Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Мектептер мен балабақшалар дайын ба? Жалпы, биыл отандық білім беру жүйесінде қандай өзгерістер орын алмақ? Осы және өзге де сұрақтар Үкімет отырысында талқыланды.
Бірыңғай база іске қосылмақ
ҚР Оқу-ағарту министрінің мәліметінше, бүгінде қазақтандық балалардың 89,1 пайызы бала-бақшамен қамтылған. Биыл 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі мекемелерге баратын аз қамтылған отбасыларынан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілмек. Саладағы тағы бір жаңалық – балғындарды балабақша кезегіне қою жүйесіне жаңашылдық енгізілмек.
— Мектепке дейінгі ұйымдарда орындардың бөлінуін ашық жүргізу үшін жыл соңына дейін балаларды кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы әзірленуде. Оны толықтай іске қосу жылдың соңына дейін жоспарланып отыр, — деп атап өтті министр Ғани Бейсембаев.
Модульді тамақтану енгізіледі
Биыл оқушыларды жаппай ыстық тамақпен қамту мәселесі оң шешімін таппақ. ҚР Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бұдан былай асханасы жоқ мектептерде модульді тамақтандыру жүйесі енгізілетін болады.
— Асханасы жоқ 669 мектепте ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тамақтандырудың 3 тәсілі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, кейтеринг қызметін ұйымдастыру, модулді асханаларды құру, буфеттік тамақтану тәсілі қолданылады, — деді Ғани Бейсембаев. Сондай-ақ, алқалы жиында ел Президентінің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі де қаралды. Қазіргі таңда аталған тапсырманы орындау үшін барлық өңірдің әкімдіктері тарапынан қажетті қаржы бөлінді. Нәтижесінде,
1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады деп жоспарлануда. Айта кетерлігі, аймағымызда да бұл мәселе толық шешімін тапқан. Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің сөзіне қарағанда, 1 баланың тегін тамақтану құны күніне орташа есеппен 450 теңге деп есептеліп, қажетті қаржы қарастырылған.
Күзет күшейтілуі керек
Алдағы оқу жылында елдегі мектептердің 84 пайызы лицен-зияланған күзетпен қамтылмақ.
— Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша келесі жұмыстар жүргізілді. Алдымен мектептерді ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосу. Ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес бұл көрсеткіш 12 тамызда 83 пайыз болды. Егер жыл басында 1 673 мектеп қосылған болса, қазір бұл көрсеткіш 3 103 мектепке артты, — деді ҚР Оқу-ағарту министрі. Үкімет отырысында есеп берген ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мектептердің қауіпсіздік құрал-жабдығымен қамту жағдайына тексеріс жүріп жатқанын мәлім етті. Соның нәтижесінде, мектеп қауіпсіздігіне бей-жай қараған 24 басшыға айыппұл салынған.
— Ішкі істер органдары 5 620 мекеменің қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталуын жіті тексерді. Тексеру барысында 2 900 нысанда заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелерінің стандарттарға сәйкес келмеуі, дабыл түймелерінің жоқтығы, турникеттер мен лицензияланған күзеттің болмауы. Барлығы 24 басшы жауапқа тартылып, оларға 5,4 млн теңге айыппұл салынды. Қалғандарына кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілді, — деді Марат Қожаев.
Полицейлер тікелей бақылайды
Бұдан былай, мектептердегі бейнебақылау камераларын полицейлер тікелей қадағалайтын болады. Десе де, әлі де кемшіліктер жоқ емес. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары балалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдар осы мәселелерді жою керектігін жеткізді.
— Мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелермен жабдықтауды және бейнебақылау камераларын полиция органдарына тікелей қосуды тез арада аяқтау қажет, — деді Марат Қожаев. Себебі, бүгінгі таңда елдегі мектептердің 30 пайыздан астамы әлі полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған.
Апатты мектептер жойылады
Бүгінде елде 71 мектеп апатты деп танылған. Сондай-ақ, 136 мектеп үш ауысымда оқытады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұдай білім ордаларының басым бөлігі Алматы қаласы (53 мектеп), Батыс Қазақстан облысы (26 мектеп), Түркістанда (20 мектеп) және басқа да өңірлерде бар. Бұл ретте, Павлодар облысында да
3 мектептің апатты екені анық-талып, қазір олардың орнына жаңа білім беру мекемелері салынып жатқанын айта кеткен жөн. Атап өтерлігі, Қазақстандағы апатты және үш ауысымды мек-тептердің мәселесі 2025 жылы толық шешімін табады деп жоспарлануда.
Қорытынды қандай?
Жаңа оқу жылына дайындық барысын қорытындылаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов алдымен мектептердің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін сынға алды.
— Білім беру нысандарының қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарауға жол бермеу керек. Білім беру мекемелерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Барлық мектеп оқу жылының басталуына 100 пайыз дайын болуы тиіс. Оқу-ағарту министрі, өңір әкімдері осы мәселелерді тікелей бақылауда ұстауы қажет. Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды 100 пайыз мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуі тиіс. Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін бір балаға кемінде 40 мың теңгеден алатын болады. Барлығы 500 мыңға жуық балаға осындай көмек көрсетіледі, — деді Премьер-Министр. Сонымен қатар, ол балаларды мектепке тасу үшін биыл 500-ден аса жаңа автобус сатып алынғанын, оқу процесіне сапалы дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс екенін тілге тиек етті.
Әзірлеген – Нұржайна ШОДЫР.