«Жайлы мектеп» — жайлы жағдай

Ақп 6, 2025

«Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің әр өңірінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асып, соның аясында заманауи білім беру мекемелері бой көтеруде. Жас ұрпақ үшін жасалып жатқан игі іс аймағымызда да сәтті жалғасын табуда. Бүгінгі таңда аталмыш жоба бойынша облыс орталығында екі мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Павлодарға — екі білім ордасы!

Облыстық білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, Павлодар қаласында мектеп тапшылығы мәселесі әлі де өткір тұр. Нақтырақ айтқанда, қазіргі күні 3 500 оқушыға орын жетіспейді. Осындай мәселені шешу мақсатында қанат қаққан «Жайлы мектеп» жобасы аясында шаһарда қос мектептің құрылысы салынуда.

— Білім ордасының бірі Достық шағын ауданында бой көтеруде. Жалпы сыйымдылығы 1 200 оқушыға арналған. Екінші мектеп Гагарин көшесіндегі Диспетчер шағын ауданында салынып жатыр. Бұл мекеме 600 балаға лайықталған. Жобаның ерекшелігі – білім беру мекемелерінде кіші және жоғарғы сыныптарға арналған аймақтардың бөлек орналасуы. Сондай-ақ, екі спорт зал қарастырылған. Спорттық кешен құрамына 60-40 метрлік футбол алаңы, хоккей корты және волейбол, воркаут, балаларға арналған өзге де ойын алаңдары кіреді. Аталған мектептерде «Бейнелеу өнері», графика және жобалау кабинеттері, STEM-зертханалар, «Дизайн және технология», «Үй мәдениеті», «Тамақтану мәдениеті» шеберханалары бөлек жұмыс істейтін болады, — деп атап өтті Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.

Қуантарлығы, облысымыз-дағы жайлы мектептер биыл пайдалануға берілмек. Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша, осы жылдың сәуір айында Достық шағын ауданындағы жаңа мектептің тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Ал ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінде, яғни алдағы жаңа оқу жылында Диспетчерлік шағын ауданындағы №47 мектептің есігі айқара ашылмақ. Қазіргі таңда аталмыш білім беру мекемелерінде құрылыс жұмыстары жалғасып, педагогтармен қамту, басқа да іс-шаралар қолға алынуда. Қалалық білім беру бөлімінің ақпаратына сүйенсек, Достық шағын ауданындағы мектептің жалпы педагогикалық құрамы – 157 мұғалім, ал №47 мектепте 102 педагог еңбек етеді деп күтілуде. Бүгінде білім беру бөлімінің мамандары жақын маңдағы мектеп оқушыларының контингентін қалыптастыру бағытында қызу жұмыс жүргізуде.

Атап өтерлігі, мектептерге жапсаржай, яғни қосымша құрылыс нысанын салу арқылы да оқушы орындарының тапшылығын шешуге мол мүмкіндік бар. Бұл ретте, Павлодар қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі мектепке 300 орынға арналған 4 қабатты жапсаржайдың құрылысы басталғанын айта кеткен жөн, дейді Қ.Қыдырәлин.

Міне, орын тапшылығы және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуді мақсат еткен «Жайлы мектеп» жобасының шарапатын павлодарлық оқушылар да көп кешікпей көретін болады.

Жұмыс жалғасуда

Республика бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 460 мың орындық 217 заманауи мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 105 мектеп 2024 жылы салынған. Қазіргі уақытта осы жылы аяқталуы тиіс деп жоспарланған білім нысандарының құрылыс жұмыстары үздіксіз жалғасуда.

Ерекше атап өтерлігі, ұлттық жоба бойынша бой көтеретін мектептерде балалардың заман талабына сай тегін білім алуларына жан-жақты жайлы жағдай жасалмақ. Яғни, бұл білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, оқушылардың шығармашылық және интеллектуалды қабі-леттерін дамытатын орта қалыптастырылмақ. Мәселен, жайлы мектептердің көлемі үлкен, техникалық жарақтануы да жоғары деңгейде болады. Әрқайсысында жеке робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, бірнеше спорт зал, алғашқы әскери дайындық сабағы үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылады. Сондай-ақ, әр шәкіртке жеке шкаф пен жылжымалы трансформациялық үстел орнатылады. Мектептің әр қабатына су ішетін фонтан қойылады. Барлық аудитория микрофон гарнитурасы, веб-камера, интерактивті панель, интернетке қосылған дербес компьютермен қамтылады. Ал аулада жасыл алаңдар, көлеңкелі шатырлы және шағын архитектуралық пішіндері бар демалуға арналған орындар, коворкинг, бастауыш мектеп блогының жанында ашық ойын алаңдарын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, инклюзиялық білім беруге де айрықша көңіл бөлінбек. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жеке санитарлық бөлмелері мен кең кабинеттер жұмыс істейді. Денсаулығында ақауы бар, сөйлеу тілі бұзылған жеткіншектерге психолог, логопед, дефектолог сынды мамандар қызмет көрсетеді. Қысқасы, жайлы мектептерде шәкірттер үшін барлық жайлы жағдай жасалмақ.

Тағы бір айта кетерлігі, ұлттық жобамен салынып жатқан білім мекемелері отандық жиһаздар-
мен жабдықталады. Сондай-ақ, жаңа жоба халықты жұмыспен қамту ісіне де үлкен үлес қоспақ. Айталық, келесі жылға қарай орта білім беру нысандарын салу есебінен елімізде 54 мыңға жуық жұмыс орны және 41 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, жұмыссыз жандардың қатары едәуір азая түспек.

Осылайша, бірнеше жылға созылып, жалпы орта білім беру саласындағы өзекті мәселені шешуге арқау болған ұлттық жоба биыл өз мәресіне жетпек. Бұл жөнінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

— Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет, – деп қорытындылады.

Нұржайна ШОДЫР.