Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін жүзеге асыру туралы заңға қол қойды. Көп кешікпей жаңа бағдарлама қанат қақпақ. Сонымен, аталмыш жаңа жүйенің талабы мен тәртібі қандай? Оған кімдер қатыса алады? Бұдан не ұтамыз? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Қандай мүмкіндік бар?
Бірден айта кетерлігі, «Келешек» дегеніміз – баланың білім алуына қаражат жинауға мүмкіндік беретін бағдарлама. Оған талап бойынша осы жылдан бастап 5 жасқа толатын барлық бала қатыса алады. Оларға мемлекет тарапынан біржолғы бастапқы білім беру капиталы төленеді. Яғни, баланың есепшотына ата-анасымен қатар, мемлекеттен де қаражат аударылатын болады. Бірақ жинақтау жүйесіне қатысу ерікті түрде жүргізіледі. Сондықтан таңдау ата-аналардың өз еркінде. Мамандардың айтуынша, бағдарламаға қатысу шарты да қарапайым көрінеді. Ең бастысы, 5 жастағы балаға арнап жеке есеп-шот ашу қажет. Осы шотқа 60 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражат алғашқы жарна ретінде мемлекеттен түседі. Ары қарай ата-ана ай сайын шамамен 8 мың теңге салып отырса жеткілікті, дейді мамандар. Тіпті, бұл қаражатты жылына бір рет бірден толық салуға да болады.
— Ел Президенті «Келешек» бағдарламасына қол қойып, бұл заң қабылданды. Аталған бағдарлама 2025 жылдың бірінші шілдесіне дейін жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз. Бұл жүйенің бала болашағы үшін тиімділігі зор. Мысалы, оқушы мектеп бітіргеннен кейін, яғни 18 жасқа келгенде оның шотында 7,5 миллионнан астам қаражат жиналады екен. Осы қаржыны пайдаланып, қалаған оқуын оқи алады, — дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасы Гүлзат Көбенова. Мамандардың сөзіне қара-
ғанда, «Келешек» бағдарламасына қатысушының есепшотына ата-анасының бір жылда салатын депозиті 24 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы қажет. Бұл шамамен 95 мың теңгені құрайды. Ал осы қаражатты әр айға бөлсеңіз, 8 мың теңгеден айналады. Бұған қосымша мемлекеттен түсетін сыйақы мен сақтандыру компаниясының жарнасы бар. Соның бәрін қосып есептегенде, кәмелет жасына жеткен баланың есепшотындағы депозиті болашақта жоғары білім алуына емін-еркін жететін болады, дейді министрлік өкілдері. Сонымен қатар, көпбалалы отбасындағы бірнеше балаға шот ашылса, оларға мемлекеттен төленетін сыйақы мөлшері де өзгелерден көбірек болады. Бұл ретте, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге де үлкен жеңілдіктер қарас-тырылғанын айта кеткен жөн.
Атап өтерлігі, «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі арқылы болашақта жастардың Қазақстанмен қатар, шет мемлекеттерде де білім алуына мүмкіндік жасалмақ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы Қарлығаш Қалыбекқызының айтуынша, бірыңғай жинақтау жүйесіне қатысқан бала мектеп бітіргеннен кейін білім грантын жеңіп алса, шоттағы қаражатты магистратура мен докторантурада оқуына, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе өзінен кейінгі іні-қарындастарына беруге құқылы.
Ескерте кететін жайт, бұл бағдарламаның басты қатысушылары — 5 жасқа толған балалар болғандықтан, мемлекет тарапынан аударылатын алғашқы қосымша төлемақы да соларға ғана қарастырылады. Ал 7, 8, 9, 10 жастағы балаларға шот ашылғанымен, оларға мемлекеттен төлем жасалмайды. Сол үшін әр ата-ана баласына арнаған білім депозитінің көлемі қомақты болғанын қаласа, ұл-қызы 5 жасқа тола салысымен есепшот ашып, қам жасауы қажет.
Айырмашылығы неде?
«Келешек» бағдарламасы іске қосылады дегенде, көпшілік көкейінде «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бар емес пе деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Мамандардың айтуынша, «Келешек» жинақтаушы жүйесі қазақстандық жастардың болашақта жоғары білім алуы үшін ата-ана мен мемлекеттің бірлесіп ақша жинап, жағдай жасауы, қолдау көрсетуі болып табылады. Бұл жүйеге қатысушыға әртүрлі көздерден, яғни ата-ана, сақтандыру компаниясы, мемлекеттен жарна төленіп, ертең мектеп бітірген соң өзі таңдаған жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік беріледі. Яғни, бағдарлама қатысушысының жоғары білім алуына толық кепілдік бар деген сөз. Тек ата-анасы бағдарлама талабын бұлжытпай орындап отырса болғаны. Ал «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша жеткіншектердің есепшотына түсетін қаражат аты айтып тұрғандай Ұлттық қордан алынады. Бір анығы, екі бағдарламаның да талабы ортақ. Ол – есепшоттағы ақшаны білім алуға немесе баспана мәселесін шешуге ғана пайдалана алады. Бірақ болашақта балалар «Келешек» жинақтау жүйесі мен Ұлттық қордағы қаражатты біріктіріп, бір мақсатқа жұмсауына болады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:
— Бұл екеуі – екі түрлі бағдарлама. Бірақ бұл ақша оқуға түскен кезде бірігіп кетеді. Жалпы, есепшоттағы қаражат бала оқуға түскен уақытқа дейін жиналатын болады. Ата-аналар «Келешек» бағдарламасымен жинаған ақшасы мен Ұлттық қорда жиналған ақшаны сол кезде біріктіріп, баланың білім алуына жұмсай алады. Ал егер бала грант алатын болса, жиналған қаражатты баспана сатып алуға пайдаланады немесе оны бауырының оқуын төлеуге қалдыра алады. Бұл қаражатты жинаудағы басты мақсат – балалардың жоғары білім алуына жағдай жасау, – деп түсіндірді. Сондай-ақ, министр елімізде болашақта гранттар саны азаюы мүмкін екенін айтып, сол үшін де осындай бағдарламалар енгізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша мектеп түлектерінің 40 пайызынан астамы ғана гранттармен қамтылуда. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15 пайызға дейін қысқаруы мүмкін деген болжам бар. Елімізде жыл сайын білім гранттарының саны артқанымен, бала саны көбейіп келеді екен.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.