Жаңа оқу жылына дайындық басталып кетті. Облыс орталығындағы сауда орындарында мектепке қажетті керек-жарағын іздеген оқушылар мен ата-аналардың көп жүргенін байқауға болады. Әсіресе, демалыс күндері адам қарасы қалың. Ал оқушы киімі мен кеңсе тауарларының бағасы қалай? Жалпы, бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында шаһардағы бірқатар дүкен мен базарларға бас сұғып, ондағы жұртшылықпен пікірлесіп қайтқан едік.
Жұрт не айтады?
Қаладағы қай сауда орнына барсаңыз да, мектепке қажетті киім-кешектің бағасы оның сапасы мен қандай елден әкелінгеніне байланысты құбылып тұр. Мәселен, Түркия мен Пекиннің өзінен келген фирмалық тауарлардың бағасы қымбатырақ. Сатушылардың айтуынша, бұл өңірлерде өндірілген дүниелердің сапасы өзгелерден жақсырақ көрінеді. Сәйкесінше, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдан жеткізілген тауарлардың құны арзандау. Соған сай, сапасы да сын көтермейді, дейді көпшілік. Бірақ осындай қолжетімді киім сатып алушылардың көп екенін байқадық. Солардың бірі — Ақсу қаласына қарасты ауыл тұрғыны Мәдина Сәрсенбай:
— Менің 3 балам мектепке барады. Оларға сапасы нашар болса да Қытай мен Қырғыздың киімдерін сатып аламын. Басқасын қалтам көтермейді. Соның өзінің бағасы қымбат. Мысалы, 15 жасар ұлыма ең арзан деген костюм-шалбарды саудаласу арқылы 21 мың теңгеден 20 мыңға алдым. Ал ақ жейдесін 10 мыңнан 9 мыңға, аяқ киімін 13 мыңнан 12 мыңға түсірттім. Тек осы 3 киімге 40 мыңнан астам теңге жұмсалды. Енді бұл балаға спорттық киімдер, красовкі, сөмке, күртеше мен кеңсе тауарларын алуым керек. Бұл заттардың бағасы да қымбат екен. Сонда шамамен 1 баламды мектепке дайындауға 100 мың теңге жетпейтін түрі бар. Мен сияқты мектепте бірнеше баласы оқитын ата-аналарға қиынға соққалы тұр, — дейді.
Өкінішке қарай, базардан бір айының айлығын баласының қажеттілігіне жеткізе алмай қиналып жүрген жандарды да кезіктірдік.
— Мен балабақшада жұмыс істеймін. Өткен айдағы жалақ-ымнан бір тиын ұстамай, қызыма мектепке киім аламын деп сақтап қойғанмын. Сол қаражатым түкке жеткен жоқ. Ересек қыз балалардың киімдері өте қымбат екен. Қиналып кеттім. Біздің елде 1-2 баласы барларға мемлекеттен жәрдемақы төленбесе де, жаңа оқу жылы қарсаңында бір реттік материалдық көмек берілсе ғой, — дейді өзін Алтын деп таныстырған Павлодар қаласының тұрғыны. Керісінше, базарларды менсінбей, үлкен сауда орталықтарынан қымбат киім алатын ата-аналар да аз емес көрінеді. «Артур» сауда үйінен сөзге тартқан сондай аналардың бірі — Ләззат Ахметбекова есімді қала тұрғыны:
— Жалғыз ұлым бар. Оның сапалы әрі бренд киімдерді кигенін қалаймын. Сол үшін қажеттілігімізді үнемі үлкен сауда үйлерінен аламыз. Мысалы, мен жаңа ғана 46 мың теңгеге костюм-шалбар алдым. Оны базардан екі есе арзанға табуға болар еді, бірақ сапасы нашар. Бірнеше айдан кейін түтеленіп, түрі өзгеріп кетеді. Жалпы, өз есебім бойынша шамамен 14 жастағы ұлымды мектепке толық даярлауға 200 мыңнан астам теңге кетеді деп топшылап отырмын, — дейді. Ата-аналардың енді бірі әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларындағы әр балаға мемлекет тарапынан үлестірілген 49 мың теңгені қысып ұстап, баласының бір киеріне әрең жеткізіп жатқанын айтады.
Осылайша, әр ата-ананың материалдық жағдайы әр түрлі екенін және ұл-қызын да қалтасына қарап киіндіретінін көз көрді. Десе де, көпшілік мектепке қажетті киім-кешектің жыл сайын қымбаттап жатқанын айтып, реніштерін білдіруде. Ал саудагерлер де жыл сайын тауар бағасы қымбаттап жатқанын жоққа шығармады.
— Себебі, өзіміз Қытай, Түркия, басқа да мемлекеттерден тапсырыс берген дүниелеріміз елге жеткенше бағасына екі есе ақша қосып төлейміз. Алматыдан да киім-кешекті қымбатқа аламыз. Соның үстіне 15-20 пайыз үстеме қосып сатамыз. Осы орынға төлейтін жалдау ақысы бар, соның бәрін өтеуіміз қажет. Бірақ кейбіреулер ұялмастан 50-60 пайыз қосады. Сондықтан мектепке қажетті құралдар мен оқушылар киімдерінің нарықтағы бағасы мемлекет тарапынан реттелсе деген ойым бар. Өйткені, өзім де көпбалалы ана болғандықтан қарапайым халыққа жаным ашиды, — дейді Жанна есімді саудагер.
