Бүгін бас қалада өткен республикалық педагогтер съезі барысында Мемлекет басшысы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын табыстады. Олардың қатарында жерлесіміз, академик Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің математика пәні мұғалімі Сәбит Ибадуллин де бар.
Сәбит Әбдікенұлы — Баянауыл ауданы Теңдік ауылының тумасы. 1992 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, ұстаздық қызметін бастады. Содан бері оқушыларға ғылымдардың патшасы саналатын математика пәнінің қыр-сырын үйретіп жүр. 30 жылдан астам уақыт аралығында ұстаздың шәкірттері талай жетістікке жетіп, мектеп пен мұғалімнің мерейін асырды. Бүгінгі оқушылары да талай білім бәсекелерінен олжалы оралып жүр. Мәселен, биыл оқушысы Марат Санжар олимпиадада үшінші орын алса, Ақбаян Түсіпбаева «Айқанат» олимпиадасында жеңімпаз болды. Математика бойынша ғылыми жобалар дайындап, сәтті қорғап жүрген шәкіреттері де бар. Ұстаздың өзі де үнемі білімі мен біліктілігін жетілдіріп, шыңдап келеді. Өз сабағында заманауи технологияларды, жаңа ғылыми жетістіктерді, авторлық бағдарламаларды тиімді қолданады. Айталық, осы жылы «Математика сабақтарында инновациялық идеяларды қолданудың практикасы» атты авторлық бағдарламасын әзірледі. Осы және өзге де еңбектері еленіп, бүгін Президенттің қолынан ««Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды. Жерлес мұғалімді осындай жоғары табысымен құттықтаймыз!
Өз тілшіміз.