мектептер қаншалықты дайын?

Тура бір айдан кейін жаңа оқу жылы басталып, барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылуы тиіс. Осы уақытқа дейін облыстағы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан білім ордалары сақадай сай бола ма? Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының неше пайызы аяқталды? Әсіресе, қаланың қақ ортасындағы бала саны көп мектептердің әзірлігі қалай? Тұрғындардың алаңдауына негіз бар ма? Бұл сұрақтарға жауап іздеу мақсатында бір апта бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім беру мекемесіне арнайы барып, мән-жайды өз көзімізбен көріп қайтқан едік.

 

Орталықта олқылық бар ма?

Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың қатарында облыс орталығындағы ұзақ уақыт бойы көңіл бөлінбеген көне мектептердің бірі — №27 жалпы орта білім беру мекемесі бар. Ағымдағы жылы аталмыш алтын ұяның қабырғасы қаланғанына 60 жыл толмақ. Осы уақыт ішінде мүлдем күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жарты ғасырдан астам тарихы бар ескі мектеп ғимаратына келесі жылы күрделі жөндеу жасалып, су құбыры мен кәріз жүйесі жаңартылады деп жоспарланған. Одан кейінгі жылы электр желісі мен жылу құбырларын ауыстыру көзделген. Мектеп директоры Тимур Оняновтың сөзінше, жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Тек оның ойдағыдай орындалуы қаражатқа байланысты болмақ. Айтпақшы, биыл бұл мектептің төбесінен су тамшылағаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат таратылған болатын. Қазір аталған кем-кетік қалпына келтіріліп, төбесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда. Сонда мұнда күрделі не істелініп жатыр дерсіз? Биыл бұл білім ордасының шәкірттері үшін спорт алаңдары салынуда.

— Бұрын мектептің айналасы тақыр жер болған. Ағымдағы жылы алғаш рет балаларға арналған баскетбол мен волейбол алаңы бой көтеруде. Футбол алаңы да жөнделіп, жасанды жабын төселуде. Қуантарлығы, қала мектептерінің арасындағы ең үлкен футбол алаңдарының бірі бізде салынуда. Оның ені — 45, ұзындығы 90 метрді құрайды. Бұдан бөлек, оқушылар үшін мектеп ауласына тренажер құрылғылары орнатылып, жерге кеспетастар төселуде. Бүгінде бұл бағыттағы жалпы жұмыстардың 70-75 пайызы аяқталып қалды, — дейді мектеп басшысы. Оның айтуынша, осы мақсатқа бюджеттен 254 миллионнан астам теңге қарастырылған.

Сонымен, 897 шәкірт білім алатын үш қабатты ғимараттың әзірге алаңы ғана жаңартылғанымен, іші мен сыртына нақты қашан күрделі жөндеу жұмыстары жасалатынын уақыт көрсетпек.

Ағымдағы жылы ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатқан қаладағы мектептің бірі — №35 жалпы орта білім беру мекемесі. Төрт қабатты мектептің ішіне жаппай күрделі жөндеу жасалып, инженерлік жүйесі толығымен жаңартылуда.

— Мектептің ашылғанына биыл 50 жыл толады. Осы уақыт ішінде дәл мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары бірінші рет жүргізілуде. Білім мекемесінің іші толығымен жөнделіп жатыр. Жұмыс ағымдағы жылы 3 мамырда басталды. Сол кезде оқу аяқталмағандықтан балаларды екі ауысым бойынша 1 және 2 қабаттарда оқыттық. Алғашқы жөндеу 3-4-қабаттар мен мәжіліс залында басталды. Жұмыс қызу жүруде. Су құбырлары мен кәріз жүйесі ауыстырылды. Жаңа дәретханалар қойылды. Спорт кешені, асхана, мәжіліс залы жөнделіп, жиһаздардың жартысы жаңартылды. Бұл мақсатқа 312 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазір жалпы жұмыстың 50 пайыздан астамы аяқталды. Ал электр жүйесі толық жөнделіп бітті деуге болады. Ендігі кезекте ішкі әктеу, әрлеу, бояу, есік салу, линолеум төсеу сынды жұмыстар жалғасуда. Мұнда 42 адам еңбек етуде. Жоспар бойынша жөндеу жұмысы 18 тамызда аяқталуы тиіс. Жұмысшылар белгіленген мерзімге дейін үлгеретінін айтады. Жұмыс барысы жіті бақылауда. Жөндеу басталғалы қала әкімі үш рет, қалалық білім беру бөлімінің басшысы күн сайын келуде, — дейді мектеп директоры Гаухартас Бектемірова.

