Ерекше балалар қалай оқуда?

Жел 18, 2025

Күллі әлемде жылдан-жылға ерекше балалардың саны артуда. Осындай жеткіншектерге инклюзивті білім беру мәселесі күн тақырыбында өткір тұр.

Сонымен, дамуында түрлі ауытқулары бар балғындарды қатарына қосу үшін не істеу керек? Оларды оқытудың қандай жолдары бар? Облысымызда ерекше балалардың білім алуына қандай жағдай жасалуда? Осы және өзге де мәселелер Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетте өткен «Инклюзивті білім беру кеңістігін құрудың қағидаттары мен шарттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды.

Қазақстандық және шетелдік сарап-шылар, ғалымдар, логопед, дефек-толог, психолог мамандар бас қосқан жиынға қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды.

Алғаш болып сөз алған Марғұлан университетінің ректоры, басқарма төрағасы Ержан Әмірбекұлы өзі басшылық ететін жоғары оқу орнында ерекше балаларды оқытатын мамандар даяулауға басымдық беріліп жатқанын атап өтті. Осы мақсатта университетте «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасы жұмыс істеуде екен.

Алқалы жиында сондай-ақ, аймағымызда инклюзивті білім беру бағытында қолға алынып жатқан жұмыстарға талдау жасалды. Бұл жөнінде облыстық білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетова баяндады. Оның айтуынша, бүгінде облысымызда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10 мыңнан астам бала тұрады.

– Өкінішке қарай, өңірімізде ерекше балалар қатары жылдан-жылға көбеюде. Мәселен, мұндай балғындар саны 2023 жылы – 7489, 2024 жылы – 8159, ал 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 10766-ға жеткен. Бұл ретте, бала санының артуы диагностиканың жақсаруымен, түзету және инклюзивті қызметтердің қолжетімділігімен де байланысты екенін ескерген жөн, – деді Жібек Оразбайқызы. Яғни, денсаулығында ауытқуы бар балаларды ерте анықтауға мүмкіндік жасалып, инклюзивті білім беруге деген қолдау артқан сайын олардың саны да өсуде, дейді мамандар. Себебі, қазіргі көзі ашық ата-аналар баласының бойынан қандай да бір белгі байқаса, бірден мамандар көмегіне жүгініп, диагностика жасатып, түзету орталықтарын жағалауда. Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде
6 мыңнан астам павлодарлық бала инклю-зивті оқытумен қамтылған. Бұл есепке алынғандардың 56 пайызын құрайды. Атап айтқанда, облыс бойынша 3 мыңға жуық бала арнайы білімге қол жеткізген. Оның ішінде арнайы балабақшаларда 1284 балғын, арнайы мектептерде 958, арнайы сыныптарда 627 оқушы отыр. Ал түзету кабинеттеріне баратын бала саны — 1465, оның 305-і аутизм орталығынан көмек алуда. Сонымен қатар, 600-ден астам жеткіншек басқа ұйымдармен қамтылған. Яғни, олар денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерінің қызметіне жүгінуде. Жалпы, аймақ бойынша инклюзивті білім беруге арналған 34 мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 7 арнайы мектеп-интернат, 9 арнайы балабақша, 4 психологтік медико-педагогикалық консультация, 13 психолог кабинеті және 1 аутизм орталығы бар екенін айта кеткен жөн.

– Басты мақсат – ерекше балаларға ел қатарлы білім беріп, қатарға қосу. Облысымызда осындай балаларды оқытудың бірнеше моделі бір уақытта қолданылуда. Айталық, арнайы мектептерде, мектеп-интернаттарда сөйлеу, есту, көру, интеллект бұзылыстары бар балалар үшін сараланған оқыту жүйесі енгізілсе, жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда интеграцияланған оқыту, ал ерекше қажеттіліктері бар балаларды қалыпты оқушылармен қатар бір сыныпта оқыту үшін инклюзивті білім беру ісі дұрыс жолға қойылған, – деп атап өтті Жібек Айтмұхамбетова.

