Бұған дейін бір топ павлодарлық жас ғалымның гранттық қаржыландыру байқауының жеңімпазы атанып, қомақты қаражатқа қол жеткізгені жөнінде жазған болатынбыз. Олардың қандай жобамен айналысып жатқаны, отандық ғылым саласына қосар жаңалығы көпшілікті қызықтырып отырған жайы бар. Осыған орай грант иегері атанған жас ғалымның бірі, Торайғыров университетінің оқытушысы Ризагүл Мегданиятқызы Машрапованы сөзге тартып, өзінің ғылыми еңбегі жайлы әңгімелеп беруін өтінген едік.

Бәсекеге қабілетті құрылғы жасаймыз!

Біздің жобамыз «Ресурс үнемдеу және жоғары сенімділік есебінен бәсекеге қабілетті релелік қорғау құрылғыларын құру» деп аталады. Оның басты мақсаты – электрмен жабдықтау жүйесінің кернеуі 6-35 кВт болатын кейбір элементтері үшін сенімділігі жоғары, ресурсты үнемдейтін бәсекеге қабілетті релелік қорғаныс құрылғыларын жасау.

Жобаны докторантурада оқып жүрген кезімде бастадым. Диссертация жазып, ары қарай бұл жұмысты дамытуды мақсат еттім. Сөйтіп, ғылыми жетекшіммен бірге білек сыбана іске кірістік. Яғни, осы бағыттағы жұмыстармен менің ғылыми жетекшім, техника ғылымдарының докторы, профессор Марк Яковлевич Клецель және өзім айналысудамын. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын өткізетін «Жас ғалым» жобасы бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына белсене қатыстық. Барлық еңбегіміз сол байқауда сарапқа салынды. Нәтижесінде үздік жобалар қатарынан көріндік.

Жалпы, бұл жобаны жүзеге асыру барысында мақалалар жоғары рейтингті халықаралық рецензияланған ғылыми басылымдарда жарияланады және әзірленіп жатқан құрылғыларға, өнертабыстарға патенттер алынады. Сонымен қатар, гранттық қаржыландыруға, конкурсқа қатысу үшін оны одан әрі дамыту жолдарын анықтау жоспарлануда. Осы бағыттағы қолға алған жұмысым аяқталғаннан кейін қауымдастырылған профессор атағын алу ойым бар.

Ризагүл МАШРАПОВА, Торайғыров универстетінің оқытушысы.