Павлодар қаласының ұстаздар қауымы дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосты. Педагогтар өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, жаңа оқу жылында қолға алынатын маңызды міндеттерді талқылады. «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбын арқау өткен ауқымды жиында оқу үрдісіне жасанды интеллект жүйесін енгізу, озық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттыру сынды өзекті мәселелер сөз етті.
Айдана ҚУАНЫШЕВА
Облыс орталығы Ж.Тәшенев атындағы №37 мектепте өткен тамыз кеңесіне Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева, Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Тимур Нұркешов, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы, мектеп директорлары, ұстаздар қауымы мен балабақша тәрбиешілері қатысты.
Светлана Анатольевна соңғы жылдары шаһардағы білім беру мекемелерінде оқушы санының артуына байланысты мектепте орын тапшылығы мәселесі туындағанын атап өтті. Бұл түйткілді шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қаладағы 12 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Биыл да ірі жобалар қолға алынған. Қазір К.Мақпалеев атындағы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Достық» шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Гагарин көшесінде 600 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепке қосымша 288 орындыққа арналған ғимарат салынуда. Бұл ешім мектептің қос ауысымсыз толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
— Еңбек нарығында өз орнын таба алатын білікті маман даярлау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл шешім білім беру жүйесін жаңғыртуға және кадрлар даярлау сапасын арттыруға тың серпін берді. Сондықтан алдағы кезеңде білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі – оқушыларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру, олардың саналы кәсіби таңдауына қолдау көрсету және жұмысшы кәсіптердің қоғамдағы маңызын түсіндіру болмақ.
Шәкірттердің өз қабілеті мен бейіміне сәйкес саналы түрде мамандық таңдауы – елдің адами капиталының қалыптасуына тікелей ықпал ететін маңызды қадам. Өйткені, дұрыс таңдау жасаған мамандар – экономи-калық өсімнің, тұрақты дамудың және әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі, — деді С.Гладышева.
Маңызды жиында Тимур Нұркешов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, қаладағы мектепке дейінгі 83 ұйым ваучерлік қаржыландыруға көшкен. Нәтиже-сінде 16,5 мыңнан астам бала автоматты түрде ваучер иегері атанған. Қала мектептеріндегі педагогтардың 77 пайызы жаңа форматтағы санатты иеленген. Оның ішінде педагог-зерттеушілердің, шеберлердің, сарапшылардың үлесі 51 пайызды, мектепке дейінгі мекемелерде 60,6 пайызды құрайды.Бұған педагогтарды конкурстық негізде жұмысқа қабылдау кезіндегі жүйелі шаралар, кадрларды аттестаттаудың жаңа форматы, педагогтардың қызметін әдістемелік сүйемелдеудің жаңа тәсілдері ықпал етті.
Конкурстық негізде қала мектептеріне 340 педагог қабыл-данды, олардың 50 пайыздан астамы жоғары білікті. 673 педагог курстық дайын-дықтан және курстан кейінгі қолдаудан өтті.
Қалалық олимпиадалық команда облыс қалалары арасындағы «Үздік олимпиадалық команда» атағын тағы да растады. ҰБТ-ға қатысатын түлектердің үлесі 89 пайызға артты. «Алтын белгі» иегерлерінің саны мен мемлекеттік грант иеленушілердің саны да 52 пайызға көбейді. Жыл сайын Әлихан Бөкейхан және Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептердің түлек-терінің басым көпшілігі оқуға грантқа түседі. Биыл мемлекеттік грант үлесі тұрғысынан шаһардағы №24, №25, №30, Б.Момышұлы, А.Шәмкенов, Малайсары батыр және Ж.Тәшенев атындағы мектептер де жоғары нәтиже көрсетті. Өкінішке қарай, 11 мектептің «Алтын белгі» аттестатының иегері мемлекеттік грантқа ие бола алмады, — деді Т.Нұркешов.
— Білім беру бөлімінің басшысы соңғы үш жыл ішінде мектептегі үйірмелер саны 103-ке артқанын атап өтті. Үйірмелер санының өсу қарқыны қатысушылар санынан екі есе жоғары. Бұл тақырыптардың әралуандығы, бағыттардың кеңеюі, жеке сұраныстарды қанағаттандыруды қамтамасыз ететінін көрсетеді. Мамандандырылған студиялар, зерттеу үйірмелері, кәсіби бағдарға бағытталған бірлестіктер саны өсіп келеді. Бұл оқушылардың әлеуметтік, экологиялық, креативті және IT-бағыттардағы қызығушылықтарын ескеруге мүмкіндік береді, — деді Т.Нұркешов.
Тамыз кеңесінде сөз сөйлеген Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы оқу орнында педагогтарды даярлауда заманауи білім жүйесі негізге алынатынын, биыл шет елден оқытушылар келетенін айтты. Шетелдік 5 профессор болашақ ұстаздарға бір жыл көлемінде сабақ беріп, университет педагог-тарымен тәжірибе алмаспақ.
Ауқымды жиында дәстүр бойынша өткен оқу жылында зор жетістікке қол жеткізген ұстаздар қауымы жоғары марапатқа ие болды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ләйлә ЖҮСІПОВА, Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің директоры:
— 2024-2025 оқу жылы мектебіміз үшін нәтижелі әрі табысты жыл болды. Білім ошағы сапалы білім беретін мектеп қатарына енді. Биыл екінші рет Ә.Бөкейхан атындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Ә.Бөкейхан атындағы медаль шығарылды. Мектептің жобалық қуаты — 650 оқушы. Қазір бір мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылында 6 сынып ашылып, әр сынып 28 баламен толықты. Педагогтардың біліктілігі жоғары. Тамыз кеңесінде тағы марапатқа ие болып отырмыз. Жаңа оқу жылы барша ұстаздар қауымына жетістікке толы болсын!