Облыста бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде қолға алынғанымен, шешімін табуы тиіс мәселелер де жоқ емес. Мысалы, қазіргі уақытта өңірдегі мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінде 504 арнайы педагог жұмыс істейді. Ерекше балалардың көбі жеке-дара айналысуды қажет ететіндіктен, маман тапшылығы мәселесі өткір тұр. Облыстық білім беру басқармасының ақпаратынша, дефектолог, логопед, психолог, педагог-ассистент мамандар жетіспейді. Соның салдарынан түзету көмегінің сапасы төмендеп, балаларға дер кезінде қолдау көрсету ісі қиындық туғызуда.

– Бұл мәселені шешу үшін педагогикалық университетке арнайы білім беру бойынша мамандарды қайта даярлау курстарын ұйымдастыру, инклюзивті білім беру үшін кадрлар траекториясын кеңейтуді ұсынамыз. Сол арқылы кадр тапшылығын жүйелі түрде шешуге мүмкіндік мол. Біздің өңір әрбір балаға қолжетімді білім беру ортасын құруға бағытталған инновациялық инклюзивті тәжірибелер мен әдістемелерді енгізу алаңы болуды жалғастыруға дайын, – деді білім беру басқармасының өкілі.

Облыстық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің (ППТК) басшысы Бибінұр Сүлейменова аталмыш мекемелердің жұмысы жайлы сөз етті.

– Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ерекше балаларды қолдау жүйесінің негізгі элементтері болып табылады. Мұнда жеткіншектердің ел қатарлы мектепке баруына көмектесетін мамандандырылған қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, балалардың таным-түсінігін дамытып, әлеуметтік ортаға бейімделуіне жәрдемдесеміз, – деді ол. Оның айтуынша, облыстық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 2016 жылы Павлодар облысы әкімдігінің қаулысы негізінде құрылған. Мекеменің құрылымына аудан орталықтары мен Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасқан 13 психо-
логиялық-педагогикалық түзету кабинеті кіреді. ППТК-де оқыту жеке және шағын топтық үлгіде өткізіледі. Мұнда көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ұзақтығы баланың жағдайына байланысты 90–365 күнді құрайды. Сондай-ақ, 0–18 жас аралығындағы ерекше балалар мен жасөспірімдерге түзету-дамыту процесі жүргізіледі. Оларды қабылдау ПМПК қорытындысы және ата-аналардың өтініші бойынша жүзеге асырылады.

– Осы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 817 бала түзету кабинеттерімен қамтылды. Олардың басым бөлігін мектеп жасына жетпеген балғындар құрайды. Түзету кабинеттерінің жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, балалардың дамуындағы көптеген бұзылыстар өмірінің алғашқы жылдарында жақсы нәтиже көрсетеді. Сондықтан мамандарға ерте жастан жүгінудің маңызы зор, – деді түзету кабинетінің басшысы.

Конференция барысында Марғұлан университетінің оқытушылары да сөз алып, тығырықтан шығар жолдың шешімін бірге шешуге әрдайым әзір екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, айтулы шараға «Zoom» платформасы арқылы шетелдік ғалымдар да қатысып, инклюзивтік білім берудегі тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Малайзиядағы Кертин университетінің докторы Волтисса Тартори инклюзивті оқытудың маңыздылығына тоқталды.

– Ауытқуы бар балаларға лайықты білім берумен қатар, қоғамда оларды кемсітуге, бөліп-жаруға мүлдем болмайтынын көпшілікке түсіндіру қажет. Сонда ғана ерекше балалар кез келген ортаға тез үйреніп, өздерін еркін әрі сенімді сезіне алады. Сол арқылы өмірге деген құштарлық, білімге деген құмарлық артып, алға қарай ұмтылады. Яғни, үлкен жетістікке жетуге болады, – деді ол. Ал филиппиндік профессор Тесси Тапиадор-Сагадарка ерекше балалардің ешқайсысы артта қалмауы үшін нәтижелі білім беру мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән беру керектігін тілге тиек етті.

Ғылыми конференция секциялық отырыстармен жалғасын тапты.

Нұржайна ШОДЫР.