Таяуда Ақмола облысының Щучинск қаласында «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының ХІХ респуб-ликалық кезеңі өтті. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша ұйымдастырылған сайысқа қатысқан павлодарлық 11 оқушы олжалы оралды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Зерде» байқауының қорытынды кезеңінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2-7-сынып аралығындағы 300-ден астам жас зерттеуші қатысып, білімдерін сарапқа салған. Солармен бірге аймақ намысын қорғау үшін 19 оқушы қатысты. Зерттеу жұмыстарын қорғау ережеге сәйкес 7 секция бойынша өтті. Атап айтар болсақ, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, медицина, психология, экология, технология және өнер саласы.
Байқау қорытындысы бойынша Павлодар облысынан І орынды 2 оқушы, ІІ орынды 5 бала және ІІІ орынды 4 оқушы иеленді. Сонымен қатар, 4 шәкірт Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында Павлодар қаласына қарасты мектептерден қатысқан 3 оқушы да жүлделі орынға ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының дипломдары табыс етілді.
Нұржайна ШОДЫР