Баға қолжетімді ме?
Сөз басында айтып өткеніміздей, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен оқушыларға арналған киім-кешектердің бағасы да сапасына қарай әр түрлі. Айталық, халық көп қатынайтын автобекет аумағындағы ел арасында «Қытай базары» деп аталып кеткен әмбебап жәрмеңке кешенінде ер балаларға арналған ақ жейде 7-14 мың, жоғары сыныптың ұлдарына арналған костюм-шалбар бірге 18-35 мың, бастауыш сынып оқушыларынікі 10-25 мың теңге, спорттық киімдер өлшемі мен сапасына қарай 10-32 мың теңге, красовкілер 8-20 мың теңге аралығында сатылуда. Ал қыз балалардың ақ жейделерінің бағасы өлшеміне қарай 6-12 мың теңге, жемпірлер 8-15 мың, юбка-шалбарлар 6-16 мың, аяқ киімдер (ұл-қыздың бәтеңкелері) 8-14 мың теңге деп бағалануда.
Павлодарлықтарға «Ярмарка» деген атаумен жақсы таныс орталық базардағы баға да құбылып тұр. Мәселен, мұнда ер балалардың ақ жейдесі 10-18 мың теңге, шалбарлары 10-15 мың, спорттық киімдер 15-35 мың, красовкілер 10-28 мың, бәтеңкелер 8-20 мың, костюм-шалбарлар 20-42 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Қыздардың киімдері де осында «Қытай» базарымен салыстырғанда 1-2 мың теңге қымбат екені байқалады.
Облыс орталығындағы алыс-жақыннан келетін жұрт жиі баратын «Алматы бағалары» деп аталатын арзан тауарлар дүкеніндегі бағаның базарлардан сәл-пәл төмендеу екенін көрдік. Ал көбінесе қалталылар мен баласына сапалы киім кигізуді қалайтын ата-аналар үлкен сауда үйлеріне барып, өз таңдауларын жасауда. Онда көбінесе белгілі фирмалардың сапалы киімдері сатылатындықтан, бағасы да аспандап тұр. Бірақ, олардың да өз тұтынушылары бар екенін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, кеңсе тауарларына да біраз қаражат жұмсалатыны сөзсіз. Қаладағы базар, дүкендердің қай-қайсысында да қалам-қарындаш, дәптер, күнделік, тыс, қайшы, желім, өшіргіш, ұштағыш және басқа да оқушыға қажетті кеңсе тауарлары самсап тұр. Сапасына қарай бағалары да әр түрлі. Мысалы, 12 беттік жұқа дәптерлер 25-50 теңге, 48 беттік қалың дәптерлер 270-700 теңге, арнайы пәндік 12 қалың дәптер топтамасы 3300-5500 теңге, қаламсаптар 80-800 теңге, жай қара қарындаштар 50-150 теңге, түрлі түсті қарындаштар саны мен сапасына қарай 300-3000 теңге, фломастерлер 500-3500 теңге, сызғыш 80-600 теңге, өшіргіш 80-500 теңге, ұштағыш 80-550 теңге, дәптер мен кітап тыстарының 10 дана жинағы 450-1000 теңге, күнделіктер 500-1000 теңге, сурет салуға арналған альбом бетінің қалыңдығына байланысты 1600 теңгеге дейін сатылуда. Ал сөмкелер мен рюкзактардың бағасы да сапасына қарай 5-30 мың теңге аралығында сатылымда тұр.
Айта кетерлігі, дүкендермен салыстырғанда базарлардағы бағаның 10-15 теңге арзандау екенін аңғаруға болады. Ата-аналардың айтуынша, бұл мақсатқа бір бала үшін шамамен 20-30 мың теңге жұмсалмақ. Егер қымбат сөмке алғыңыз келсе, тек кеңсе тауарларына 40-50 мың теңге беретін боласыз. Әрине, таңдау жасау өз еркіңізде!
Қорыта келе, жаңа оқу жылына бір баланы дайындау үшін, яғни киім-кешегі мен кеңсе тауарларын сатып алуға орта есеппен 150-200 мың теңге керек екеніне көз жеткіздік. Бірнеше баласы қатарынан мектепке баратын ата-аналарға салмақ түсетіні сөзсіз. Алайда «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік санатқа жататын балаларға қаржылай қолдау көрсетілуде. Мұндай көмекті қажет ететіндер үшін облыстық білім беру басқармасында «жедел желі» іске қосылған. Оған жүгіну үшін 65-00-60, 87074916405 телефон нөміріне хабарласуға болады.
Қандай жағдай болса да, бала қатарынан қалмай мектепке баруы тиіс. Жауапты жандар осыны есінен шығармағаны жөн.
Нұржайна ШОДЫР.