Шаһардағы 853 бала білім алатын қазақ мектебінде қарқынды жұмыс жүріп жатқанымен, әлі де 1-2-қабатында атқарылуы тиіс шаруа шаш-етектен екені байқалады. Мектеп басшысы да ойында «Оқу басталғанға дейін үлгереміз бе?» деген қорқыныш барын жасырмады. Жақында бұл білім ордасына барған Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков өзінің инстаграм парақшасында:

— №35 мектепте жұмысшы тапшылығы және құрылыс материалдарының кешігіп жатқаны анық байқалады. Білім бөліміне бұл мәселе бойынша тікелей жеткізушілермен жұмыс жасауды, сондай-ақ учаскедегі жұмысшылар санын арттыруды тапсырдым, — деп жазған болатын.

Павлодар қаласындағы №15 мектепте бұрын-соңды болмаған күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Екі қабатты білім ордасының іші жаппай жөнделіп, кәріз жүйесі мен электр желі-лері ауыстырылуда. Бұл мақсатқа 250 млн теңге бөлінген. Мектеп директоры Нұргүл Шәкенованың айтуынша, жұмысшы санының аздығы қиындық тудырып отырған көрінеді.

— Жоспар бойынша жөндеу жұмыстарымен 25 адам айналысуы керек еді, бірақ қазір осында 12 адам ғана еңбек етуде. Бүгінгі күні ішкі жөндеу жұмыстарының 60 пайызы аяқталды.

Екінші қабаттағы істер толығымен аяқталды деуге болады. Электр желісі, жылу және кәріз жүйесі жұмыстарының 80-90 пайызы жасалынды. Бастысы, мектеп жаңа оқу жылына дейін дайын болса екен деген тілегім бар, — дейді мектеп директоры. Оның сөзіне қарағанда, бұл білім беру мекемесінің ашылғанына 39 жыл болған. Содан бері бірінші рет күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынуда. Сондай-ақ, бұрын
2-қабатта мүлдем су болмаған. Осы жолы жаңадан су құбыры тартылып, әр сыныпқа қол жууға арналған раковина орнатылуда. Мектеп ауласында жеке орналасқан спорт кешені мен шебер-ханаға да жөндеу жүргізілуде. Ал білім ордасының сырты болашақта жаңартылмақ.

Айта кетерлігі, бүгінде мұнда 0–10-сынып аралығындағы 400 бала оқиды. Оларға 80 мұғалім сабақ береді.

— Бұл мекеме — Павлодар қаласы бойынша ерекше бағдарламамен жұмыс істейтін бір ғана мектеп. Бізде арнайы сыныптар бар. Сөйлеу тілі бұзылған, ақыл-ой кемістігі бар балалардың көбейіп бара жатқаны өкінішті. Мен осыдан 7 жыл бұрын директор болып келгенімде 200 бала ғана бар еді, қазір олардың саны екі еселенді. Осындай балаларға жағдай жасалып жатқаны дұрыс болды, — дейді Нұргүл Шәкенова.

Күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатқан мекеменің бірі – мемлекетік тілде оқытатын №2 жалпы білім беру мектебі. Білім ордасының сырты толығымен қапталып, шатыры жаңартылып, 225 терезе ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстарына 160 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

— Осы күнге дейін жоспар-ланған жұмыстардың 80 пайызы атқарылды. Негізі, жұмыс 4 мамырда басталған, 4 тамызда аяқталуы тиіс еді. Мектептің сырты жөнделіп жатқандықтан ауа райына байланысты 4-5 күндей шаруа тоқтап қалған сәт болды. Сол себепті 15 тамызға дейін созылуы мүмкін. Жалпы, әзірге біздің мектепте жөндеуге қатысты күрделі мәселе жоқ. Материалдар жеткілікті. Жұмыс басында шамамен 25-30 адам еңбек етуде, — дейді мектеп директоры Гүлшекер Белгібаева.

