Өкінішке қарай, соңғы уақытта елімізде ерекше білім беруді қажет ететін бала саны артуда. Осыған орай орта мектепке жауапты мамандар да денсаулығында түрлі ақауы бар балаларға арналған оқу-әдістемелік құралдарын дайындау мәселесін қолға алуда. Бұл ретте, Павлодар қалалық білім беру бөлімі әдіскерлерінің көп жұмыс тындырып жатқанын атап өткен жөн.

Соның дәлеліндей, жақында қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті №6 мектепте «Әлеуметтік оқиғалар кітабы» тақы-рыбында шығармашылық топтың кезекті отырысын өткізді.

Шара барысында Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдіскері Шолпан Нұрахметова педагог-ассистенттердің кәсіби өсуі мен құзыреттілігін арттыру, шығармашылық топтың әдістемелік құралын құру мәселелеріне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті. Ал Мария Шорохова, Мадина Медева есімді білікті мамандар мен №6 мектептің педагог-ассистенттері әлеуметтік кітаптың мазмұнымен таныстырып, оны құру алгоритмін көрсетті, тәжірибелік жұмыс бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

Атап өтерлігі, шығармашылық топ жұмысының нәтижесі бойынша ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған әлеуметтік оқиғалар кітабын шығару жоспарлануда. Сол арқылы жарымжан балалардың оқуға деген құштарлығын оятуға мүмкіндік жасалмақ.

Мұндай игі бастама облыс орталығындағы М.Әлімбаев атындағы мектепте де қолға алынды. Бұл білім беру мекемесінде «Нашар көретін балаларға арналған тактильді кітаптар әзірлеу» тақырыбында қалалық шығармашылық топтың кезекті отырысы өтті. Тәжірибелі әдіскер Шолпан Нұрахметова тактильді кітаптар әзірлеуге қатысты тәжірибесімен бөлісіп, қандай мәселеге басымдық беру керектігін түсіндірді.

Аталмыш білім ордасының педагог-ассистенттері Салтанат Тұқман, Гүлдана Абжатова, Жанар Шанбаева тактильді кітаптарға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, оны жасау алгоритмін көрсетті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Әбілманова «Тактильді кітаптарды қалай дұрыс жасау керек» деген тақырыпта шеберлік сабағын өткізді.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы ерекше балалардың ел қатарлы білім алуына арналып отыр, дейді мамандар.

Н.АҚЫТЕГІ.