Ертіс-Баян өңіріндегі беткеұстар педагогтардың бірі — ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Екібастұз қаласы алдына сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері Майра Қабдықадырқызы Байшина. Ол білім беру саласында жарты ғасырға жуық уақыт бойы талмай еңбек етіп келеді. Жетістіктері де толағай.
Оқушы кезінен зерек болып өскен ол орта мектепті алтын медальмен аяқтап, 1971 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетіне оқуға түседі. Аталмыш жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Қ.Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен технику-мының студенттеріне электротехника және физика пәнінен сабақ беруден бастайды. Сөйтіп, осында 20 жыл үздіксіз еңбек еткеннен кейін Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында оқытушы болады. Ал 1998 жылдан бастап оқушылардың ғылым-білімге деген қызығушылығын арттырып, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беруді мақсат еткен ұстаз шахтерлар шаһарындағы беделді білім ордасының бірі — №1 лицейге мұғалім болып орналасады. Содан бері 26 жыл бойы аталған лицейде тынымсыз еңбек етіп келеді. Мол тәжірибесі бар маман шәкірттерге білім берумен қатар, ғылыммен айналысқысы келетін жеткіншектерге әркез қолдау көрсетіп, қолынан келген көмегін аямауда. Осындай еңбекқор, білікті маманнан тәлім алған ойы озық шәкірттер бүгінде биік белестерден көрінуде. Яғни, жыл сайын оның оқушылары облыстық, республикалық деңгейдегі пәндік олимиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарынан жүлделі орындармен оралатынын айрықша атап өткен жөн. Мәселен, тек соңғы бірнеше жылдағы балаларының жетістіктеріне тоқталар болсақ, 2021 жылы Олег Балабанов және Элина Сушенок есімді шәкірттері «Ультра күлгін сәулелерді пайдалана отырып, ауаны дезинфекциялау құрылғысын жасау» тақырыбындағы ғылыми жобамен облыстық байқауда 3-орынды еншілейді. Сол жылы «XXІ Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясынан II дәрежелі дипломға ие болады. 2022 жылы Олег пен Элина «Ауаны ультра күлгін сәулемен сәулелендіру және тұз иондарымен қанықтыру арқылы залалсыздандыру құрылғысын жасау» тақырыбы бойынша тағы да ғылыми жоба жазып, облыстық кезеңде 2-орынды олжалайды. Тіпті, ауаны залалсыздандыруға арналған құрылғыға инновациялық патент те алады. Бұған қарап, оқушылардың зерттеу жұмысының өзекті екенін аңғаруға болады.
— Ультра күлгін сәулемен сәулелендіру және тұз иондарымен қанықтыру арқылы ауаны залалсыздандыру — қазіргі кездегі ең маңызды мәселелердің бірі. Осы жұмыс 2023 жылдың сәуір айында «XXIIІ Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясында I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, республикалық ғылыми жұмыстар жарысына қатысып, 2-орын алып келді. Ауаға бактерицидтік әсер ету тұрғысынан құрылғының жаңа мүмкіндіктері мен тиімділігі тәжірибелік әрі теориялық тұрғыда дәлелденді, — дейді Майра Қабдықадырқызы. Сондай-ақ, былтыр Элина Сушенок облыстық олимпиадада физика пәнінен 2-орын иеленді. Ағымдағы жылы Дәмелі Әбдірахманова есімді шәкірті «Бөлмелерді дезинфекциялау үрдісін автоматтандырып басқару және ауа ылғалдылығын реттеу құрылғысын жасау» тақырыбы бойынша ғылыми жоба жазды. Ауаны ылғалдандыруға арналған құрылғы үшін инновациялық патент иегері атанды. Осы жұмысы сәуір айында «XХІV Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясында 2-дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұдан бөлек, биыл Александр Людинин есімді оқушысы республикалық Президенттік олимпиададан 3-орын иеленді.
Міне, шәкірттердің осындай жетістікке жетуі – ұстаз еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп жүрген Майра Қабдықадырқызы жақында мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесі қарсаңында ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісімен марапатталды. Бұған дейін де ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Екібастұз қаласы әкімінің Алғыс хаты, «Жаңашыл педагог» төсбелгісі, облыстық білім беру басқармасы мен «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының марапаттарын алған.
Бар ғұмырын отандық білім беру саласына арнаған аяулы жан, ұлағатты ұстазға ел сенім артар дарынды шәкірттеріңіз көп болсын дейміз!
Нұржайна ШОДЫР.