Қазіргі таңда қазақстандық түлектер үшін грант конкурсына құжат қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр. Бұл шара алдағы сенбі, яғни 20 шілде күні аяқталмақ. Алайда кейбір талапкерлер білім грантын тағайындауда бірқатар жеңілдіктер бар екенін әлі біле бермейтін көрінеді. Осыған орай арнайы квоталар кімдерге тиесілі екенін анықтап көрген едік.

Ұлттық тестілеу орталығының ақпараты бойынша, бірнеше санатқа жататын талапкерлерге квота қарастырылған. Соларға тоқталар болсақ, ең көп жеңілдік ауыл түлектеріне берілген. Яғни, бұған дейін ауыл квотасы
30 пайызды құраса, қазіргі таңда 35 пайызға көбейген. Бұл дегеніміз — жалпы мамандыққа бөлінген гранттардың 35 пайызы ауыл мектептерін тәмамдаған талапкерлерге үлестірілетінін білдіреді.

Аталған жеңілдік ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ұсынылады. Мысалы, педагогикалық, IT, ауыл- шаруашылық, ветеринария, медициналық және басқа да салаларға қарастырылған. Тестілеу орталығы мамандарының айтуынша, осы квотаны алу үшін ешқандай анықтама тапсырудың қажеті жоқ. Өйткені, ауылдық жерде орналасқан мектепті бітіруші жайлы барлық ақпарат базада сақталып тұрады.

Екінші кезекте көпбалалы отбасыларынан шыққан балаларға басымдық берілген. Кәмелет жасына толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасындағы талапкерлерге белгіленген квота көлемі
5 пайызды құрайды. Яғни, жалпы мамандыққа бөлінген гранттың
5 пайызы осы санатқа жататындарға тиесілі болмақ. Мәселен, 2024 жылы «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша 13 735 грант бөлінсе, оның 687-сі (5 пайызы) көпбалалы отбасынан шыққан балаларға арналған. Ескере кететін жайт, «Көпбалалы отбасы» квотасы бойынша грант конкурсына қатысу үшін талапкер 18 жасқа толмауы керек. Отбасында кәмелет жасына жетпеген төрт бала, оның ішінде 23 жасқа толмаған  жоғары оқу орнында немесе колледждің күндізгі бөлімінде оқитын студент болуы керек. Сонда ғана ол есепке алынады. Ал осы талапқа сай келмейтін көпбалалы отбасылардағы талапкер бұл жеңілдікті иелене алмайды.

Үшінші кезекте Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, бірақ ұлты қазақ адамдарға арналған «Қандас квотасына» 4 пайыз жеңілдік тиесілі. Нақтырақ айтқанда, жалпы бөлінген гранттың
4 пайызы қандастарға беріледі деп күтілуде. Бұл квота бойынша грант конкурсына қатысу үшін қандастар ұлты «қазақ» деп көрсетілген шетел төлқұжатын ұсына алады. Сондай-ақ, олардың грант конкурсына қатысуы үшін ҰБТ-ның шекті балдары бекітілмеген.

Төртінші жеңілдік жетім және ата-ана қақорлығынсыз қалғандар, мүгедектігі бар талапкерлер, толық емес отбасынан шыққан түлектер және жарымжан болып туылған бала тәрбиелеп отырған отбасыларының ұл-қыздарына арналған. Осы санатқа жататын балаларға 1 пайыздық жеңілдік қарастырылған.

Бұдан бөлек, мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы аясында арнайы квота бар. Бұл жобаның басты мақсаты — еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, білікті мамандар даярлау. Осы бағдарлама бойынша Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарындағы ауыл түлектері бақ сынай алады. Оларға Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай,  Ұлытау, Қарағанды, Қостанай облыстарындағы жоғары оқу орындарының гранттарын иеленуге мүмкіндік беріледі. Бірақ білім гранттары тек педагогикалық, IT және техникалық, ауыл- шаруашылық мамандықтарына ғана үлестірілмек.

Атап өтерлігі, биыл «Серпін» бағдарламасына мемлекеттен 3 903 грант бөлінген. Оның 2500-ден астамы педагогикалық бағытта, 700-ге жуығы инженерия, өңдеу және құрылыс саласына, ал 300-ге жуығы IT-ге, 70-ке тарта грант ауыл шаруашылығы және биоресурстар саласына бағытталған. Осы жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен толық қамтамасыз етіледі, дейді мамандар. Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасының түлектері үшін оқу аяқталған соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан
2 жылға қысқартылған.

Ал білім гранттары квотасына қатысты ата-аналар мен талапкер тарапынан қандайда бір сұрақ туындаса, жергілікті жерде орналасқан жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына жүгіне алады, дейді ұлттық тестілеу орталығының өкілдері.

Сонымен, бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл 79 мыңға жуық білім гранты үлестірілмек. Оның 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінеді деп жоспарлануда. Бүгінде талапкерлер мен ата-аналарға ыңғайлы болу үшін қабылдау комиссиялары демалыс күні де жұмыс істеуде. Ескере кететін тағы бір жайт, түлектер мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін кез келген жоғары оқу орны базасында құжат тапсыра алады. Ол үшін өзімен бірге жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім алғаны туралы аттестат (колледж түлектері үшін диплом), жеңілдетілген санат болса, оны растайтын құжаттар қажет. Сондай-ақ, құжатты eGov арқылы да онлайн тапсыруға болады, дейді Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.

Нұржайна ШОДЫР.