Жаңа оқу жылы облыс тұрғындары үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Аймақта жаңа оқу жылы қарсаңында бірден жаңа төрт мектеп пайдалануға беріліп, оқушылардың заманауи жағдайда білім алуына жол ашылды. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде алғаш бой көтерген №48 орта мектептің жөні бөлек. Бұл оқу орнының ашылуы – облыстағы сапалы білім алуға қолжетімділікті арттыруды көздеген бастаманың нақты нәтижесі.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында бой көтерген 1 200 орындық білім ордасы — облыс орталығында соңғы жылдары бой көтерген ірі әлеуметтік нысандардың бірі. Бұл — жаңа заманауи ғимарат, яғни кең, жарық әрі қауіпсіз, баланың дамуына қолайлы білім кеңістігі. Мұнда кәсіби ұстаздар ұжымы жас ұрпақтыңдарыны мен қабілетін ашуға бағытталған заманауи әдістемелерді қолданады. Инновациялық оқу ордасы цифрлық құралдармен, зертханалармен, робототехника мен пәндік кабинеттермен жабдықталған. Әр бала түрлі үйірмеге қатысып, шығармашылық тұрғыда дамуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мектепте кітапхана, мәжіліс залы, асхана, спорт залдары, демалыс аймақтары, ойын алаңдары мен шығармашылық студиялар бар. Бастысы, ата-анамен серіктестік орнатылып, ашық қарым-қатынас пен әр баланың жеке дамуына бағытталған бірлескен жұмыс жүргізіледі.
Жуырда жаңа білім ордасы оқу жылының алғашқы күнінде салтанатты түрде ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз алған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл білім ордасы мемлекеттік жобаның нақты жемісі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жаңа мектептер көптеп салынып жатыр. Әсіресе, «Келешек мектептері» ұлттық жобасын ерекше атап өтуге болады. Аталмыш жоба ерекшелігі — салынған мектептердің ішкі және сыртқы безендірілуінің бірегейлігі. Бұл Президенттің еліміздің шаһар және шалғай елді мекен оқушыларының біркелкі білім алуы үшін жүктеген тапсырмасы болатын. Келесі кезекте жоба шеңберінде білім мазмұнын сәйкестендіру, білім сапасын арттыру аясындағы жұмыстар басталып кетті.
Бұл мектептерде заманауи оқыту тәсілдері мен жабдықтар оқушылардың сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, ғылыми пәндерге қызығушылығын, шығармашылық және креативті қабілеттерін дамытуға бағытталған. Білім тек теориямен шектелмей, практикалық сабақтар арқылы меңгеріледі. Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының жеке қабілетін ашуға жағдай жасайды, – деді министр.
Өз кезегінде облыс әкімі Асайын Байханов жаңа мектеп «Достық» шағын ауданының өркендеуіне түрткі болатын әлеуметтік бастамалардың бірі екенін алға тартты.
— «Достық» шағын ауданында көпқабатты жаңа 15 әлеуметтік тұрғын үй салынып, бес мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Алдағы уақытта тұрғындар үшін 240 орындық балабақша, медициналық көмек көрсететін емхана, балаларға арналған көптеген спорт және ойын алаңдарының құрылысы көзделген. Бұған қоса, болашақта қалалық мұз арена, 1 500 орындық конгресс-холл және бес мың орындық бассейні бар спорт кешені салынады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Павлодар қаласында бой көтерген білім ордасы да – облыстағы ауқымды әрі маңызды бастамалардың бірі. Бұл нысандар тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалардың жалғасы болады деп сенеміз, — деді аймақ басшысы.
Мектеп басшысы Айнұр Бекбаеваның айтуынша, №48 орта мектеп үш қабаттан, 10 блоктан тұрады. Бірінші блокта оқушыларға кәсіптік бағдар беруге арналған кабинеттер орналасқан. Ғимаратта екі спортзал және 245 орындық асхана бар.
— Мектеп 1 200 орынға арналған. Бүгінде оқу орнына 0-11 сыныпта білім алатын 1 050 оқушы қабылданды. Оның 164-і 1-сыныпқа барды. Алдағы уақытта жоспар шеңберінде оқушыларды қабылдай береміз. «Достық» шағын ауданындағы балаларды есептемегенде, жақын жердегі №21 мектептен 523 оқушы ауысып келді. Аталған мектептегі қазақ тілді сыныптарға сабақ беретін ұстаздардар құрамы да жаңа білім ұясына ауысып жатыр. Сонымен қатар, конкурс арқылы 30 педагог жұмысқа қабылданды. Жалпы, педагогикалық құрамды 80 адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр, — деді А.Бекбаева.
Аталған білім ордасында екі ауысымда оқыту жоспарланған. Екінші ауысымда – екінші және үшінші сыныптар, бірінші ауысымда – бірінші, төртінші, бесінші және он бірінші сыныптар оқиды. Бастауыш сынып оқушыларын толық бір ауысымға көшіру әзірге мүмкін емес. Себебі, бірінші ауысымдағы балалардың саны асып кеткен.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» моделі – еліміздегі орта білім сапасын арттырудың стратегиялық негізі ретінде ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған әлемде теңдесі жоқ бастама. Жаңа форматтағы мектептердің шамамен жартысы ауылдық жерлерде салынуда. Нәтижесінде, 200 мыңнан астам ауыл баласы заманауи әрі жайлы оқу ордасына қол жеткізеді. Бұл мектептерде заманауи оқыту тәсілдері мен жабдықтар оқушылардың сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, ғылыми пәндерге қызығушылығын, сондай-ақ шығармашылық және креативті қабілеттерін дамытуға бағытталған. Білім тек теориямен шектелмей, практикалық сабақтар арқылы меңгеріледі. Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының жеке қабілетін ашуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, мектептерде экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Мұндай тәрбие «Таза Қазақстан» республикалық акциясының идеяларын жалғастырып, оны ел азаматтарының күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналдыруға бағытталған.
Айдана БОРАНБАЕВА, Павлодар қаласы.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.