Ерен еңбегі еленді

Қаз 9, 2025

Мұғалімдер күні қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім беру саласына сүбелі үлес қосқан бір топ қазақстандық педагогты марапаттады.

Олардың қатарында павлодарлық тәжірибелі ұстаз, Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Жалпақов Талғат Теміржанұлы да бар. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Мемлекет басшысының қолынан марапат алған ұлағатты ұстаз жас мамандарға сапалы білім беріп, мол тәжірибесімен бөлісуде. Сондай-ақ, өз сабағын қызықты әрі мазмұнды өткізу үшін заманауи технологияларды тиімді қолдануда. Бүгінде көп ізденіп, қызмет етуден аянбаған мұғалімнің еңбегі еленіп, өзгелерге үлгі-өнеге болуда.

–  Президент қолынан алған бұл марапат менің ғана емес, барша ұстаз атаулының  ортақ жеңісі, маңдай тер мен көз майдың өтеуі деп білемін. Әрине, еңбегіміздің бағаланып жатқанына қуаныштымын. Өз басым Ақордаға алғаш рет барып, осындай жоғары деңгейдегі марапатқа ие болып отырмын. Мұғалімдерге мұндай құрметтің көрсетілуіне ризамын.

Жалпы, мен педагогика саласында үздіксіз еңбек етіп келемін. Студенттерім облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Өздеріңіз білесіздер, қазір ІТ саласы дамып келеді. Осы бағытты меңгеруге қабілетті әрі білімді жастарды таңдап, заман көшінен қалмай білім алуы үшін барлық жағдайды жасап отырған басшыма алғыс айтамын, – дейді Талғат Теміржанұлы.

Марапат иесі білім беру саласында 23 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Соңғы 7-8 жыл бойы студенттері халықаралық «WorldSkills», басқа да республикалық деңгейдегі білім додаларына қатысып, олжалы оралуда.

Н.ШОДЫР.