Биыл қыстың алғашқы аязды күндерінде аймақтағы бірқатар білім беру мекемесі азынап кеткен еді. Тіпті, балабақшалардың жартысына жуығының салқын екені анықталған. Бұл жөнінде кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, қазіргі таңда жылу жүйесінде проблемалар туындаған білім мекемелеріндегі жылу параметрлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
— Қатты суықта салқын мектептерде баласы оқитын ата-аналар шағымданды. Сондай-ақ, балабақша ғимараттарының да аязды күндері салқындап кеткені белгілі болды. Бұл мәселені шешу үшін арнайы техникалық мамандар жұмыс істеуде. Оның себебі көп екен. Мәселен, жуырда Павлодар қаласындағы №112 балабақша іші салқындап кетті. Сол мекеменің ғимаратына дейін келіп тұрған жылу қысымы нормаға сәйкес, бірақ мекеменің іші дұрыс жылынбай қойды. Бүгінде осы жағдайды мамандармен бірлесіп реттедік. Жалпы, жылу температурасына байланысты орын алған жағдайлардың себеп-салдары әр түрлі болып келетінін ескерген жөн. Айталық, кейбірінде жылу желілерін ауыстыру қажет болса, енді біріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл бағыттағы мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі, — деді Самал Оспанқызы. Сонымен қатар, ол облыстың білім беру саласында ағымдағы жылы атқарылған жұмыс пен қол жеткен жетістіктерді де баяндады.
— Бірнеше жыл бойы өңірдегі өзекті мәселе саналған 3 апатты мектептің орнына жаңа білім ордалары салынды, Яғни, биыл аймағымызда апатты мектеп мәселесі толығымен шешілді. Қазіргі күні екі мектеп пайдалануға берілді. Ал Павлодар ауданының Сычевка ауылында бой көтерген 120 орындық мектеп құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бала саны көп мектептердің мәселесін шешу мақсатында облыс орталығындағы Шапық Шөкин атындағы мектеп-гимназиясына қосымша ғимарат салынып, тұсауы кесілді. Енді осындай 2 білім ордасына қосалқы ғимарат құрылысын салу көзделуде, — деді басқарма басшысы. Бұдан бөлек, өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5400 орындық 5 мектеп салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 1200 және 600 орындық 2 мектептің құры-лысы басталған. Нәтижесінде, 2025 жылы облыста оқушы орындарының тапшылығы толық жойылмақ. Алдағы уақытта ауыл мектептерін дамытуға да ден қойылмақ. Басқарма басшысының айтуынша, 2029 жылға дейін елді мекендердегі 273 мектепті жаңғырту жоспарлануда. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар мәселесі де басты назарда. Бүгінде өңір мектептерінің 84 пайызында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Сонымен қатар, биыл 50,8 мың балаға арналған ПМПК бөлімшесі, 16 логопедтік орталық, 5 инклюзияны қолдау кабинеті ашылған. Ал алдағы 3 жылдың ішінде 14 инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, болашақта білім беру мекемелерін жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамту, көптен жөндеу көрмеген нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, халық саны артып келе жатқан ауылдық округ бөлімшелеріне жаңа мектеп салу мәселелері жалғасын таппақ.
Нұржайна ШОДЫР.