Ерекше көңіл бөлінеді

Мам 29, 2025

Өкінішке қарай, бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар аз емес. Олардың қатарластарымен араласуына, спортпен айналысуына жағдай жасау маңызды. Бұл бағыттағы өзекті мәселелер таяуда арнайы дөңгелек үстел барысында талқыланды.

Облыс орталығында Қазақстан халық партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен инклюзивті білім беру, осы санаттағы балаларды қолдау тақырыбында жиын өтті. Оған мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер, ерекше білім беруді қажет ететін орталық өкілдері қатысты.

Алғаш болып сөз алған партия филиалы төрағасының орынбасары Әлімбек Ағыбаев инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Айтуынша, осы бағыттағы бастама «ерекше» балаларды, оның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту үшін өңірлік деңгейде жағдай жасайды.

— Біздің мақсат – ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқығын қорғап, оларға қолдау көрсету. Ол үшін өңірде инклюзивті білім беретін әлеуметтік орта құрылғанын қалаймыз. Күшімізді біріктіре білсек, мұндай балалар мен оларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайын айтарлықтай жақсартамыз деген үміттемін, — деді Ә.Ағыбаев.

Жиын барысында медициналық қызметке қолжетімділік пен оңалту, отбасыларды әлеуметтік қолдау сынды маңызды мәселелер қаралды. Облыстық білім беру басқармасы балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетова өңірде осындай санаттағы балаларды оқыту мәселесіне тоқталды. Ал балалар психиатры Ольга Тюменцева оңалту орталықтарына кезекті азайтып, жылжытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахымованың сөзінше, өңірде 490-нан астам балаға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Былтыр оларды қолдауға бюджеттен шамамен 39 млн теңге бөлінді.

Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандардың аздығы өзекті болып отыр. Бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да аз. Ал көптеген бастаманың сәтті жүзеге асуы білікті маманға келіп тіреледі. Сондықтан кадрлық мәселені реттеу – уақыт оздырмай шешілуі тиіс проблеманың бірі.

Дөңгелек үстел кезінде осы санаттағы балаларды спортқа тартуға ерекше ден қойылды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы Олег Кольевтің сөзінше, аймақта арнайы спорттық бағдарламалар енгізілуде. Соның нәтижесінде спорттық белсенділік оларға да қолжетімді.

Жиын соңында түрлі ұсыныс әзірленді. Енді олар жергілікті атқарушы органдарға жолданбақ. Сондай-ақ, партиялық заң жобасын дайындау кезінде ескеріледі.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.