Осыдан тура бір апта бұрын Ертіс ауданы Бұланбай ауылында төтенше жағдай орын алды. Таңғы сағат 9.00 шамасында елді мекендегі бір қабатты мектеп өртке оранды. Өкінішке қарай, білім ордасы толығымен жанып кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті кезекшінің пультіне хабарлама түскен бойда оқиға орнына мамандар дереу жіберілгенін айтты. Құтқарушылар 130 шаршы метр аумақтағы өртті сөндірген. 23 қаңтардағы ауа райына байланысты сабақтар онлайн режимде өткендіктен, ғимаратта ешкім болмаған. Абырой болғанда зардап шеккендер тіркелмеді.
Ертіс ауданы әкімдігінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына жақын тұрған бағананың қысқа тұйықталуы себеп болған. Секундына 20 метрге дейін жететін қатты желдің салдарынан бағанадағы қызыл жалын мектеп ғимаратына ауысқан. Аз уақыттың ішінде тілсіз жау білім ордасын түгел шарпыған. Мектеп ішін визуалды тексеру өрттің салдарынан ғимараттың толығымен өртеніп кеткенін және қалпына келтірілмейтінін көрсеткен.
2010 жылы салынған білім ордасында 20 бала оқиды. Оқушыларды орналастыру, оқу жүйесін ұйымдастыру мәселесін шешу үшін Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов пен облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина дереу елді мекенге барып, жергілікті халықпен кездесті.
Жүздесу кезінде ата-аналардың өтініші бойынша Бұланбай негізгі мектебінің оқушыларын осы ауылда орналасқан шағын орталық ғимаратына уақытша орналастыру туралы шешім қабылданды.
Апта соңында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова Бұланбай ауылына барып, жағдайды өз көзімен көрді. Ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымымен кездесіп, оқушылардың жағдайын сөз етті.
Айгүл Қайыртасқызы аймақ басшысы Асайын Байхановтың тапсырмасымен өртке оранған мектептің орнына бала санын ескеріп, жаңа мектеп салынатынын жеткізді.
— Жаңа шағын жинақты мектептің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттен қаражат бөлінеді. Шағын орталықта тәрбиеленп жатқан 8 бүлдіршін де тәлім алатын болады. Біздің тараптан білім берудің үздіксіз болуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғастырылады. Орын алған оқыс жағдай ауыл тұрғындарына үлкен күйзеліс әкелгені сөзсіз. Түсіністік танытып, ұйымшылдық көрсете білген жергілікті жұртшылыққа алғыс білдіремін, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.