Жылдар бойы жөндеу көрмей…

Шіл 24, 2025

Жазғы уақыт – кезекті оқу жылы қарсаңында мектептерді жөндеп, жаңартатын кез. Бұл бағытта облыс орталығындағы бірнеше білім беру мекемесінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тіпті, 60 жыл бойы жөндеу көрмеген оқу ордасы толығымен жаңаруда. Осылайша, тозығы жеткен, әбден ескірген ғимараттарда еден, терезелер, инженерлік желілер ауыстырылып, балалардың білім алуына жайлы жағдай жасалмақ.

 

Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім ордаларының бірі —  №24 орта мектеп. Бұған дейін оқу нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары бірнеше мәрте жүргізілгенмен, күрделі жөндеу мүлдем көрмеген.

Аталған мектептің директоры Әлия Шәріпбаеваның айтуынша, әлеуметтік нысан 1961 жылы салынса, қосалқы ғимарат 1988 жылы бой көтерген. Негізгі мекеме мемлекеттік тілде, ал қосалқы ғимарат ресми тілде білім алуға арналған.

— Жалпы, мектептің жобалық қуаты 980 орынға арналған. Қазіргі уақытта 1-11-сынып аралығында
1 740 оқушы білім алады. Оларға 148 мұғалім білім береді. Мектепте жыл сайын әктеу, әрлеу, сырлау секілді ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Мәселен, 2022 жылы бірінші қабатқа жөндеу жасап, келесі жылы спорт алаңын салдық. Бірақ бой көтергелі бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Қазіргі уақытта білім ордасы ескірген. Әйнектердің жақтаулары да тозып, шіріп жатыр. Қатты аязды күндері мекеме іші салқындап кетеді, — дейді Әлия Жұмағазықызы.

Бір қуантарлығы, алпыс жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мектепте маусым айында тиісті жұмыстар қолға алынды. Нәтижесінде, көп жылғы ескі ағаш терезелер заманауи, пластик терезелерге ауыстырылуда. Жауапты мердігер жұмыстарды тамыз айының ортасына дейін аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстары барысында бастауыш сынып кабинеттерінің ішкі әрлеу, есіктерін ауыстыру, жарықтандыру және инженерлік жүйелерді жаңғырту жұмыстары атқарылуда.

— Бүгінде 264 терезенің 195-і ауыстырылды. Енді тек 69 терезе қалды. Бұрын ескі терезелерден суық өтіп, сынып бөлмелері салқын болатын. Жөндеудің сапасы көңілден шығады. Жұмыс болғаннан кейін сын-ескертпелер болады. Олар бірден қабылданып, өзгертіледі. Терезелерге 3 жылдық кепілдік бар. Сапасын қыс мезгілінде көрерміз. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде терезелер 75 пайызға, бірінші қабаттағы ағымдағы жөндеу 80 пайызға аяқталды. Жаңарту жұмыстары тамыз айының 1-іне дейін жүргізіледі. Ал екінші және үшінші қабаттарды жыл сайын кезең-кезеңмен жөндейтін боламыз. Одан бөлек, келесі жылы қажетті қаржы бөлініп жатса, жылыту жүйесін де жөндеу жоспарланып отыр. Оған қоса, екінші қабаттағы акт пен спорт залын да жөндеу керек, —
деп қосты мектеп басшысы.

Мұндай жаңарту шаралары Павлодар қаласындағы №6 орта мектепте де жүргізілуде. Жұмыстар барысында мердігерлер оқу мекемесінің жылыту, су құбыры, кәріз және ішкі электрмен жабдықтау жүйелерін ауыстырады. Кабинеттер мен дәліздер енді жылы болады. Қазір жұмысшылар сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жөндеуде. Жұмыстар 65 пайызға орындалды. Ал №29 бен №17 орта мектепте және балабақшаларда терезелер ауыстырылуда.

— Мамыр айында басталған жұмыстарға жаңа батареяларды орнату, құбырларды төсеу, шамдар мен розеткаларды орнату кіреді. Оқушылар мен мұғалімдер жаңа оқу жылын жаңартылған және жайлы мектепте қарсы алуы үшін жұмыстардың барлығын жаздың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мектепке дейінгі мекемелерде де терезе блоктарын ауыстыру бойынша күрделі жөндеу жүргізілуде. Маусым айының басында басталған шаралар кесте бойынша жүргізілуде. №24, №34 және №126 бөбекжайлар терезелері толығымен жаңартылды. №19 және №72 балабақшалардағы жұмыстар аяқталуға таяу. Онда терезелердің негізгі бөлігі ауыстырылды. Барлық жұмыс шілде айының соңына дейін аяқталады, —
деп атап өтті Павлодар қалалық білім беру бөлім өкілдері.

Аталмыш бөлім мердігер ұйымдардың жұмысын қатаң қадағалап отыр. Ата-аналар да жөндеу барысына бей-жай қара-майды.

— Балаларымыздың жақсы, жылы, жарық мектепте оқығанын қалаймыз. Бұл – әр ата-ананың арманы. Сондықтан мұндай жұмыстардың сапалы жүргізілгені біз үшін маңызды, — дейді ата-ана Айгүл Жұмабекова.

Мұғалімдер қауымы да бұл өзгерісті оң қабылдап отыр. Жөнделген сыныптарда сабақ беру білім сапасына оң әсер ететініне сенімді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген –  Есенжол Исабек.