5 шілдеде негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Жалпы ҰБТ электронды форматта,
43 тестілеу орталығында «1 компьютер-2 камера-1 тестіленуші» қағидаты бойыша өткізілген болатын. Мамандардың айтуныша, биыл гранттар техникалық мамандықтар бойынша көп бөлініп отыр.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаншы Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде биылғы негізгі ҰБТ қорытындыларын атады. «Осыған дейін айтқанымыздай, ҰБТ-дағы маңызды артықшылықтардың бірі – әр бала екі мүмкіндігін қолданып, ең жақсы нәтижесін грант жеңіп алу конкурсына жолдай алады», — дейді вице-министр. Биыл негізгі ҰБТ тапсыруға 166 мың талапкер 305 мың өтініш білдірген. «Олардың 162 мыңы ҰБТ-ның екі мүмкіндігін қоса есептегенде 291 мың рет тест тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушы-лардың жалпы санының шамамен 83 пайызына тең. Былтырғымен салыстырғанда бұл бірнеше есе жоғары. Былтыр 37 пайыз ғана болған. ҰБТ-ның орташа балы өткен жылмен салыстырғанда 7 балға өсті. Биыл орташа балл 73 болды. 5 адам ең жоғары көрсеткіш алды – 137 балл 120 балдан жоғары алған балалардың саны – 2868», — деді Қуаныш Ерғалиев. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, биыл ІТ саланың 3 бағыттағы гранттарына 16 мың талапкер таласуы мүмкін. «Пәндер комбинациясы бойынша математика мен физика көш басында тұр. Өйткені техникалық мамандықтарға грант өте көп бөлініп отыр. Екінші орында «биология-химия» комбинациясы тұр. Бұл негізінен медициналық мамандықтарды таңдағандар. Сондай-ақ, үшінші орында шығармашылық комбинация таңдағандар тұр. Шығармашылық мамандыққа түсетінде ҰБТ-да екі пәннен ғана тест тапсырады. Ал өздерінің бейінді пәндерінен түсетін оқу орнында тест тапсырады. Биыл абитуриенттердің 10 пайызы «математика-инфор-матика» комбинациясын таңдады. Бұл комбинация бұрын болмағанның өзінде 16 мыңдай талапкер таңдаған», — деді ол. Сондай-ақ, Руслан Емелбаев былтырғы статистикамен биылғы көрсеткіштерді салыстырды. «Былтыр 80 мыңнан астам талапкер грант конкурсына құжат өткізген. Оның әр төртіншісі, яғни, 22 мыңы педагогикалық мамандыққа тапсырған. Ол кезде техникалық мамандықтар екінші орында болған. Үшінші орында ІТ сала, төртінші орында медицина болған. Математика-информатика комбинациясын таңдаған талапкерлер биыл үш бағыт бойынша ғана грантқа таласа алады. Ол — ақпарат технологиялары, ақпарат қауіпсіздігі және информатика пәнінің мұғалімі. 2023 жылға дейін талапкерлер ІТ салаға «математика-физика» комбинациясы бойынша тест тапсырып түсетін. Енді «математика-информатика» комбинациясын таңдаған 16 мың бала болашағын ІТ-саламен байланыстырып отыр деген сөз», — деді орталық директоры.
Өз тілшіміз.