Жылан жылы өңіріміз үшін ел есінде қаларлықтай елеулі оқиғаларға толы болды. Әсіресе, білім беру саласындағы жағымды жаңалықтар көпшілікті қуантты. Атап айтқанда, аймақ тарихында алғаш рет бір жылдың ішінде қатарынан төрт қазақ мектебінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, бірнеше білім ордасының табаны тартылып, құрылысы басталды.
Осы оқу жылында облыстың білім беру саласында көптен бері қордаланып келе жатқан бірқатар өзекті мәселелердің түйіні тарқады деп айтуға болады. Мысалы, ауылдардағы апаттық мектептердің орнына жаңасы салынды. Ал шаһарда бой көтерген жаңа оқу ордасы орын тапшылығын азайтып, үшауысымды мектептер мәселесін шешуге ықпал етті.
Атап өтерлігі, бұған дейін бұрынғы ескі мектептердің жағдайы, бір білім мекемесіне зар болған Бірлік ауылындағы ағайынның өтініші және қазақ мектептерінің қатарын арттыруға қатысты мәселелер аймақ айнасы атанған облыстық «Saryarqa samaly» газетінде де көтерілген болатын. Биыл көптің тілеуі қабыл болып, жаңа мектептердің есігі айқара ашылғаны павлодарлықтарды қуанышқа кенелтті. Енді соларға аз-кем тоқтала кетер болсақ, осы жылы облыс орталығындағы Достық шағын ауданында көркі көз тартатын үшқабатты білім шаңырағы пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қанат қаққан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында аймағымызда алғаш рет салынған осынау №48 мектептің ашылуына сол кездегі ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы келіп қатысты. Бүгінде мемлекеттік тілде оқытатын жайлы мектеп 1 мыңнан астам баланы білім нәрімен сусындатуда.
– Бұл мектеп 1200 балаға арналып салынған. Шәкірттер екі ауысым бойынша оқиды. Оқушылар жан-жақтан жиналды. Осында оқуға ниет білдірген шәкірттердің ешбірінің бетін қақпай, бәрін қабылдадық. Біз үшін балалардың барлығы бірдей. Бір ерекшелігі, бұл мектепте тереңдетіп оқытатын гимназия сыныптары мүлдем жоқ. Яғни, шәкірттердің білім алуына тең мүмкіндік жасалады. Ерекше балалар да қатарластарынан қалыспай бір сыныпта оқи береді. «Келешек мектептері» бағдарламасының басты мақсаты да саладағы инфрақұрылымдық теңсіздік пен алшақтықты жойып, оқушыға жайлы орта қалыптастыру екенін айрықша атап өткен жөн, — дейді №48 мектеп директорының ғылыми әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Венера Иванова.
Қуантарлығы, жайлы мек-тептегі 60 оқу кабинеті толығымен қажетті материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Яғни, шәкірттердің сапалы білім алуына мол мүмкіндік жасалған.
Ағымдағы жылы сондай-ақ, Аққулы ауданының Тілектес ауылында, Ертіс ауданының Бұланбай ауылында және Павлодар ауданының Бірлік ауылында үш жаңа мектеп ашылып, балалар игілігіне берілді. Осы сәтті елді мекен тұрғындары көптен күткен еді. Мәселен, сөз басында айтып кеткеніміздей, Бірлік ауылында бірінші рет мектеп салынған. Бұған дейін мұндағы 100-ге жуық оқушы білім алу үшін көрші ауылға қатынап тұрған. Өкініштісі, онда бала саны көп болғандықтан шәкірттердің қосымша үйірмелерге баруына еш мүмкіндік болмаған еді. Енді бұл қиындықтың бәрі артта қалды.
Тілектес ауылының балалары үшін де осы жыл сәтті болды. Яғни, қамыстан салынған ескі әрі суық мектепте оқыған оқушылардың мәселесі оңынан шешілді. Бүгінде олар қала балаларынан қалыспай жылы да жайлы жағдай жасалған алтын ұяда алаңсыз оқуларын жалғастыруда. Сол сияқты Бұланбай ауылында да төтенше жағдай салдарынан жанып кеткен мектептің орнына жаңасы салынып, оқушыларды қуанышқа бөледі. Шағын елді мекендегі 20 балаға арналған мектепте 6 оқу кабинеті, компьютерлік сынып, спорт және мәжіліс залы, асхана орналасқан. Бастысы, балалар үшін барлық жағдай жасалған.
Нұржайна ШОДЫР.