Бұл мектептің іргесі 1965 жылы қаланған. Содан бері қасбетіне алғаш рет күрделі жөндеу жүргізіліп, қапталуда. Ал былтыр мектептің іші, электр желісі жөнделсе, алдыңғы жылы жылу жүйесі жаңартылған.

Облыс орталығындағы жарты ғасырдан астам тарихы бар №18 жалпы орта білім беру мектебінде де күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл білім ордасының 52 жыл бойы ауыс-тырылмаған ағаш жақтаулы әйнек-тері жаппай алынып, орнына алюминий профильді терезелер салынуда.

— Биыл мектебімізде 123 терезе ауыстырылуы тиіс. Қазір 84 әйнек жаңартылды, яғни 70 пайызы бітті. Бұл бағыттағы жұмыстар 17 маусымда басталды, 13 тамызда аяқталуы қажет. Терезелер Шымкенттен әкелінуде. Ол жақтағы баға біздің облыс- пен салыстырғанда арзандау, — дейді мектеп директоры Гүлмира Бергузинова. Оның айтуынша, бұл мақсатқа бюджеттен 141 млн теңге бөлінген.

Бүгінде 1455 оқушы білім алатын үлкен мектепке күрделі жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде. Мәселен, 2021 жылы спорттық стадион салынып, дабыл сигналдары жаңартылса, 2023 жылы жылу жүйесі ауыстырылған. Сонымен қатар, мұнда ағымдағы кешенді жөндеу жұмыстары да қызу жүріп жатқаны байқалады. Болашақта мектептің қасбетін ретке келтіру жоспарлануда.

Осылайша, қаланың қақ ортасында тұрса да, 50-60 жыл бойы мүлдем күрделі жөндеу көрмеген бірқатар мектеп биыл ішінара жаңартылуда. Яғни, бір мектептің қасбеті мен шатыры, кейбірінің іші, енді бірінің терезелері ауыстырылып, жылу, электр, кәріз жүйелері жөнделуде, спорт алаңдары салынуда.

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің сөзіне қарағанда, кейбір мектеп белгіленген мерзімінен кешігуі мүмкін.

— Талап бойынша білім беру мекемелері 15 тамызда жөнделіп тапсырылуы тиіс. Осы мерзімге дейін 8 нысанның жұмысы толық аяқталады деген жоспар бар. Ал қалған 3 нысан 20-25 тамызға дейін тапсырылады деген ойдамын. Себебі, бұл мекемелерде, яғни №15, №21 және №35 мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарының көлемі көп. Мердігерлермен үнемі сөйлесіп, шаруаны уақытылы аяқтауға тырысудамыз, — дейді Қуаныш Қыдыралин. Шаһар әкімі Хасар Хабылбеков те жауапты тұлғаларға қаладағы күрделі жөндеу жүріп жатқан 11 мектептегі жұмыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырған болатын.

Атап өтерлігі, облыс орталығындағы мектептердің тең жарты-сының мердігері — шымкенттік «Алтын LTD» ЖШС. Ал қалған нысан-дардағы жұмыстарды Павлодар, Астана, Петропавл қалаларының мердігерлері қолға алған.

 

Ауыл-аймақтағы ахуал қалай?

