Баянауыл ауданы Ақсаң ауылдық округіне қарасты Қаражар ауылында заманауи үлгідегі жабдықтармен жарақталған 100 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді. Білім ошағының ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, сондай-ақ, жергілікті ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.

Аймақ басшысы Асайын Байханов жаңа білім ұясының «ERG» кәсіпорны мен Павлодар облысының әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы өзара әріптестік туралы меморандум аясында бой көтергенін атап өтті. Жобаға құйылған инвестиция көлемі 932 миллион теңгені құрайды. Осылайша жыл сайын өңірімізде заманауи жаңа білім ошақтары салынып, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар жағдай жасалып жатқанын жеткізген облыс әкімі Қаражар ауылының тұрғындарын осынау айтулы оқиғамен құттықтады.

— Қаражар ауылындағы бұған дейінгі мектеп апаттық деп танылған соң, жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды. Нәтижесінде, қысқа ғана мерзімде осындай білім шаңырағы бой көтеріп, жаңа мектеп ғимараты оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл биыл Павлодар облысында пайдалануға берілген алғашқы мектеп емес. Қыркүйек айында Железин ауданына қарасты Моисеевка ауылында Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп ашылды, ол да апатты жағдайда болған мектептің орнына салынған болатын. Ұлт болашағын тәрбиелеу жолындағы мұндай игі ісіміз әрқашан да оң нәтиже бермек. Бұл мектептің бой көтеруіне демеуші болған «ERG» компаниясына алғысымды білдіремін. Баланың мінез-құлқының негізі мектепте қалыптасатыны белгілі. Сондықтан ұстаздар мен ата-аналарға еліміздің болашақ мәдениетті, білікті, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін, – деді облыс басшысы. Сонымен қатар, Асайын Байханов келесі жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұл мектепте 10-11-сыныптар ашылатынын айтты. Яғни, аталмыш негізгі мектеп жалпы орта білім беру мектебі мәртебесіне ауыстырылады деп жоспарланып отыр.

— Болашақта оқушылар санының өсетініне сенімдімін. Жаңа білім ошағының пайда болуымен жас отбасылар да ауылға келеді деп үміттенемін, өйткені, мектеп – ауыл өмірі мен оның болашақ дамуының бірден-бір кепілі. Бұл ауылдың тарихы терең, келешегі зор. Мұнда жекелей туризм де дамыған, Мырзашоқы шаңғы базасы да бар, — деді облыс әкімі. Айтулы шарада сөз алған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінгі таңда ауылдардағы апаттық деп танылған мектептердің мәселесі тек мемлекет тарапынан ғана емес, кәсіпкерлердің де қосқан үлесімен шешіліп жатқанын жеткізді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Қазақстанда 400-ге жуық мектеп салу жоспарланып жатыр.

— 1 қазанға дейін елімізде 78500 орындық 77 жаңа мектеп ашылды. Аталмыш көрсеткішті 132 мың орынға дейін жеткізуді жоспарлаудамыз. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселелерін, сондай-ақ, 113 елді мекендегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 740 мың орындық 369 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл мәселені шешуде бизнес өкілдерінің де шетте қалмағаны қуантады, — деп атап өтті еліміздің бас педагогы. Жаңа білім ордасының лентасы қиылған соң облыс әкімі іс-шара қонақтарымен ғимараттың ішін аралап көрді. Мектептің кітапхана, асхана мен спорт залдары арнайы заманауи жабдықтармен жарақталған. Сондай-ақ, білім ордасында шеберхана, мәжіліс залы, шағын орталықтар мен IT-сыныптары бар. Бұдан өзге мектеп ауласында серуендеп демалатын орындар мен арнайы спорт, ойын алаңдары қарастырылған. Мектеп директоры Айнагүл Шомақованың сөзінше, жаңа білім ошағы тозығы жеткен 1958 жылғы «тоғыз жылдық» мектептің орнына салынды. 100 орындық нысанның құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталып, қазанда аяқталды. Жұмыстарды «ЕвроТехСтрой-2003» ЖШС орындады.

— Мектепте барлығы 11 оқу кабинеті бар. Оның ішінде бастауыш сынып, биология, физика, химия, смарт оқу, алғашқы әскери дайындық, информатика кабинеттері және зертхана бөлмелері бар. Сол секілді биология, физика, химия пәндері бойынша сандық лабораториямен қамтамасыз етілген. Мектеп кітапханасында оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында оқулықтар қоры толықты. Сонымен қатар, білім ошағында Смарт оқыту тақталары орнатылған. Бұл арқылы ақпараттық коммуникациялық технология көмегімен уақытқа, кеңістікке шектелмей, ыңғайлы білім алуға мүмкіндік бар. Яғни, білімнің кең көлемді қолжетімділігі қарасты-рылған, – дейді мектеп директоры. Салтанатты шара соңында облыс әкімі Асайын Байханов жаңа мектепке ағаш отырғызып, өңірді көркейту-көгалдандыру науқанына үлес қосып, шыбық қадады. Облыс басшысымен қатар, жасыл желектерді отығызуға ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен мектеп оқушылары қатысты. Қонақтар отырғызған жас ағаштардың көшетіне мектеп оқушылары су құйып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін танытпақ.

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.