Балабақша балғындарына тәрбиешілердің зәбір көрсету оқиғасы тыйылар емес. Жақында облыс орталығындағы №79 бақшада тағы да жайсыз жағдай орын алды.
Аталмыш мектепке дейінгі мекемедегі көрініс әлеуметтік желіде жарияланған. Онда тәрбиешінің бөбектерді басынан нұқып жіберген сәті түсіп қалған.
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, осы жылдың 1 шілдесі күні №79 балабақшаның ортаңғы тобының ата-аналары мекеме басшысының міндетін атқарушыға бейнебақылау камераларын қарау туралы өтінішпен жүгінген.
– Бейнежазбаны қарау барысында 26-27 маусымдағы жазбаларда түстен кейін тәрбиешінің дөрекілік танытқаны тіркелді. Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес аталған факті бойынша тәрбиеші жұмыстан шығарылды, – деп жазылған хабарламада.
Өкінішке қарай, бұл — Пвлодар қаласы бойынша маусым айында орын алған екінші жағдай. Бұған дейін №16 балабақшада осыған ұқсас оқиғаның болғанын жазған едік. Онда да баланы ұрып-соғу дерегі тіркелген. Қорлық көрген бүлдіршіннің ата-анасы бейнебақылау камерасынан тәрбиешінің баланы бірнеше жерінен табамен және қолмен ұрғанын байқаған. Қазіргі уақытта балаларды ұрып-соқты деген күдікке ілінген тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан босатылған. Құқық қорғау саласының қызметкерлері тергеу-тексеру ісін жалғастыруда.
Жалпы, осыған ұқсас жағдай өткен жылы да өңірдегі мектепалды мекемелерде қайталанған болатын. Психолог мамандар балалар қаншалықты бұзық болса да, оны күшпен қол көтеру арқылы тәрбиелеу ең үлкен қателік екенін айтады. Себебі, бұл жағдай баланың көңіл-күйіне кері әсерін тигізіп, қоршаған ортада өзін қорғансыз, сенімсіз сезінуге алып келетінін айтады. Сондықтан бала жүрегі жараланбауы үшін мектепалды мекемеде еңбек ететін адамдарға қатаң талап қойып, түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізудің маңызы зор, дейді көпшілік.
Н.АҚЫТЕГІ.