ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми жұмыстар мен диссертацияларды жазу кезінде жасанды интеллектіні пайдалануға болады депті. Бұл жастар жағынан жақсы қолдау тапқанымен, аға буын өкілдері мұндай ақылды технологияны ғылымға араластыруды құптамайды. Неге десеңіз, ғылым жолына келген кез келген адам магистрлік болсын, докторлық болсын ғылыми диссертацияны үлкен ізденіспен, табанды еңбекпен дайындауы керек деп санайды. Яғни, жаңашыл технологияны қолдана білудің қажеттілігі зор шығар, бірақ ой-өріс биіктігі бәрінен маңызды. Мәселені «Алаңның» талқысына салдық.
Саясат НҰРБЕК, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі (пікір интернеттен алынды):
— Жасанды интеллектімен жұмыс істеу бойынша қазір жоғары білім саласында өзіміздің заңнамалық ережелерімізді өзгертіп келе жатырмыз. Болашақта диссертация жазғанда, атап айтсақ, магистрлік, докторлық немесе студенттік жұмыстарды жазу барысында жасанды интеллектіні қолдануға рұқсат береміз. Тек оның бір шарты бар. Ол – «Бұл мәтін ЖИ көмегімен жасалған» деп көрсету керек. Сонда бағалаушылар мен оқытушылар студенттің ЖИ-ді қалай қолданғанын қарайды. Менің бұл ұсынысыммен басқа сарапшылар да келісіп отыр. Расымен, жасанды интеллектіден қорықпауымыз керек, бұл — заман талабы. Сондықтан оны меңгеру, түсіне білу қазіргі қоғам үшін ауадай қажет деп санаймын. Сондықтан ақырындап бірінші кезекте оқытушыларымызды, сосын оқушыларымызды ЖИ-ді дұрыс қолдана білуді үйрету керек. Бұл — біздің ғылыми әлеуетімізді арттыратын өте қуатты құрал. Ал оны меңгермесек, көптеген жаңашылдықтан тысқары қалып қоямыз.
Салтанат СОВЕТОВА, Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы:
— Жасанды интеллектің қазіргі қоғамға пайдасымен қатар зияны да бар деп білемін. Мысалы, студенттер белгілі бір тақырыпта рефераттар, мақалалар жазу барысында ақпарат іздеуге пайдалануға болатын шығар. Бірақ, магистрлік, докторлық диссертация жазуға қолдануға болады дегенмен келіспеймін. Себебі, кез келген магистрант немесе докторант диссертациялық еңбекті өз басымен ойланып, өз еңбегімен ізденіп жазуы тиіс. Бұл олардың интеллектуалды дамуына, сыни ойлай алуына, аналитикалық талдау жасай білуіне мүмкіндік береді. Ал барлығын ақылды технологияның көмегімен жазды дегенде онда қандай ізденіс, қандай жаңалық болады. Ол осы еңбекті жазу барысында өзінің тақырыбы бойынша ғылыми жаңалық ашуы тиіс. Жасанды интеллекті ғылыми жұмыстарға, жобаларға, мақалаларға қолданған күннің өзінде оның этикасын сақтап, талап-шарттарынан аттамау керек. Мысалы, қандай бір жоба жазсаңыз оның тек 10 пайызы ғана жасанды технологияның көмегімен, ал 90 пайызы өз еңбегіңізбен әзірленуі тиіс. Кез келген тақырыпты зерттегенде оның кешегісіне ой жүгіртіп, бүгінгі қоғамдағы ахуалымен салыстыра білу керек. Бұл — тек оқумен, ізденумен келетін құндылықтар.
Арсланбек МҰХАМЕТҚАЙЫРОВ, Марғұлан университетінің докторанты:
— Жасанды интеллектінің ғылыми жұмыстар жазуға тигізер пайдасы көп. Мысалы, деректерді өңдеуді, ғылыми әдебиеттерді талдауды, идеяларды құруды және тіпті модельдеуді жылдамдата алады. Сондай-ақ, үлкен көлемдегі деректерді жылдам талдауға және жасырын заңдылықтарды анықтауға қабілетті, бұл ғылыми материалды дайындау процесін жылдамдатуға және оның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе күрделі аналитикалық әдістерге негізделген немесе үлкен деректермен жұмыс істейтін диссертациялар үшін пайдалы. Диссертация мәтіні негізінде мүмкін сұрақтарды құру, дәлелде әлсіз жақтарды талдау немесе презентацияны құрылымдауға көмектесе алады. Егер қорғау процесі докторанттың ана тілінде емес, өзге тілде жүргізілсе, ЖИ арқылы мәтінді түзетуге және сөз құрамын жақсартуға болады. Дайындық процесінде ЖИ-ні қолдау қорғанысқа байланысты стресті азайтады және өзіне деген сенімділікті арттырады. Заманауи технологияны пайдаланып дайындалғаныңызды білу өзіңізді сенімдірек сезінуге көмектеседі. Жалпы, мұндай технология диссертация қорғауға дайындық процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Дегенмен, ЖИ ғылыми-зерттеу процесін толығымен жүргізу емес, тек жетілдіру құралы ретінде қызмет етуі керек екенін есте сақтаған жөн.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.