Екібастұз қаласындағы мектептерде де күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Шыны керек, шахтерлар шаһарындағы білім ордаларының көбі ескірген. Бүгінде мұндағы 37 мектеп жаңғыртуды, 9 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал ағымдағы жылы 13 білім беру мекемесіне 15 жоба бойынша жалпы сомасы 1 412,4 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Олардың қатарында №2, 10, 11, 12, 17, 21, 23 және Атығай, Бәйет жалпы орта білім беру мектептері, 3 балабақша мен 1 қосымша оқу орталығы бар. Қазір 2 білім беру мекемесінде, яғни Атығай және Бәйет ауылындағы мектептерде жөндеу толық аяқталды. Бірінің терезесі мен шатыры ауыстырылса, енді бірінде жылыту жүйесі мен әйнектері жаңартылды. Өзге білім ордаларында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 3 мектептің шатыры, 4 нысанның терезелері, 2 білім ордасының жылу жүйелері жөнделуде. Сондай-ақ, 1 мектепте ішкі безендіру, 1 мекемеде сумен жабдықтау, 2 мектепте мәжіліс залы мен бассейн толық жаңартылады деп жоспарлануда. Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша, қазіргі таңда жөндеу жұмыс-тарының шамамен 70-80 пайызы аяқталған. Бұл бағыттағы жұмыс барысымен таяуда Екібастұзға іссапармен барған аймақ басшысы Асайын Байханов та танысып, №10 мектепке бас сұққан болатын. Жауапты тұлғаларға бірқатар ескерту айтқан облыс әкімі ендігі кезекте ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек мектептердің жобасын қайта қарауды қатаң тапсырды. Яғни, бала саны көп үлкен мектептерді бірнеше бөлікке бөліп, 5-6 жылдың ішінде бір нысанға орала бергенше, біржола кешенді түрде жөндеу керектігін алға тартты. Расымен де ырың-жырың істелген істің берекесі болмайтыны белгілі. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде Екібастұз мектептеріне қатысты жөндеу жұмыстарының кешеуілдеп жатқаны жайлы жайсыз ақпараттар таратылуда. Жауапты мамандар ауа райына байланысты кестеден бір аптаға кешігу болғанын айтып, жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталатынын мәлім етті.

Атап өтерлігі, екібастұздық ескі мектептердің мәселесі былтыр біздің газетімізде көтерілген еді. Биыл мұндағы мектептерге көбірек көңіл бөлініп жатқаны қуантады.

Ақсу қаласындағы жұмыстар жоспарға сай атқарылуда.  Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұловтың айтуынша, шағын шаһарда биыл небары 2 білім беру мекемесі, яғни 1 мектеп және 1 балабақшада ғана күрделі жөндеу жүргізілуде.

— Біздің қаладағы білім ордаларының жөнделуіне қатысты ешқандай мәселе жоқ. Жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Ағымдағы жылы Қызылжар ауылындағы орта мектептің шатыры жаңартылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 200 758, 369 мың теңге бөлінді. Жұмыс 5 маусымда басталған. Шаруаның жартысынан көбі аяқталды. Жоспар бойынша 5 тамызда аяқталуы тиіс, — дейді Қайрат Смағұлов. Сондай-ақ, ол аталған мектептің 1-қабатында қосымша ағымдағы жөндеу жұмыстары да қолға алынғанын айтты.

Жалпы, биыл аймақ бойынша 35 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі күні 4 білім ордасында, яғни Екібастұз қаласында екі, Ақтоғай мен Аққулыда бір-бір мектептің жұмыстары толығымен аяқталған. Қалған 31 мекемеде түрлі деңгейдегі күрделі жөндеулер үздіксіз жалғасуда.

Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Арман Рахметовтің айтуынша, облыстағы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептердің 18-і ауылдық жерде орналасқан.

— Бүгінде бұл мектептердің шамамен 70-80 пайызы жөнделді деп айтуға болады. Негізі, 15 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ары кетсе, 1 қыркүйекке дейін аяқтауымыз қажет. Оқу басталғанға дейін әлі 1 ай уақыт бар. Мердігерлердің барлығы оған дейін үлгеретінін айтуда. Біз де олармен аптасына 1-2 рет хабарласып, қадағалап отырмыз. Қорқыныш жоқ деп айта аламын, —
дейді.

                              Түйін:

Осылайша, облыстағы күрделі жөндеу жүріп жатқан әр мектептегі жағдай әр түрлі екенін көрдік. Бірінде жоспарға сай жүргізілсе, енді бірінде мерзімінен кешігу байқалады. Бастысы, барлық шаруа білім күніне дейін аяқталып, жөндеу жұмысы сапалы болып, балалар үшін бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржы мақсатты жұмсалса игі!

 Нұржайна ШОДЫР,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.