Жөндеу жұмыстары қалай жүруде?

Там 21, 2025

Он күннен кейін елдегі барлық білім ордасында алғашқы қоңырау соғылып, тағы бір жаңа оқу жылы басталмақ. Ал мектептердің дайындығы қалай? Жөндеу жұмыстары аяқталды ма? Жалпы, биыл өңірдегі неше мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Нұржайна ШОДЫР

Қазіргі таңда мектептердегі жөндеу жұмыстары қызу жалғасуда. Ал кейбір білім беру мекемелері оқушыларды қарсы алуға сақадай сай тұр, дейді мамандар.

Облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша, биыл аймақтағы 44 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында 13 балабақша мен 31 мектеп бар. Осы мектептерді жөндеуге жергілікті қазынадан 8 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бүгінде бұл білім ордаларының басым бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқталған.

Облысқа қарасты қалалар мен аудандардағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мекемелерге тоқталар болсақ, Павлодар қаласында 13 білім беру нысаны жаңартылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 395,6 мың теңге бөлінген.

— Қаладағы 5 балабақша мен 3 мектепте терезе блоктарын ауыстыру, №6 орта мектепте жылыту, су құбыры мен кәріз жүйелерін толық жаңарту, сондай-ақ, инженерлік желілерді және шатырды алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Музыкалық колледжде инженерлік желілер мен шатыр, ал №31 орта мектепте жылыту жүйесі ауыстырылуда. Қ.Мақпалеев атындағы мектеп ғимараты толық күрделі жөндеуден өтуде, — делінген облыстық білім беру басқармасының ақпаратында. Мұндай жұмыстар өзге өңірлерде де қызу қолға алынуда. Мәселен, Екібастұз қаласында 5 нысан, яғни №9 мектепте электрмен жабдықтау жүйесі, №13 мектепте футбол алаңы мен жүгіру жолын жөндеу, №16 білім ордасында терезе блоктарын ауыстыру, №17 мектепте ішкі электр жүйесін жабдықтау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, шахтерлар шаһарына қарасты Қоянды ауылындағы №14 мектептің қасбетін абаттандыру және инженерлік жүйелері күрделі жөндеуден өтуде. Ақсу қаласында №3 арнайы мектеп-интернатының футбол алаңы мен Ы.Алтынсарин атындағы мектептің инженерлік желілері, ғимараты жөнделген. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданындағы Қ.Ыдырысов атындағы мектеп, Аққулы ауданындағы Шарбақты орта мектебі, Железиндегі Березов орта мектебі, Шарбақтыдағы Красилов орта мектебінің ғимараттары жаңартылған. Бұдан бөлек, Баянауыл ауданындағы Егіндібұлақ орта мектебі, Ш.Айманов атындағы орта мектеп, Майқайың №2 орта мектебі, Ертіс ауданындағы Панфилов және Майқоңыр орта мектебі, Май ауданындағы Қаратерек, Майтүбек, Иманов атындағы орта мектептер, Павлодар ауданындағы Розов, Мичурин, Тереңкөлдегі Иванов, Песчан №2 орта мектептері мен Успен ауданындағы Ковалев, М.Жұмабаев атындағы, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептер жаңа кейіпке енуде. Ал өңірдегі өзге білім беру мекемелерінде әдеттегідей әрлеу, әктеу, сырлау сынды ағымдағы жұмыстар жүргізілген.

Жалпы, облыс мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің де жіті назарында екенін атап өткен жөн. Олай дейтініміз, жақында аталған министрліктің инвестициялық саясат және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры Әділбек Мұсабаев аймағымызға арнайы келіп, білім ордаларының дайындық барысымен танысып қайтқан еді. Сапар барысында ол бірқатар павлодарлық білім беру мекемелерін аралап, күрделі жөндеу жұмыстары мен оқу кабинеттерінің жабдықталуын өз көзімен көрген болатын.

Өңір мектептерінің қазіргі жай-күйін «AMANAT» партиясының депутаттары да бақылауына алды. Таяуда партияның орталық аппараты жанындағы партиялық бақылау департаментінің инспекторлары бірнеше ауданға ат басын бұрып, мектептердің тыныс-тіршілігімен таныс болды. Нақтырақ айтқанда, аманаттық комиссия мүшелері Шарбақты ауданында күрделі жөндеу жүріп жатқан Красиловка орта мектебіне барып, материалдық-техникалық базаны нығайту керектігі жайлы ұсыныс айтты. Сондай-ақ, олар Ертіс ауданының Панфилов ауылындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізді. Бүгінде бұл білім шаңырағының шатыры мен есіктері жаңартылып, қосымша жылыту батареялары орнатылған. Аталмыш комиссия Майқоңыр мектебіне де бас сұқты. Бұл білім ордасы да жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген. Есік-терезелері ауыстырылып, өрт дабылы жүйесі орнатылған. Бұдан кейін мониторингтік топ Железин ауданының Ақтау ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын да тексерді. Сонымен қатар, Ақсу қаласының ауылдық округтері мен Май ауданының елді мекендеріндегі мектептер де назардан тыс қалған жоқ. Партиялық бақылау департаменті өкілдерінің айтуынша, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясындағы барлық нысан тұрақты бақылауға алынбақ. Сол арқылы мәселелерді дер кезінде анықтап, шұғыл шешім қабылдауға және жергілікті жерлердегі жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ.

— Біздің партия халық алдындағы міндеттердің ойдағыдай орындалуын және әлеуметтік нысандардың ауыл өмірін жақсартуға қызмет етуін қадағалайды. Сол үшін де мердігер ұйымдарға қойылатын басты талап – жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуын қамтамасыз ету, – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Мұрат Естенов.

Демек, бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға, тексеру шараларына қарап,  1 қыркүйек – Білім күніне дейін облыс мектептері оқушыларды қабылдауға тас-түйін дайын болады деген сенім бар.