Елімізде 2022 жылдан бастап «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы іске асып келеді. Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуге және тірек мектептердің қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған. Осы жылы бұл жобаға республика бойынша аудан мен моноқалаларда орналасқан 56 мектеп кірді. Аталмыш білім ордаларының қатарында Ақтоғай ауданының орталығындағы Абай атындағы орта мектеп бар.

1963 жылы бой көтерген мектептің жалпы сыйымдылығы 420 балаға арналған. Онда бүгінде 311 бала білім алып, 51 мұғалім еңбек етеді. Осы жылы аталмыш білім ордасы «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілді.

Мектеп басшысы Қанымгүл Солтанәлиеваның сөзінше, аталмыш жоба аясында мектептің бірнеше кабинеті оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтармен толығып, жаңарып қалған. Жобаның жалпы құны 247 млн теңгені құрайды.

— Аталған сомаға мектептің материалдық базасы толық жаңартылды. Атап айтсақ, мектептің кіреберісінде демеушілік қабырға, ресепшн, шексіз бағдарламалық жасақтамасы бар Aqparat киоскі орнатылған. Онда мұғалімдер туралы ақпарат, сабақ кестесі, оқушылардың жетістіктері және т.б. жаңалықтарды көруге болады. Мектеп кітапханасының барлық жиһазы толық жаңартылды. Сонымен қатар, спанч панель, моноблок, көпфункционалды және А3 форматындағы принтерлер, оқушыларға арналған қызықты үстел ойындары қойылды. Бастауыш сынып оқушыларының киімдеріне арналған 50 шкаф-локкер орнатылды. Әр шкаф 4 секциялы, яғни 200 оқушыны қамтиды, — дейді Қанымгүл Аяпбекқызы.

Сонымен қатар, жоба аясында Абай атындағы орта мектептің 10-нан аса оқу кабинеті қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталып, бірнеше қосымша білім беру шеберхана кабинеті ашылған. Мәселен, STEM-зертхана кабинеті барлық жастағы баланы ғылым мен технологияға қызықтыруға көмектеседі. Онда оқушыларды математика, инженерия, технология және жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдерін кеңейтуге шабыттандыратын оқу аймақтары ұйымдастырылады. ART-студия кабинеті баланың шығармашылық тұрғысынан дамуына, эмоциясын шығаруға көмектеседі. Бұл жерде балалар өздерінің шығармашылық қабілеттері мен қиялдарын дамытып қана қоймай, өз идеяларын жүзеге асыруға, өз күштеріне сенуге үйренеді. Ал телестудия кабинетінде мұғалім мен оқушы жобада жинаған тәжірибесін өңірдің басқа да орта мектептерімен бөлісе алады.

— Қыздарға арналған технология кабинеті тігін, кесте тігу машиналарымен және 1 жылға жеткілікті барлық шығыс материалымен жабдықталды. Ас үй бөлмесі ас үй гарнитурымен, тоңазытқыш, ас үй пеші, қажетті ыдыс-аяқтармен қамтылды. Қыш шеберханасы муфель пеші, гончарлы шеңбер, пеш отына арналған жабдықтар жиынтығымен, пульверизатор және т.б. шеберханаға арналған құрал-жабдықтармен жасақталды. Ұлдарға арналған инженерия және Fablab кабинеті 14 млн теңгеге толық жабдықталды. Тағы да атап өтетін жайт, осы жобаның екінші бағыты аясында мектеп мұғалімдері 3 жыл бойы әртүрлі біліктілікті арттыру курсынан өтіп, семинарларға қатысып, тәжірибе алмаса алады. Сонымен қатар, оқушылардың олимпиадалар мен жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын курстарға грант ұтып алу мүмкіндіктері бар, — деді мекеме басшысы.

Кабинеттерді аралап жүрге-німізде жаңа технологияларға қызығушылық танытқан оқушыларды және көтеріңкі көңіл күйде жүрген мұғалімдерді көрдік.

— Жаңа оқу жылында мектебімізге жаңадан көп құрал-жабдық әкелінді. Осы арқылы шығармашылықпен айналысуға, зертханалық жұмыстарды жасап көруге, өнертабыстарды ойлап шығаруға көп мүмкіндік аламыз. Сабақтар бұрынғыдан гөрі қызығырақ, — дейді оқушылар.

 

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Ақтоғай ауданы.