Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық науқаны аймақта биыл да жалғасын тапты. Жуырда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы, Павлодар облысы өкілдігіне қарасты «Зекет және қайырымдылық қоры» және қала, аудан, ауыл мешіттері оқушыларға мектепке қажетті киімдер мен заттарды үлестірді.

Сауапты шарада орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қанат Қабдыкәрімұлы жас ұрпақ өкілдеріне келе жатқан жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, еліміздің болашақ тірегі болатын ұландар болып өсуіне тілектестігін білдірді. Шара аясында қала, аудан мешіттерінің ұйымдастыруымен көпбалалы және жалғызбасты аналар, өтініш жасаған отбасыларға көмек қолы созылып, облыс бойынша барлығы 600 балаға мектеп сөмкесі мен оқу жабдықтарын тапсырылды. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті 120, қалалық Бижан мешіті 13, Ақмешіт 50, Әбу Бәкір Сыддық мешіті 10, Ғазиз мешіті 10 сөмке мен оқу құралын тарту етті. Сол сияқты, Екібастұз және Ақсу қалаларының, аудандардың мешіттері де сауапты іске үлесін қосты.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ.