Келешек мектебі — кемел білім кепілі

Қыр 25, 2025

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан:
өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қанат қаққан болатын. Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында аталмыш ауқымды жоба аясында салынып жатқан 217 мектептің 150-і пайдалануға берілгенін айтып, қалғаны көп кешікпей ашылатынын атап өткен еді. «Келешек мектептері» жобасының игілігін павлодарлық оқушылар да көруде. Биыл білім күні қарсаңында облыс орталығындағы Достық шағын ауданында пайдалануға берілген №48 жаңа мектеп соның дәлеліндей. Жақында аймақтағы алғашқы жайлы мектепке арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Бүгін Достық шағын ауданындағы көркі көз тартатын үш қабатты білім ордасының ашылғанына 25 күн болды. Мемлекеттік тілде білім беретін жайлы мектепте оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалған.

— Ел Президентінің тапсырмасы бойынша өңірімізде осындай заманауи білім шаңырағының ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл мектеп 1200 балаға арналып салынған. Қазіргі таңда 1161 оқушы білім нәрімен сусындауда. Олар екі ауысым бойынша оқиды. Көбі түске дейін, ал 2-3-сынып оқушылары түстен кейін білім алады. Оқушылар жан-жақтан жиналды. Осында оқуға ниет білдірген шәкірттердің ешбірінің бетін қақпай, бәрін қабылдадық. Біз үшін балалардың барлығы бірдей. Бір ерекшелігі, бұл мектепте тереңдетіп оқытатын гимназия сыныптары мүлдем жоқ. Яғни, шәкірттердің білім алуына тең мүмкіндік жасалады. Ерекше балалар да қатарластарынан қалыспай бір сыныпта оқи береді. «Келешек мектептері» бағдарламасының басты мақсаты да саладағы инфрақұрылымдық теңсіздік пен алшақтықты жойып, оқушыға жайлы орта қалыптастырып, сапалы білім алуына жағдай жасау екенін айрықша атап өткен жөн, — дейді
№48 мектеп директорының ғылыми әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Венера Иванова. Оның айтуынша, мектепте 12 блок бар. Яғни, бір блокта бастауыш сыныптар жеке отырса, ары қарай жаратылыстану бағыты, гуманитарлық бағыт және басқа да үйлесімді пәндер бойынша жеке блоктарға бөлінген. Сондай-ақ, 60 оқу кабинеті бар. Ең бастысы, олардың барлығы толығымен қажетті материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәселен, физика кабинетінде осы пәнге қатысты заттар, тәжірибе жасайтын зертханалық құрылғылар қойылған. Сонымен қатар, пәндік кабинеттер жаппай интерактивті тақталармен жабдықталған. Бұдан бөлек, сыныптарда оқушылардың жұмыс істеуі үшін арнайы ноутбуктер мен мұғалімдерге арналған жеке принтерлер де бар. Мұның бәрі – қазақстандық балалардың бәсекеге қабілетті білім алуына жасалып жатқан мол мүмкіндік, дейді ұстаздар.

Бүгінгі таңда жаңа мектепте 60 мұғалім еңбек етуде. Олардың барлығы оқу жылының басында педагогтардың бос орындарына жарияланған арнайы конкурсқа қатысып, іріктеуден өткендері ғана жұмысқа қабылданған. Алайда мұнда тағы да мамандар жетіспейтін көрінеді.

— Негізі, біздің мектебімізде 42 сынып бар. Әр сыныпта жетекші болуы тиіс. Сондай-ақ, салалық пәндер өткізілуі қажет. Соның бәрін есепке алғанда кемінде 80 мұғалім еңбек етуі керек. Қазір маман жетіспеушілігі мәселесі бар. Бірақ бүгінде барлық пән белгіленген сағат саны бойынша өткізілуде. Ұстаздарымыз түсіністік танытып, алма-кезектесіп, мәселені шешуде. Әрине, жұмыс іздеп келіп жатқан мамандар аз емес. Сөз басында айтып кеткенімдей, бұл мектеп кез келген адамды қабылдай бермейді. Заң талабы бойынша конкурстан өткен білімді мұғалімдерге ғана жол ашық, — дейді Венера Альфредовна.

