Тамыз айы – жаңа оқу жылының қарсаңындағы қарбалас шақ. Бұл кезде ата-аналар баласын мектепке дайындап, әбігерге түсіп жатады. Бұл ретте демеушілер де аз қамтылған отбасы балаларына қол ұшын созуды дәстүрге айналдырды. Жыл сайын өтетін «Мектепке жол» акциясы – дәл осындай балаларға қолдау көрсетуге арналған маңызды қадам. Биыл акция аясында облыс бойынша қанша балаға көмек көрсетіледі? Көмек алу үшін ата-аналар қайда жүгінуі керек? Осы сауалдар төңірегінде облыстық білім беру басқармасының баланың құқығын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің бас маманы Самал Әлімованы әңгімеге тарттық.
— Самал Файзрахманқызы, «Мектепке жол» акциясы барысында қандай жұмыстар жүргізілмек?
— «Мектепке жол» акциясы 2008 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып келеді. Биыл да бұл игі іс назардан тыс қалған жоқ. Әлеуметтік жағынан осал, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету – акцияның басты мақсаты.
Биыл да облыста акция аясында ауқымды жұмыстар қолға алынады. Оның шеңберінде қайырымдылық көмек көрсету (мектепке қажетті құрал-жабдықтар, киім, аяқ киім), әлеуметтік топтарды анықтау және кәсіпкерлер мен демеушілерді игі іске тарту бойынша жұмыстар атқарылады. Одан бөлек, ақпараттық-түсіндіру ісін, іс-шараларды өткізуді қолға аламыз. Сондай-ақ, акция шеңберінде аудандарға, ауылдарға шығу жоспарда бар.
— Биыл облыс бойынша қанша балаға көмек көрсетілмек?
— Өткен жылы 12 мыңнан астам мектеп оқушысына көмек көрсетілді. Биыл да осы көрсеткіштен кем болмайды деп жоспарланып отыр. Қайырымдылық көмек мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары түрінде қарастырылады.
— Қай санаттарға басымдық беріледі?
— Алдымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетіледі.
— Көмекке мұқтаж отбасылар қайда және қалай жүгіне алады?
— Азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін «жедел желілер», «сенім» телефондарының жұмысы ұйымдастырылды. Сенім телефондарының тізімдері білім беру басқармасының және қалалар мен аудандардың білім бөлімдерінің әлеуметтік желі-лерінде жарияланған. Көмекке мұқтаж отбасылар тұрғылықты жері бойынша білім беру бөліміне немесе тікелей мектептің өзіне жүгіне алады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.