Черноярка жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып оқушылары үшін биылғы жаз ерекше естен кетпестей болып өтті. Маусым айында басталған «Жазғы карусель» сауықтыру лагері жеткіншектердің көңілді демалуы үшін аянбай қызмет көрсетті.

Бұл лагерьде балалар түрлі қызықты оқиғаларды бастан кешті. Әр күн ерекше әсерлерге толы болды. Мұнда келген балалар алдымен жаңа достар тапты, біреуі өз бойындағы жаңа шығармашылық қабілетін ашты, біреуі жұмыс істеудің қызық екенін білді, енді бірі жеңілген кезде ренжімеуді үйренді. Осылайша, жеткіншектер бақытты күн кешуді үйреніп, адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойларына дарытты. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстануға машықтанып, жол қозғалысы мен өрт қауіпсіздігі ережелерін меңгерді. Білікті мамандар балаларға психологиялық қолдау көрсетіп, жеке қасиеттерін танып-білуі үшін жұмыс істеді. Күнделікті жаттығулар, денеге арналған емшаралар, таза ауада би билеу, дем алу сынды іс-шаралар балғындардың денсаулығын жақсартуға оң ықпалын тигізді. Балалардың жазғы мектеп жанындағы лагерьде өткізген ерекше күндері ұзақ уақыт бойы естерінде сақталады деген үміттеміз.

 

Татьяна КОЖУХАНОВА,

лагерь басшысы, Павлодар ауданы.