Соңғы уақытта бұл мәселе қоғамда жиі талқыланып жүр. Себебі қазіргі таңда студенттердің дені оқудан гөрі жұмысқа орналасып, күнделікті жүріп-тұруына қажет қаржы табуды қалайтыны белгілі. Сөйтіп, сабағы екінші орынға жылжиды. Оған қоса, құзырлы министрлік те сұранысқа ие мамандарды әдеттегідей төрт жылда емес, бірнеше айдың аралығында оқытуға болады деген ойды ортаға салды. Бұл бастаманы кейбірі құп көрсе, енді бірі «шикі» ұсыныс деп бағамдайды. Бұл мәселені «Алаңның» талқысына салып, ой саралаған едік.
Саясат НҰРБЕК, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі (пікір интернеттен алынды):
— Білім саласын зерттейтін «HolonIQ» дейтін аустралиялық халықаралық агенттік бар. Соның 2024 жылға арналған есебі шықты. Ол есепте биыл трендте болатын екі негізгі құбылыс аталған. Оның біріншісі – жоғары білім саласында жаңа дағдылар мен жаңа біліктіліктердің пайда болуы. Яғни, біздің қатып қалған 4 жылдық, 3 жылдық, 5-6 жылдық оқыту циклдарымыз – ұзақ. Еңбек нарығы оларды күте алмайды. Еңбек нарығына қысқа уақытта неғұрлым көп адамды жаңа дағдыларға үйрететін құралдар қажет. Бұған дейін біліктілік арттыру трендте болса, енді кез келген қызметкердің негізгі білім базасын қысқа мерзімде заман талабына сай дағдылармен ауыстыру трендте болады. Яғни, дайын маманды 2-3 айлық курс арқылы жаңа технологияларға үйрету өзекті болмақ.
Есесіне жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі артатын болады. Оны анықтайтын жаңа индекс де енгізілмек. Біз жоғары оқу орындарының цифрлық және жасанды интеллект технологияларына дайын болу индексіне қосылу туралы шешім қабылдадық. Биылдан бастап біздің ЖОО-лар осы индекспен ақырындап бағалана бастайды. Бұл – ерікті. Біздің тарапымыздан ешқандай көндіру болмайды. Индекстің негізгі мақсаты – кез келген жоғары оқу орнының жоғары технологияларға қаншалықты дайын екенін бағалау.
Бахтияр НАЙМАНОВ, жоғары білім саласының ардагері:
— Бүгінде университетте білім алу мерзіміне қатысты мәселе қайта талқыланып жатыр. Бұған дейін де бұл жағдай бірнеше рет көтерілген еді. Меніңше, бұл – асығыс қабылдайтын шешім емес. Төрт жылдық білім беру форматына өзгеріс енгізу, мерзімін қысқарту сынды жаңашылдықтарды енгізу үшін «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек. Әсіресе, көпшіліктің ойымен санасып, жоғары білім саласына еңбегі сіңген азаматтардың пікірі ескерілуі керек.
Мен елу жылға жуық уақыт бойы жоғары оқу орнында студенттерге білім бердім. Сол жарты ғасырға уақыт аралығында да бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын қос мамандық таңдаған студенттер бес жыл оқыса, кейін оны төрт жылға қысқартты. Енді оны екі немесе үш жылға азайтса қандай білім, қандай сапа болады?! Иә, қазір тәжірибеге көп мән беріліп жатыр. Ол дұрыс, бұған ешкім дау келтірмес. Дей тұрғанмен, теориялық білім алмаған маманды тәжірибеге қанша салсаңыз да түк шықпайды. Сондықтан еңбек нарығындағы сұранысқа сай сапалы маман даярлау үшін тәжірибеге де, теориялық білімге де көңіл бөлу шарт. Мұның барлығы — уақытпен қалыптасатын құндылықтар.
Бексұлтан ҚАЙДАРОВ, Марғұлан университетінің студенті:
— Жалпы, бүгінгі жаһандану заманында білімін жетілдіріп, тереңдетуді қалайтын жастар үшін мүмкіндік көп. Жоғары білім беру саласында да түрлі технологиялар енгізіліп, тиімді бағдарламалар қабылданып жатыр. Соның негізінде аз уақыт аралығында сапалы білім алуға жағдай жасалып отыр. Студенттердің шетелдік жоғары оқу орындарында қысқамерзімді курстардан өтіп, өз мамандығы бойынша шыңдалуы – соның бір дәлелі. Яғни, қандай да бір бағытты бағындыруды қаласаң, оған көп уақыт сарп етудің қажеті жоқ.
Сондықтан, жоғары білім беру саласындағы 4 жылдық білім беру форматына өзгеріс енгізіп, оны қысқарту дұрыс та болар. Себебі қазір заман өзгеріп, ғылым дамып жатыр. Бүгінгі кейбір өзекті пәндер ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Оған уақытты сарп еткенше, университет талапкердің таңдаған мамандығы бойынша ғана білім берсе, ол аз уақытта өз мамандығын терең меңгеріп шығады. Міне, осы мәселелерді ескерер болсақ, жоғары білім беру мерзімін қысқарту тиімді бастама деп санаймын. Яғни, үш жылдың аралығында да мамандықты толығымен меңгеріп, еңбекке ерте араласуға мүмкіндік туады. Замандастарыма осы тетік анағұрлым тиімді сыңайлы.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.