Жыл басында Ертіс ауданына қарасты Бұланбай ауылындағы негізгі мектеп отқа оранып, толығымен жанып кеткен еді. Бірақ облыс басшылығы ауылдағы ағайынның алаңдаған көңілін жайландырып, орнына жаңа оқу орнынан салып беруді уәде етті. Сол серт орындалып, балалар оқу жылын заманауи білім ордасында бастады.
Бұланбайдағы бұған дейінгі білім беру мекемесі 2010 жылы салынған болатын. Алайда 23 қаңтар күні мектеп жанындағы баған отқа оранып, қатты желдің салдарынан өрт білім мекемесіне «көшіп», аз уақыт аралығында қызыл жалын шамамен 150 шаршы метр болатын ғимаратты толығымен шарпыды. Абырой болғанда, бұл күні аяздың салдарынан оқушылар қашықтан оқу режиміне ауыстырылып, мектепте балалар да, мұғалімдер де болған жоқ.
Оқыс оқиғадан соң 20 оқушы уақытша шағын орталыққа орналастырылған еді. Бірнеше күн дересінде бұл орталықта оқу кабинеттері мен жиһаздары дайындалып, балалардың ас ішуіне арналған бөлме жабдықталды. Сөйтіп, оқу жылын да аяқтады.
Ал шілде айында мердігер компания бір қабатты жаңа ғимараттың құрылысына кірісті. Небары екі айдың ішінде жалпы аумағы 41,1 шаршы метр болатын жаңа мектеп салып берді. Мұнда 6 оқу кабинеті, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мектепалды даярлық тобы, компьютерлік сынып, спорт және мәжіліс залы, асхана бар. Бүгінгі таңда негізгі мектепте барлығы 20 бала білім алады. Атап айтқанда, бастауыш сыныптарда 5, 5-9-сыныптарда 15 шәкірт оқиды.
Мектептің салтанатты ашылуына облыс әкімі Асайын Байханов арнайы қатысып, ауылдағы ағайынды айтулы күнмен құттықтады.
— Қыста ауылдағы жалғыз мектептеріңіз өртеніп кетті. Біз мұнда жаңа мектеп салуға уәде беріп, уәдемізді орындадық. Алдымен ауыл тұрғындарына шыдамдылық пен түсіністік танытқандары үшін алғыс айтамын. Жаңа білім ордасы тек оқу орны емес, ауылдың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Мектеп бар жерде өмір бар. Бүгін жаңа білім мекемесінің есігі балалар мен тәрбиешілер үшін айқара ашылды. Бұланбай өсіп, өркендей берсін! — деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары жаңа мектептің салынғанына бек қуанышты екенін білдірді.
— Мектеп өртеніп кеткенде бәріміз ауылдың болашағына алаңдадық. Өйткені, ауылдың болашағы тікелей мектепке байланысты. Біз үшін мектеп — ауылдың жүрегі. Ауылдастар балалары көрші ауылдарға кетуге мәжбүр бола ма деп алаңдады. Әкім жаңа мектеп салуға уәде беріп, сөзінде тұрды. Бүгін балалар жаңа сыныптарға кіріп, көңіліміз жайланды, — дейді көпбалалы ана Бекзат Қымбат.
Оқушылар да заманауи оқу орнында білім алатынына қуанышты екендіктерін жеткізді.
— Бұрын біз ескі ғимаратта, тар сыныптарда оқыдық. Қазір бізде әдемі сыныптар, спорт залы және компьютерлер бар. Бұл жақсы оқуға одан әрі шабыт береді, — деді 9-сынып оқушысы Кәусар Жұмабай.
Сөйтіп, Бұланбай ауылының тұрғындары қуанышқа бөленді. Шалғайдағы шағын ғана елді мекенде балалардың заманауи талаптарға сай білім алуына жағдай жасалды. Бұл – бір бақыт.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ, Ертіс ауданы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.