Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №5 мектепте болды. Мұнда есіктер мен еден жабындары ауыстырылып жатыр. Қабырғалар әрленіп, жылу және электрмен жабдықтау желілері жаңартылуда. Сондай-ақ, акт және спорт залдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде нысандағы жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатқаны байқалады. Биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Павлодар қаласындағы 15 мектептің ішінде 3 нысанның жөнделуі уақытынан кешігуде. Бұлар – №2, 5, және 14 мектеп. Осы ретте, №2 және №14 мектептердің мердігерлері жұмыс қарқынын үдетіп, қазір күшейтілген режимде жұмыс істеуде. №5 мектептің де мердігері жұмыстарды уақытында аяқтауға, нысандағы жұмысшылар санын көбейтуге, бірнеше ауысымда жұмыс істеуге уәде берді. Аймақ басшысы мемлекеттік орган-дарға бұл жұмыстарды қатаң бақылауға алып, оқу жылының уақытында басталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әйтпесе, мердігерлерге әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады (лицензиядан айыру және жосықсыз деп тану). Сонымен қатар, Асайын Байханов облыстың үш қаласындағы мектептер аумағына қажетті асфальт төсемінің көлемін есептеп, келесі жылы осы жұмыстарды облыс орталығының балабақшаларында жүргізілген жұмыстар сияқты жүргізуді тапсырды. Естеріңізге саламыз, биыл Павлодар қаласының 43 мектепке дейінгі мекемесінің аумағына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.