Екі аптадан кейін тағы бір жаңа оқу жылы басталмақ. Яғни, ала жаздай асыр салып ойнаған оқушылар алтын ұя мектебімен қайта қауышатын күн алыс емес. Оларды алда не күтіп тұр? Жалпы, осы жылы отандық білім беру саласында қандай өзгерістер орын алмақ? Жауап іздеп көрейік.

Жүктеме азаяды

Осы оқу жылында білім беру бағдарламаларының тақырыптық мазмұны оңтайландырылмақ. Соның нәтижесінде, оқушылардың жүктемесі азаяды деп жоспарлануда.

— Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қолданыстағы мемлекеттік білім беру стандартының, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының құрылымдық негіздері сақталады. Оқу бағдарламаларының тақырыптық мазмұны оңтайландырылды. Осының есебінен білім алушының жүктемесі азайып, пәндер бойынша оқу материалын қайталауға және бекітуге қосымша сағаттар көзделген, — делінген ҚР Оқу-ағарту министрлігігі ұсынған ақпаратта. Сонымен қатар, бүгінде білім беру саласындағы басты мәселенің бірі – ауыл мектептерінде ғаламторға қолжетімділіктің төмендігі. Салдарынан ауылдық мұғалімдер электронды күнделікті толтыруда көп қиындыққа тап болуда. Биыл бұл мәселе де біртіндеп оң шешімін таппақ. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Starlink спутниктік байланысы есебінен ауылдық мектептерді интернетке қосу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта елдегі 1879 мектептің 1731-ін StarLink технологиясы арқылы ғаламторға қосу жұмыстары қолға алынуда.

Таңдау беріледі

Биыл мектептерге оқу курстары мен элективті курстарды таңдауға құқық беріледі. Сондай-ақ, мектептерде оқытылатын «Абайтану» және «Алаштану» курстарын да таңдауға мүмкіндік қарастырылғанын атап өткен жөн.

— 9-11 сыныптарға арналған «Абайтану» курсының бағдарламасы Оқу-ағарту министрінің №399 бұйрығымен бекітілген. Бұл курс таңдау курсына жатады. Оны оқыту туралы шешімді әр мектептің өзі дербес қабылдайды. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын гуманитарлық бағыттағы «Абай мектебі» желілік мамандандырылған мектептері 5-11 сыныптарда «Абайтану» пәнін міндетті түрде оқиды. Министрліктің бұйрығымен 9-сыныпқа арналған «Алаштану» курсының үлгілік оқу бағдарламасы да бекітілді. Бұл да — таңдау курсы, — делінген министрліктің ақпаратында.

Жалақы өсе ме?

Дәл осы сұрақ көпшілікті толғандыруда. Алайда ҚР Оқу-ағарту министрлігі биыл педагогтердің жалақысын арттыру мәселесі қолданыстағы заңнамада қарастырылмағанын мәлім етті. Бірақ министрлік өкілдері сынып жетекшілігі үшін белгіленген қосымша ақының мөлшерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатқанын айтуда.

— Қазіргі уақытта педагогтерге сынып жетекшілігі үшін азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесімен белгіленген қосымша ақының қолданыстағы мөлшерін ұлғайту мәселесі қарастырылуда. Өз кезегінде министрлік ұсынылған бастамаға бюджет қаражатының қосымша қажеттілігін айқындап, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға заңнамада белгіленген тәртіп бойынша ұсыныстар енгізуді жоспарлап отыр. Еңбекақы төлеу жүйесінің 4-қосымшасының 9-тармағына сәйкес білім беру ұйымдарының басқару біліктілік санаты бар басшылары мен олардың орынбасарларына лауазымдық ақыдан 30-дан 100 пайызға дейінгі мөлшерде басқару біліктілік санатына байланысты қосымша ақы белгіленген. Сонымен қатар, еңбекақы төлеу жүйесінің 4-қосымшасының 8-тармағына сәйкес біліктілік санаты бар білім беру ұйымдарының педагогтеріне лауазымдық ақыдан 30-дан 50 пайызға дейінгі мөлшерде педагогикалық шеберлігіне байланысты қосымша ақы қарастырылған, — деп түсіндірді ведомство.

Айта кетерлігі, педагогтердің жалақы мөлшері білім деңгейіне, біліктілік санатына, жұмыс өтіліне, орындалатын жұмыстың көлеміне, сондай-ақ, ынталандыру үшін берілетін қосымша төлемдер мен үстемеақыларға байланысты есептеледі.

Мектеп саны артады

Жаңа оқу жылы қарсаңында ел бойынша 61 жаңа мектептің тұсауы кесіліп, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеп, жауапты азаматтарға аталмыш білім беру мекемелерінің дайындығын пысықтауды тапсырды.

— Қыркүйек айында елімізде 4,5 млн бала оқуға барады. Бұл — оқушылармен қатар, ата-аналар үшін де өте маңызды қадам. Сондықтан білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз ету қажет. Жаңа мектептерді тапсыру бір бөлек, оларды оқушыларды қабылдауға дайындау үшін де үлкен жұмыс атқару керек. Ғимараттарға, оқу кабинеттеріне, асханаларға қойылатын барлық қауіпсіздік шарттарын, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы талаптарды орындау қажет. Жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханаларды, спорт залдарын жабдықтау керек, — деген үкімет басшысы бұл – тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына ғана емес, барлық білім беру объектісіне қатысты қойылып отырған талап екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол осы айда күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуы тиіс екенін айтып, қыркүйекте балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Атап өтерлігі, биыл жыл соңына дейін Павлодар қаласында да екі жаңа мектеп ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, осы оқу жылында облыс бойынша 35 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қауіпсіздік талапқа сай ма?

Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Бұл ретте, мектептердегі жағдай қалай? Жақында үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

— Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау — мемлекет міндеті. Өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі, турникеттер мен лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі талаптар күшейтілді. Алғаш рет білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен барынша жарақтандыру қамтамасыз етілмек. Осыған орай жергілікті атқарушы органдардың 2024-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспарлары бекітілді, — деді министр. Оның айтуынша, білім ордаларында балалардың қауіпсіздігін 72 пайыз лицензияланған күзет агенттіктері қорғайтын болады. Сондай-ақ, бүгінде мектептердің 87 пайызы дабыл түймелерімен жабдықталған және 62 пайызында турникеттер орнатылған. Ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған мектептердің үлесі 70 пайызды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар министрліктің үздіксіз бақылауында.

Ал жекеменшік білім беру ұйымдарының жартысынан астамы қауіпсіздік жүйесін қоспаған. Премьер-Министр 1 қыркүйекке қарай қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау үлесін 90 пайызға дейін қамтамасыз етіп, жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізуді қадап айтты.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, санаулы күннен кейін елдегі 7,9 мың білім беру ұйымында оқу басталады деп күтілуде. Қазіргі таңда мектептердің 90 пайыздан астамы оқулықтармен қамтылған. Күрделі жөндеу науқаны да қызу жүруде. Бұл бағыттағы жұмыстар 25 тамызға дейін толық аяқталады деген жоспар бар. Солай боларына біз де тілектеспіз.

 

Нұржайна ШОДЫР.