынша мұғалімдер бұрынғыдай құжат жинап қиналмайды. Яғни, құжат өзі автоматты түрде жинақталады. Сонымен қатар, құжаттарды қарау мерзімі қысқарады.
— Педагогтерді аттестаттау процесіне өзгерістер енгізіледі. Аталған жүйені автоматтандыру үшін ұлттық платформа әзірленуде. Бұл – объективтілік пен ашықтықты айтарлықтай арттырады. 2024 жылдың қаңтарында платформа Шығыс, Батыс, Солтүстік және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі. Сонымен, бұдан былай педагогтің жеке құжаттары мен біліктілік деңгейін қысқа мерзімде анықтайтын ақпараттық жүйеде тиісті материалдар автоматты түрде жинақталып, талдау жасалады. Ең бастысы, қазақстандық мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, аттестаттау кезінде портфолио жинап әуре-сарсаңға түспейді. Сондай-ақ, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Педагогтің кәсіби шеберлігі тек оқытылатын пәні бойынша және ол өз санатын модератор мен сарапшы дәрежесіне көтеруге өтініш бергенде ғана бағаланатын болады. Мамандар саладағы бұл жаңашылдықтан өз білімі мен біліктілігіне сенген ұстаздардың ұтары көп екенін айтады.
Грант саны артады
Ұлу жылы мектеп бітіретін ұл-қыздар үшін қуанышты жаңалық орын алмақ. Нақтырақ айтқанда, биыл білім гранттарының саны артты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, осы жылы жоғары оқу орындарына түсушілерге 88 мың грант бөлінген. Соның ішінде ең көп грант «Машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс» саласындағы мамандықтарға тиесілі. Олардың саны — 18744 грант. Бұдан кейінгі орындарда «Педагогикалық ғылымдар» — 12560, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» — 10 103, ал «Жаратылыстану, математика және статистика» бағыты бойынша 7388 грант қарастырылды. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы бойынша талапкерлерге 3653 грант берілмек. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр қазақстандық жоғары оқу орындарына бакалаврға түсуге барлығы 73 мыңға жуық грант бөлінсе, осы жылы оның саны 15 мыңға артып отырғаны қуантады. Сонымен қатар, магистратураға түсушілерге 13 мыңнан астам, докторантураға 2 мыңға жуық грант үлестірілмек.
Шәкіртақы өседі
Биыл қазақстандық студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында шәкіртақы көлемі тағы да өседі деп көзделуде. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің мәліметінше, 2024 жылы бакалавриат — 47135 теңге, оның ішінде педагогикалық мамандық студенттеріне 75600 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалатын болады. Сондай-ақ, магистратурада білім алушылардың шәкіртақысы 107061 теңге, докторантуранікі 240000 теңге болып бекітілді. Ал 2025 жылы бакалавриат студенттерінің шәкіртақысын 20 пайызға, магистратура мен докторантурада оқитындардікін 15 пайызға арттыру жоспарлануда.
Ғылымға басымдық беріледі
Елімізде отандық ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттары бекітілді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді ескере отырып, алдағы жылдарға арналған ғылымды дамытудың алты басым бағыты әзірленгенін алға тартты. Сондай-ақ, дамыған мемлекеттердегі халықаралық тәжірибе де негізге алынғанын жеткізді. Сонымен, аталған тізімге «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану», «Энергия, озық материалдар және көлік», «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар», «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Өмір және денсаулық туралы ғылым», «Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту» бағыттары енді. Олардың әрқайсысы 8-ден 18-ге дейінгі бөліктерден тұрады. Жалпы, белгіленген басымдықтар шеңберінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, топырақ сапасын сақтау, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын көздерді дамыту мәселелеріне назар аударылмақ. Сонымен қатар, құрылыс, машина жасау, өнеркәсіп, көлік технологиялары, робототехника, жасанды интеллект, жаңа материалдар жасау, телекоммуникация, медицина, фармацевтика, мал шаруашылығы, егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізатын өңдеу және басқа да салаларда зерттеулерді қолдау жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, биыл ғылымды қаржыландыру көлемі артып, осы салаға 247 млрд теңге қарастырылған. Ал өткен жылы 172,8 млрд теңге бөлінген.
Жаңа заң әзірленеді
Биыл елімізде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң әзірленеді деп жоспарлануда. Соның аясында бизнес секторының үлесінің бір бөлігін ғылымға бағыттау көзделіп отыр.
— «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде елімізде мықты ғылыми-өндірістік, инжинирингтік орталықтар, ғылыми-технологиялық парктер құрылады. Жер қойнауын пайдаланатын ірі компаниялардың еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға қатысуы артады. 2024 жылы ел экономикасының өңдеуші салаларына ғылымды қажет ететін зерттеулерді тарту мақсатында және ғылым мен бизнес қоғамдастық арасындағы тығыз диалогқа ықпал ететін «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң әзірленетін болады», — делінген құжатта. Демек, бұл жаңа заң қабылданса, отандық ғылым саласының ауқымы кеңейіп, бүгінгіден де қарқынды дами түседі деген үміт бар.
Нұржайна ШОДЫР.