Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында өткен республикалық «Ең үздік сынып жетекшісі» байқауында павлодарлық педагог жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, осы сында бақ сынаған өзге ұстаздар жүлделі орындарға ие болды.
Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты қазақстандық мұғалімдер арасында «Ең үздік сынып жетекшісі» байқауын өткізген болатын. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі үлгілі ұстаздар қатысып, бақ сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – ел мектептеріндегі үздік сынып жетекшілерін анықтап, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында тер төгіп жүрген ұлағатты жандардың инновациялық әдістері мен кәсіби шеберліктерін өзгелерге көрсету. Сонымен қатар, дарынды мұғалімдерді қолдау.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Май ауданындағы Е.Мұқашев атындағы орта мектептің ұстазы Ғаламат Жанабек жеңіп алды. Оның ерекше білім беру үрдісіндегі тәсілі мен тәрбие жұмысына деген жауапкершілігіне қазылар алқасы жоғары баға берді. Сондай-ақ, аталмыш сайыста І-орынды Шарбақты ауданы Шалдай орта мектебінің мұғалімі Светлана Ибраева, ІІ-орынды Павлодар қаласындағы Ш.Шөкин атындағы гимназияның мұғалімі Дәуіржан Күлжанов, ІІІ-орынды облыс орталығындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның ұстазы Назерке Семей және Екібастұз қаласы №36 мектеп-лицейінің мұғалімі Еркежан Совет иеленді.
Н.ШОДЫР.