Жасанды интеллект — жарқын болашақ

Қыр 11, 2025

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдан бастап отандық білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге басымдық берілуде. Осыған орай бүгінде бірқатар игі істер қолға алынып жатқанын атап өткен жөн.

Осыдан біраз уақыт бұрын павлодарлық мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесіне арнайы қатысқан ҚР Оқу-ағарту министрлігінің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров мектептерге жасанды интеллектіні енгізудің маңызы зор екенін атап айтқан болатын.

— Ел Президенті білім беру сапасын арттыруға ерекше мән беріп отыр. Әсіресе, жас ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертті. Ұстаздар мен оқушылардың жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды. Соған байланысты мұғалімдер цифрлық ресурстарды қолдану бойынша арнайы курстардан өтетін болады, — деген еді комитет төрағасы аймағымызға келген сапарында.

Жалпы, бүгінде министрлік тарапынан мектептерге жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған жұмыстар қызу қолға алынуда. Еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2025–2026 оқу жылында AI интеграциясы «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінен басталмақ. Бұл ретте, орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттары мен оқушыларға арналған Day of AI онлайн курстары әзірленуде екен.

— Білім беру саласындағы жаһандық өзгерістерді, халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, Қазақстан мектептерде жасанды интеллект элементтерін кезең-кезеңімен енгізу көзделіп отыр. Бұл жүйе білім беру саласының ерекшеліктерін, мамандардың пікірлерін және оқушылардың қажеттіліктерін жан-жақты ескеріп құрылады, – делінген ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта. Демек, жасанды интеллектіні ел мектептеріне енгізу жұмыстары біртіндеп жүзеге асатын болады. Ол үшін білім ордаларын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтудың маңызы зор, дейді мамандар. Қуантарлығы, осы бағыттағы жұмыстар да сәтті жалғасын табуда.

— Қазіргі таңда Қазақстанда 8 042 мектеп бар. Оның 7 917-сі интернетке қосылған. Солардың ішіндегі 4 663 мектеп талшықты-оптикалық байланыс арқылы, 3 254 оқу ордасы басқа технологиялармен, яғни Starlink, ADSL, LTE-модем, спутниктік және радиорелелік байланыспен қамтылған, — дейді ҚР Цифрландыру және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев. Оның айтуынша, жақында 450 мектепті талшықты-оптикалық байланысқа қосу көзделген. Сондай-ақ, министрлік пен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы инвестициялар туралы келісім аясында 2 010 мектепке талшықты-оптикалық байланыс жеткізілмек. Нәтижесінде, 2025 жылы – 819 мектеп, ал 2026 жылы — 1 191 мектеп жоғары жылдамдықты интнернетке қол жеткізеді деп жоспарлануда. Сол арқылы жасанды инттелектіні енгізуге де мол мүмкіндік туады деген үміт бар.

Нұржайна ШОДЫР.