Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аймағымызда 9-сынып түлектерін колледждерде тегін оқытумен және сұранысқа ие мамандықтармен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар қызу жүргізілуде. Бұрнағы күні облыстағы 42 колледжде құжат қабылдау науқаны басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асаимованың айтуынша, бүгінде өңірде 44 колледж жұмыс істейді. Оның 30-ы — мемлекеттік білім беру мекемесі. Барлық аудан мен қала орталықтарында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бар.
— Қуантарлығы, соңғы 3 жыл ішінде колледж студенттерінің жалпы саны 5 мың адамға артты. Яғни, 2021 жылы 18184 студент болса, 2024 жылы 23172 жас білім алуда. Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының рекордтық көлемі бөлініп, 6200 орынды құрады. Бұл 3 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 37 пайызға артық, — деді Қарлығаш Асаимова. Сондай-ақ, ол арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мен студенттер үшін қандай мүмкіндер бар екенін де баяндады.
— «Жас маман» жобасы аясында аймақтағы 10 оқу орны 12 мамандық бойынша заманауи құралдармен және жаңа зертханалармен жабдықталған. Колледждер базасында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 10 құзыреттілік орталығы мен жаттығу алаңдары ашылды. Осы орталықтарда бизнес-инкубаторлар құрылып, студенттер өз бизнес-идеяларын табысты іске асырып келеді. Сонымен қатар, жастардың өз ісін ұйымдастыруы үшін 3 колледж базасында шағын кәсіпорындар ашылды. Бұдан бөлек, 30 кәсіпорын облыс колледждеріне қамқорлық жасауда. Яғни, олар зертханалар мен шеберханаларды жабдықтап, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмектесуде. Студенттер үшін 32 жатақхана жұмыс істейді. Бастысы, колледждерде оқушылардың жатақханаға деген мұқтаждығы жоқ, — дейді бөлім басшысы. Оның сөзіне қарағанда, колледждерде балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.
Айта кетерлігі, 2021 жылдан бастап облыста «Жаңа кәсіптер мен құзыреттердің өңірлік атласы» жобасы сәтті іске асуда. Ағымдағы оқу жылында аталмыш жобаға 34 колледж қатысты. Ендігі кезекте бұл білім беру ұйымдарының студенттері оқуын аяқтағаннан кейін дипломмен бірге жаңа мамандықтар бойынша курсты оқу және шығармашылық индустрияда жұмысқа орналасу туралы сертификат алып шығатын болады.
Биыл 9 және 11-сынып бітірген 15108 павлодарлық түлек бар. Осы талапкерлердің қатарындағы колледждерде білім алғысы келетіндер үшін 71 түрлі мамандық бойынша таңдау мүмкіндігі берілуде. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау науқаны басталды. Оның талабы бойынша 9-сынып түлектері 18 тамызға, 11-сынып бітірушілер 20 тамызға, ақылы негізде оқуға ниет білдіргендер 25 тамызға, ал кешкі және сырттай оқу бөліміне түсетіндер үшін 20 қыркүйекке дейін құжат тапсыру жалғасады деп жоспарлануда. Талапкерлер құжаттарын Egov.kz порталы арқылы немесе колледждерге барып қағаз түрінде тапсыра алады. Қосымша ақпарат алу үшін облыстық білім беру басқармасының 32-19-40, 65-00-60 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады, дейді сала мамандары.
Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің басшысы Алма Айтуарова да сөз алып, техникалық бағыттағы сұранысқа ие мамандықтар жайлы құнды ақпаратымен бөлісті.
Нұржайна ШОДЫР.