Осындай сынақтан сүрінбей өткен тарих пәнінің мұғалімі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Аян Күзембаев:

— Менің 22 жылдан астам педагогикалық еңбек өтілім бар. Тәжірибем бола тұра, ел қатарлы конкурсқа қатысып, соның қорытындысы бойынша осы мектепке жұмысқа қабылдандым. Жаңа мектептегі жайлы жағдай көңілімізден шықты. Мол мүмкіндіктер бар. Соған сай талап та қатты. Осы білім ордасына ылғый білікті мамандар жиналды деген сенімдемін. Әрине, әрқайсымыздың алға қойған мақсатымыз бар. Ол – балаларға заман талабына сай сапалы білім беру. Қазір күн сайын интернет саласы қарыштап дамуда. Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аударды. Осы бағытта көбірек жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Мәселен, мен жасанды интеллект бойынша бірінші курстан өтіп келдім. Енді екінші модуль бойынша оқып, одан кейін өз біліміміз бен тәжірибемізді басқа мектептердің мұғалімдеріне таратамыз. Қазіргі таңда жасанды интеллектіні әр сабақта қолданудамыз, — дейді. Оның айтуынша, жаңа мектепте жасанды интеллектіні дамытуға жіті мән берілуде. Білім беру ұйымы сондай-ақ, Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясымен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен қоян-қолтық жұмыс істеуде екен.

Мектепте шәкірттердің сапалы білім алуымен қатар, спортпен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне де жан-жақты жағдай жасалған. Ұстазардың айтуынша, мұнда екі спорт зал, хоккей корты, футбол, баскетбол, волейбол және балалардың ойын алаңдары бар. Ал үзіліс уақытында шәкірттердің түрлі ұлттық, логикалық, спорттық ойындар ойнап, демалыс уақытын көңілді өткізулері үшін арнайы коворкингтер жасақталған. Бұдан бөлек, мектеп дәліздерінде ұлы тұлғалар жайлы қызықты ақпараттар, «Заң мен тәртіп», «Жасампаздық» бұрыштары және түрлі тақырыпқа негізделген арнайы тақталар ілінген. Бұл балалардың білімге деген құштарлықтарын арттыруға ықпал етеді, дейді педагогтер.

Білім беру мекемесінде сөйлеу тілінде кемістігі бар, дамуында кінарат бар ерекше балалардың мәселесіне де мән берілген. Олар үшін деффектолог, логопед, басқа да мамандар жұмыс істейтін болады.

Білім ордасындағы мұндай мүмкіндіктерге оқушылар да дән риза. Солардың бірі – 7-сынып оқушысы Нұрмағамбет Жеткенбай:

— Жаңа мектептің ашылуын асыға күтіп жүрген едім. Бүгінде осы күнге жеткеніме мәзбін. Таңертең мектепке баруға асығамын. Өйткені, мұнда біздің білім алуымызбен қатар, ойын ойнап, көңіл көтеруімізге де жайлы жағдай жасал-ғаны қуантады, — дейді. Ал алғашқы келешек мектебінің түлегі атанғалы отырған 11-сынып оқушысы, түрлі зияткерлік сайыстар мен республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері Қайыр Шектібай:

— Осы мектептің бірінші түлектерінің бірі болатыныма қуаныштымын. Мен үшін жаңа оқу ордасында білім алу — үлкен мәртебе! Енді осы оқу жылын ойдағыдай аяқтап, білім грантын жеңіп алып, мектеп мерейін көтерсек деген арман бар, — дейді.

Осылайша, жаңа білім шаңырағында шәкірттер үшін мол мүмкіндіктер жасалғанын өз көзімізбен көріп қайттық.

Жаңа оқу жылының басында еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаев келіп ашып кеткен келешек мектебі кемел білімнің алтын ұясына айналады деген үміт бар.

 

Нұржайна ШОДЫР,

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.