Биыл елімізде 146 мектеп салынып, 130 мың балаға есігін айқара ашады деп жоспарлануда. Бұл жөнінде Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысында белгілі болды.

 

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2020-2022 жылдары республикада түрлі қаржыландыру көздері есебінен 340 мың оқушыға арналған 626 мектеп пайдалануға берілген. Ал биыл қабырғасы қаланып жатқан 146 мектептің 62-сі жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Аталмыш бағдарлама аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ. Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Премьер-Министр ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ, қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жөніндегі жұмысты жеделдету қажеттігін қадап айтты.

— Жер учаскелерінің дайындығы бойынша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын, осы мәселелердің барлығын жедел шешу қажет, — деді Әлихан Смайылов. Атап өтерлігі, бұл бағыттағы жұмыстар Павлодар облысында да жалғасын табуда. Қазіргі таңда аймақта апаттық жағдайда деп танылған үш мектептің орнына жаңа білім ордалары салынуда. Олар Баянауыл, Павлодар және Железин аудандарының елді мекендерінде екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, алдағы үш жыл жылдың ішінде облыс орталығындағы «Достық», «Усолка», «Шығыс» және «Жастар» шағын аудандарында 4 жаңа мектептің құрылысы бой көтеріп, бала саны көп №4, №22 және №27 мектептерге 1200 орынға лайықталған қосымша жаңа корпустар салынады деп жоспарлануда. Соған қарамастан, өңірімізде мектеп тапшылығы әлі де бар. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, осы саладағы шешімін таппаған түйткілдің бірі — үшауысымды мектеп мәселесі.

— Бүгінде Павлодар қаласында 8 үшауы-сымды мектеп бар. Осы олқылықты жою мақсатында қосымша қосалқы ғимараттар, жаңа мектептер салу жоспарланған. Қазір құрылыс жұмыстары басталып та кетті, — дейді басқарма басшысы.

 

Нұржайна ШОДЫР.