Бүгінгі таңда облыс бойынша балалардың жазғы демалысын көңілді өткізу үшін 304 мектеп жанындағы және 467 бейіндік лагерь жұмыс істеуде. Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің айтуынша, аталған лагерьлерде павлодарлық шәкірттердің көңілді демалуы үшін барлық жағдай жасалған.
Жазғы демалысын қызықты әрі тиімді өткізіп жатқан балалардың қатарында Павлодар қаласындағы Аманжол Шәмкенов атындағы лицей-мектебінің оқушылары да бар. Аталмыш білім беру мекемесіндегі «Балдырған» мектепішілік лагерінің тәрбиешісі Насихат Жанғозинаның айтуынша, мұнда бірінші ауысымда бастауыш сыныпта оқитын 270 бала демалуда.
— Бұл жеткіншектердің демалысын есте қаларлықтай деңгейде қызықты өткізу үшін арнайы бағдарлама жасалды. Сол бойынша лагерьдегі әр күн «Достық күні», «Денсаулық күні», «Спорт күні», «Ертегі күні», «Музыка күні», «Ғарыш күні», «Күлкі күні», «Логика күні» және басқа да атауларға бөлініп, соған сай тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, «Логика күнінде» мамандарымыз шәкірттер арасында ой-өрісті дамытуға арналған зияткерлік ойындар мен шеберлік сағат-тарын жүргізді. Сонымен қатар, шахмат, тоғызқұмалақ, футбол турнирлері, көңілді жарыстар мен жас таланттар шоуы үнемі өткізілуде. Бұдан бөлек, балаларға қаладағы көрікті жерлерді таныстырып, музей, театр сынды мәдениет орындарына саяхат жасадық. Түрлі бағыттағы үйірмелер де жұмыс істеуде. Онда оқушылар өз қолдарымен қызықты бұйымдар жасап, сурет салып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауда, — дейді Насихат Жанғозина. Оның айтуынша, балаларға арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша 3 мезгіл тамақ беріледі. Бір баланың 20 күндік демалысының құны — шамамен 10-14 мың теңге аралығында. Сондай-ақ, жетім балалар тегін тамақтанса, аз қамтылған отбасыларынан келген 19 оқушыға
50 пайыздық жеңілдік қарасты-рылған. Ендігі кезекте мектеп жанындағы лагерьдің екінші ауысымына тағы да 150 бала қабылданады деп жоспарлануда.
Осы балалардың көңілді демалуын әрі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 24 мұғалім «тәрбиеші» міндетін атқарып, таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек етуде. Бастысы, бұл лагерьдегі балалардың көңілі шат, жүзі жарқын. Айта кетерлігі, білім ордасының оқушылары мектептен тыс лагерьлерде де демалуда. Мәселен, бүгінде осы мектептің 65 оқушысы Бурабай демалыс орынына аттанған екен.
Намир ТҰРСЫНБЕК, оқушы:
Мен лагерьге бірінші рет келіп тұрмын. Маған өте ұнады. Мұнда үйдегі сияқты дәмді тамақ ішеміз, ұйықтап, демаламыз. Сурет салып, түрлі ойындар да ойнаймыз. Құр босқа қарап отыруға уақыт жоқ. Сондықтан да болар, әр күніміз қызыққа толы. Келесі жылы да лагерьден қалмаймын деген ойдамын.
Алсу ЗАКРЯНОВА, оқушы:
— Жазғы демалысым қызыққа толы деп айта аламын. Себебі, біз лагерьде жүріп бұрын барып көрмеген керемет орындарға, театрлар мен мұражайларға саяхат жасадық. Мысалы, жақында қаладағы бір музейге бардық. Онда түрлі жануарлар бар екен. Мен оларды өз көзіммен көріп, таңқалдым. Демалысымның көңілді өтіп жатқанына қуаныштымын.
Даут АСЫЛБЕКОВ, оқушы:
— Айта берсем, лагерьдің қызықтары көп. Десе де, мені құммен сурет салу өнері қатты таңқалдырды. Сонымен қатар, осы жақтан жаңа достар таптым. Мұндағы әр күнім ерекше есте қаларлықтай деңгейде өтіп жатыр.
Алдияр МӘДЕНИЕТ, оқушы:
— Лагерьде сыныптас достарыммен бірге әр күнді көңілді өткізудемін. Маған мұнда спорттық жарыстардың көп ұйымдастырылатыны ұнады. Оған өзім де белсене қатысамын. Сондай-ақ, күн сайын түрлі экскурсиялар өтіп тұрады. Біз үшін бұл шаралар өте қызықты. Мәселен, өз басым өрт сөндіру машиналарын көріп, оның қызметімен танысқан сәттен жақсы әсер алдым. Осындай қызықты іс-шаралары ұйымдастыруға ұйытқы болған ұстаздар қауымына айтар алғысымыз шексіз.
Нұржайна ШОДЫР.